Руханият • 17 Қыркүйек, 2019

Зағип солист-вокалистердің республикалық конкурсы басталды

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зағип әншілер арасында республикалық конкурс басталды.

Зағип солист-вокалистердің республикалық конкурсы басталды

Байқау Алматы маңындағы  «Спутник» демалыс орнында Қазақ соқырлар қоғамының қаржылай әрі Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасының қолдауымен Садық Кәрімбаевтың туғанына 100, Жақсыгелді Сейіловтың туғанына 70 жыл толуына орай өткізіліп отыр.   

Осы орайда  шығармашыл тұлғалардың өміріне қатысты қысқаша мәліметті ұсына кетпекпіз: Садық Кәрімбаев (1918-1975) – композитор, музыкант-әнші, ақын-жыраулар өмірін зерттеуші, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі (1974). Зағиптығына қарамастан, ол Біржан-сал, Ақан-Сері, Жаяу Мұса, Майра, Естай сияқты ақын-жыраулардың шығармашылығын зерттеп, жұртшылыққа насихаттаған. С. Кәрімбаевтың шығармаларын Қазақстанның халық әртістері –   Р. Бағланова, Б. Төлегенова, Ж. Елебеков, Р. Қойшыбаева және басқа да әртістер өздерінің репертуарына енгізіп, орындаған.

Жақсыкелді Сейілов (1949-1997 жылы), зағип әнші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1990). Әйгілі «Дос-Мұқасан», «Гүлдер» ансамбльдерінің ізімен «Қарақөз» вокал-аспапты ансамблі дүниеге келеді. Оның негізін қалаушы әрі жетекшісі Жақсыгелді Сейілов болды. Оның «Неге солай?», «Айналайын қанатым», «Жезкиік», «Кездесу» және басқа да әндері күні бүгінге дейін ән сүйер қауымның жүрегін жаулап келеді.

Байқауға қатысушылар  мен Қазақ соқырлар қоғамының ардагерлері демалыс үйіне республикамыздан барлық қалаларынан жиналып, жеребе тастау рәсіміне қатысты.

Бүгінде  Қазақ соқыр қоғамы қоғам мүшелері арасында спорт, ән өнері, поэзия және т.б. бойынша тұрақты түрде республикалық, халықаралық сайыстарды өткізуді қайта жандандырып келеді. Осыған орай соңғы екі-үш жылдан бергі аралықта  Алмат Наурызбаев басшылығымен Қазақ соқырлар қоғамы тарапынан мәдени, оңалту, спорт шаралары жиі өткізілетін болды.  Өткен жылы қоғам мүшелері поэзия жанкүйерлерінің республикалық сайысын өткізсе, биылғы байқау үлкен игі шараның жалғасындай.

Байқауға қатысушылар талап бойынша  екі ән, яғни бір ән аталған композиторлардың шығармаларынан, екінші ән өз қалаулары бойынша орындалады.  Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталады. Байқауға қатысудың шығындары Қазақ соқырлар қоғамы тарапынан жабылады.