Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2019

Жасыл экономика: Қазақстанның әлеуеті қандай?

1146 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жасыл» экономика – қазіргі жаһандық қаржы жүйесіндегі үрдістердің бірі. Бұл бағыттың дамуына әлемдік климаттың құбылуы түрткі болғаны белгілі. Тыңнан түрен салған салаға Қазақстан да қатыса бас­тады. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығында әлемнің 26 елінен 250-дей компания жұмыс істеп келеді. Осы шетелдік ұйымдар­дың арасында «жасыл» эконо­микаға инвестиция сал­ған­дар баршылық.

Жасыл экономика: Қазақстанның әлеуеті қандай?

Бұл деректі елордада екін­ші мәрте өткізілген жасыл өсім форумында АХҚО-ның басқа­рушысы Қайрат Келімбетов кел­тірді. Ол келер жылы бірқатар жаңа компаниялармен еселе­нетінін жеткізді. Былтыр қаржы орта­лығының биржасында «Жа­сыл» инвестиция қағидаты бекі­тілді. Жүйелі жұмыстың жолға қойылуымен АХҚО-ның беделі арта түскенін айтты.

– Беделді қаржы орталық­тарының жаһандық рейтингінде «Астана» халық­аралық қаржы орталығы 51-орынға көтерілді. Ал Шығыс Еуропа және Орта­лық Азияда біздің орталық көш­тің басында. Осылайша Нұр-Сұлтан ша­һарында орналасқан АХҚО әлем­дік қаржы жүйесінің картасында таны­малдылыққа ие болды. 2017 жылы Еуро­па қайта құ­ру және даму банкімен бір­ле­­сіп Қазақстанға арналған «жа­сыл» қаржы жүйесінің тұжы­рымдамасын қа­был­дадық. 2018 жылы «жасыл» қаржы бойын­ша АХҚО кеңесі құрылды. Оның мүшелері тұрақты қар­жы­лан­ды­ру ісінің мамандары, үл­кен жиыр­малықтың дең­гейінде мойын­дал­ған сарапшылар бү­гінде ха­лық­ара­лық сарапшы­лармен бірге орталықтың заң­намасы аясында «жасыл» қар­жыландыруға байла­ныс­ты рет­теуші базаны құруға бағыт­тал­­ған жұмыс қолға алынды. Со­нымен қатар «жасыл» қар­жы­­­лан­дыруға байланысты заң­ды жетілдіру үшін Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурс­тар минис­трлігімен де белсенді жұ­мыс жүр­гізіліп жатыр. Жаңа эко­логиялық кодекстің жобасы Пар­ламентте оң қабылданып, оның көмегімен елімізде «жа­сыл» қар­­жыландырумен байланыс­ты көп­те­ген инновациялық жа­ңа­лықтар енгізіледі деген үміт­те­мін, – деді Қ.Келімбетов.

Уақыт өткен сайын жаһандық климат мәселесі ушығып бара жат­қаны мәлім. Осы ретте «жасыл» экономикаға көшу бұл заман­ның бұйрығы деп есептейді Бутан корольдігінің экс-премьер-ми­нистрі Церинг Тобгай.

– Уақыт создырмай бар­лық мем­­лекеттер «жасыл» эконо­ми­каға көшкені абзал. Дү­ние жүзіндегі климаттың күрт өз­­геруі туралы дәлел кел­ті­ру­дің өзі ар­тық. Оны баршамыз сезіп келеміз. Бү­гінде сынап бағанасы әлем бойынша 1 градусқа жоғарылады. Даусыз, бұл алаңдатарлық жағдай. Те­ңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдерде ауа райы 1,5 градусқа дейін көтеріліп жатыр. Бұл ма­­ман­­дардың айтқаны. Мұз­дық­тар­дың еруі теңіз деңгейінің көте­рілуіне алып келеді. Бұған Грен­лан­диядағы мұздықтардың еруі нақты дәлел. Осыған байланысты болашақ ұрпақтың мәсе­лесін қазір­ден бастап ойлан­ғанымыз дұрыс, – деді Ц.Тобгай.

Әлемдегі жылыну мәселесіне Қазақ­стан да бейжай қарап отыр­ған жоқ. Бұл орайда еліміз­дегі жағдайды реформалық дең­гейде реттеудің қарекетін Экология, геология және табиғи ресурс­тар минис­трлігі қолға алмақ. Ведомство басшы­сы Мағ­зұм Мырзағалиев «жасыл» қар­­жы­лан­дыру, жасыл технологияны жаппай дамыту құқықтық шешімсіз қиынға соғатынын айтады. Сол себепті жыл со­ңын­да Парламент мінберінде тал­­қыланатын Эко­ло­гия­­лық кодекс саладағы түйткілді про­бле­малардың шешіл­уі­не сеп болады деп сендірді.

– Биылғы жылдың аяғында заң жобасы Парламентте тал­қы­ланады. Бұл рефор­мада «жасыл» қаржыландыру, «жа­сыл» жобалар ұғымдары енгі­зіл­ді. Қазақстан «жасыл» инвес­тиция тарту бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия да­му банкі, Дүниежүзілік банк сынды ұйымдармен әріп­тестікті жалғастыруға ниетті. Әлемдік тәжірибені ескерсек, эколо­гия­лық мәселелерді шешуде қар­жы тарту қалыпты үрдіс. Қазақ­стан балама шешімдерді қарастырып, бұл бағытта инвестиция тарту ісін жандандырмақ, – деді М.Мырзағалиев.

АХҚО «жасыл» қаржы­лан­ды­ру индустриясын арттыру мақ­са­тында мемле­кеттік және квази­мемлекеттік орган­дар­мен әріп­тестік байланысты орнатқан. Бұл әріптестік аталған нарықта ал­ғаш­қы құнды қағаздарды шы­ғаруға негізделіпті.

– Исламдық қаржыландыру нарығын дамыту үшін құнды «жасыл» қағаздарды, сондай-ақ «жасыл» сукукты шығару ісі қолға алынды. Бұған қоса Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкім­дікте­рімен «жасыл» жобалар пулын қалып­тастыру бойынша белсенді жұмыс жүргі­зілуде, – деді Қ.Келімбетов.

Айта кетейік, Жасыл өсім форумына 300-ден астам отандық және әлемдік қаржыгерлер, эко­­но­мистер, саясаткерлер және бизнес өкілдері жиналды. Биыл­­ғы форумның жұмысы «жасыл» таксономия, зиянды шы­ға­рындылар жә­не жасыл қаржыландыру аясында өрбіді.

Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, ТМД елдері арасында Қазақстан «жасыл» экономикаға алғашқылардың бірі болып көшті. Climate Bonds Initiative ком­паниясының дерегінше, 2019 жылдың алғашқы жартысында «жасыл» құнды қағаз­дардың көлемі 118 млрд АҚШ дол­ларын құраған. Бұл әлемдік на­рық к­апиталының 1%-на жуық­тайды. Соған қа­рамастан, парник газының жыл сайынғы мөлшері азаймай тұр.