Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Елбасының елдік жолы

780 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы жиырма төрт жыл бойы елімізде тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға жұмыс істеумен қатар, Қазақстанды демократиялық, құқықтық мемлекет деңгейіне көтеруге негіз болды. Аталған Конституция Елбасының тегеуріні мен пәрменінің арқасында өмірге жолдама алған болатын. Өйткені, сол кезеңде әлі де болса кеңес билігін аңсайтындар баршылық еді. Ал Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Конституциясы тек қана өтпелі кезеңнің конституциясы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар әлі де болса санасы серпіле қоймаған қоғам мүшелерінің кеңестік қалыптасқан дағдыларының нақты болмысын көрсеткен еді. Сондықтан да ол Конституцияның ғұмыры ұзақ болмады. Осы жағдайды саралай білген Елбасы Н.Ә.Назарбаев жаңа Конституцияның қажеттілігін көрегендікпен аңғарып, жаңа Конституцияны қабылдауда бастамашы болды.

Елбасының елдік жолы

Тарихи дәстүрдің жалғасы

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, мемлекеттің іргесін берік қылып, айбынын асырған жол-жоралғылардың барлығы белгілі тұлғалардың атымен байланысты болып келеді. Қазақтың арғы-бергі тарихынан да ондай мысалдарды көптеп кездестіре аламыз. Кезіндегі Қасым хан дәуіріндегі қабылданған заң тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі, ал Есім дәуірінде өңделіп, жаңа сипат пен мазмұнға ие болған қазақтың Жарғы заңы «Есім ханның ескі жолы» деп аталады.

Есім хан кезінде де мемлекеттік билікті күшейту қажеттілігі туындады. Есім бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттің тірегі болып табылатын ескі жарғыны жаңартуды қолға алды. «Есім ханның ескі жолы» ежелден қалыптасқан дәстүрлі жол-жоралғылардың мән-мазмұнын баз қалпында сақтағандықтан, яғни ескі жол сарынын ұстағандықтан солай аталған-ды.

Қасым хан тұсында Қазақ хандығы тұтастай дербестікке ие болып, айбарлы мемлекеттердің санатына көтерілді. Қасым хан тұсында қабылданған заңның да атқарған рөлі ерекше болып табылады. Сондықтан да болар халық жадында ол заңның «Қасым ханның қасқа жолы» деп сақталуы.

Кейінгі Тәуке хан кезінде қабылданған заңдар жүйесі де Қазақ мемлекеттілігін ерекше дамыта түсті. Тәуке хан дәуірі кейбір деректерде «Алтын ғасыр» аталуы сондықтан да болар. Бұл кезең қазақы санада «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған кезең» деген мамыражай заманды елестетеді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сол кезеңде қазақ даласында кеңінен дамыған мұсылмандық құқық пен дәстүрлі құқықтың синтезі іспеттес. «Жеті жарғының» өмірге келуіне Тәуке хан жүргізген салиқалы саясат ерекше ықпал етті. Халық жады соған құрмет ретінде «Жеті жарғы» заңын «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деп осы уақытқа дейін атап келеді. Қазақтың арғы тарихына жүгінетін болсақ, ғұндардың елін алып империяға айналдыруға ықпал еткен Мөде тұсында қабылданған заңды да санамыз «Мөденің заңы» деп түйсінеді. Кейінгі әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысхан заманында қабылданған «Ұлы жасақ» заңы да көшпелі дәстүрден тамыр үзбей, «Шыңғысханның ұлы жасағы» деп аталғаны белгілі. «Ұлы жасақ» заңы тайпалық бытыраңқылықтан бой үзе алмай жүрген моңғол тайпаларын біріктіріп, әлемдік ұлы күшке айналдыруға ықпал етті. Одан әріге бо­йлайтын болсақ, ежелгі Қосөзен аңғарында қабылданған заңдардың бірі де сол кезеңнің ұлы патшасы Хамурапийдің атымен байланысты екендігі де бар­ша­мызға белгілі. Тарихи дәстүрден сабақ ала отыра, қазіргі тәуелсіз еліміздегі қолданыстағы Конституцияның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне бойлап қарай­­тын болсақ, Конституцияны қабыл­даудағы Елбасының қажырлы еңбе­гінің бар екендігін мойындай отыра, біз қолданыстағы Конституцияны Елба­сының атымен байланыстыруға мін­деттіміз. Тарихи ақиқатқа деген ұмтылыс бізді осы ойға жетелейді.

