Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2019

Жастарды жұмыс істеуге жігерлендіреді

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі қолға бір күрек таппай отырған ауыл жастарына белсенді берекелі жұмыспен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл жайында өңірлік кәсіпкерлер палатасының жергілікті жерде шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдау барысында жан-жақты айтылды.

Жастарды жұмыс істеуге жігерлендіреді

Ел еңсесін көтеруге бағыт­талған игі қадамның қыр-сы­ры талқыланған шараға «Бас­тау» бағдарламасы арқылы оқы­­ған азаматтар мен қаржы инс­титуттарының өкілдері қа­тысты. Сөз арасында 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мем­лекеттік бағдарламасы жүйелі жұмыс істеп жатқанын айта кеткеніміз артық болмас. Бұл бағдарлама ынтасы бар аза­маттарға кәсіпкерлікті үй­ретіп, халықты жұмыспен қам­туға септігін тигізуде. Мәселен, ауыл­дағы бизнесті дамытуға ар­налған субсидиялар мен жылдық үстемесі 5-7 пайыз­дық жеңілдетілген несиелер берілуде.

– Бағдарлама аясында жыл сайын екі мыңға жуық жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдармен жұмыс жүргіземіз, – дейді облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Ти­мур Нақыпбеков, – әрине адам­­дар­дың бәрі бірдей емес, кәсіп­пен айналысуға икемділері де, ыңғайы жоқтары да бар. Бір бай­қағанымыз, ұмтылғандардың кейбіреуі кә­сіп­кер бола алмаса да, жақсы маман болуы әбден мүмкін.

Өткен жылы кәсіпкерлер па­латасының «Бастау» бағдарла­масы аясында 2070 адам бизнес негіздерін оқыса, олардың мың жарымы арнайы бизнес жобаларын қорғап шыққан. 579 адам қазіргі күні өздерінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Демек, осыншама адамның өмірден өз орнын табуға септігі тиген.

Биыл бұл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 3 миллиард 630 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаржы несиелік опера­торларға үлестірілді, 6 пайыз үстемемен бес жылға беріледі. Шын мәнінде ауыл үшін көп-көрім көмек емес пе? Қаражат кәсіпкерлікті да­мытуға, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар сатып алуға жұмсалады. Қазіргі күні жақсылық хабардан құлақтанған ауыл адамдары тырмысып-ақ жатыр.

– Өткен жылы 957 адам ша­ғын несие алып жұмыс іс­теуде, – дейді облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзов, – оның үстіне бір мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Бағдарламаны тиімді пайдалансақ, шағын ауылдардың шырайы кіріп қалар еді.

Жастар жылына орай 18 бен 29 жас аралығындағы жастар үшін «Жас кәсіпкер» атты жаңа жоба қолға алынуда. Бұл ретте ынталы жастарға бизнес негіздері бойынша оқу бағдарламалары ұсынылады. Кейін жобаға қа­тысушыларға жеке кәсібін ашып жүргізу үшін бизнес тренерлер жол сілтеп, жетекшілік ететін бо­­лады. Алдағы уақытта 1270 адамды оқыту межеленіп отыр.

Аталған шара барысында қатысушылар мемлекеттік қол­дау тетігін егжей-тегжейлі әң­гі­мелеп, түсініп, түйсінді. Шал­ғай­дағы шағын ауылдарда қол­дауға зәру жас толқын осындай жа­ңалықтарды естісе, ынталанып алға ұмтылса, ауыл ажары бү­гінгіден де көркейе түсер еді.

 

Ақмола облысы