Халық қолдаған Ата Заң

1995 жылдың 22 мамырында «Қазақ­стан Республикасы жаңа Конститу­циясының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сараптамалық- консультативті кеңес туралы» қаулы қабылданды. Бұл қаулыға сәйкес, сараптамалық-консультативтік кеңес құрамына қазақстандық белгілі заңгер ғалымдар Ғ.С.Сапарғалиев, М.К.Сүлейменов, Е.К.Нұрпейісов, В.А.Ким, Ю.В.Басин, А.К.Котов және сол кезеңдерде әртүрлі мемлекеттік қызметтерде жүрген Н.А.Шайкенов, Б.А.Мұхамеджанов, К.А.Колпаков енген болатын. Жоғарыдағы құраммен қатар, келісім бойынша шетелдік сарапшылар да, атап айтқанда: Ресейден белгілі ғалым С.С.Алексеев, кезіндегі Францияның Мемлекеттік Кеңесінің кеңесшісі Жак Аттали, Францияның Конституциялық Кеңесінің төрағасы Роллан Дюма да қатыстырылды. Қазақстандық белгілі заңгерлермен қатар, тәжірибесі мол франциялық мамандардың мұндай үлкен іске тартылуы Конституциямыздың әлемдік деңгейдегі негізгі заңдардан кем болмауына жағдай жасады. Сондықтан да болар, Конституциямыздың әлеуеті өзінің мүмкіндігін әлі сарқа қойған жоқ. Осындайда қазақ «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп қайыры мол іске тілеу тілеп жатушы еді. Конституцияның електен өтіп, өміршең болуында Елбасының осы бір мамандармен келісіп, көрегендік саясат танытуы негіз болды.

Іргелі принциптер үйлесімі

Қолданыстағы Конституцияда көрініс тапқан Елбасы ұсынған жаңашыл­дық­тардың барлығы тарих көрсетіп отырғандай тәуелсіз елімізді мүлдем жаңа деңгейдегі қоғам қалыптастыруға жол ашқан болатын. 1995 жылғы Конс­титуцияда көрініс тапқан халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін пастулаттық нормалардың барлығы Елбасының көрегендігінің арқасында өмірге енді десек, артық айтқандық болмас. Оған Елбасының «Қазақстан жолы» атты еңбегіндегі мына жолдар дәлел болады: «Менің бұл ұсынысым – Республика қызметінің іргелі принциптерін Конс­титуцияның бірінші бабында бекітіп беру қажеттілігі туралы болды. Бұл ұсыныс мені мемлекеттік саясаттың ең негізгі басымдықтары Негізгі Заңда анықталуы тиіс деген пікірге әкелген, өзімнің көп жылдық ой-толғаныстарымның жемісі еді. Менімен бірге жұмыс істеген заңгерлер басында бұған қарсы болды, олар бұл принциптер заңдық қағидаларға жатпайды, ал Декларациядан өзгеше тікелей іс-қимылдың заңдық құжаты болып табылатын Конституцияда ондайлар болмауы керек деп есептеді.

Соған қарамастан, қызу таластардан кейін мен жобаға осы принциптерді қалайда енгіздірттім. Оған жататындар: қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде Республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. 1993 жылғы Конституцияда мұндай принциптер тіптен де болмаған еді, сондықтан ол көп жағдайда мемлекеттің саясатын кездейсоқтық пен болжаусыздыққа ұрындыратын. Іргелі принциптер – бұл біз қандай да болмасын реформаларды іске асырсақ та ең басында таңдап алған жолдан ауытқыттырмайтын бағдарлар болып табылады».

Шын мәнінде, республиканың бола­шақ­тағы негізгі жүрер жолының қағи­да­лық бастамалары анық болуы қажет, сонда ғана ол мемлекет өзінің алдына қойған бағытынан ауытқымай тәуелсіз­дікті ту етіп, мемлекеттілік деген теңіз­ден мүдірмей өтеді. Дамы­ған елдер­дің конституцияларына зер салып қарайтын болсақ, Француз Рес­публикасының 1958 жылы қабылданған Конституциясының преамбуласында республика қағидалары орын алған болатын. Италия Республикасының 1947 жылғы Конституциясының 2-бабында да республиканың даму бағытын көрсететін қағидалар көрініс тапқан. Ондай мысалдарды көптеген дамыған елдердің негізгі заңдарынан көре аламыз.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы жоғарыда айтып өткендей, Елбасының тікелей басшылығымен және ұйытқы болуымен өмірге келген негізгі заң. Белгілі дәрежеде Конституция өзінің тарихи миссиясын орындады деп айтуға болады. Конституциямыз тәуелсіздікті дамытумен қатар, елімізде толыққанды құқықтық, әлеуметтік, демократиялық, зайырлы қоғамды шынайы орнықтыруда құқықтық жүйеміздің негізгі діңгегі болып тұр.

Ұлттық идея – «Мәңгілік ел»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын алғаш рет ортаға салған еді. Содан бері біршама уақыт өтсе де ел ішінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын уағыздау ісі жалғасып келеді. Мұның өзі халықтың бір ту астына бірігіп, жұдырықтай жұмылған ұлт болуға деген арман-ниетінің биік екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, Конституциямыздың 20 жылдығына байланысты өткен жиында Елбасы осы – «Мәңгілік елдің» негізгі тірегі болып табылатын тағы да бір тың ойды ортаға салған болатын, ол – «Ұлы дала елі» деген ұстаным. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – ата-бабамыз сонау ғасырлардан бері аңсап келе жатқан мәңгі мұраттардың бірі. Еліміз тәуелсіздік алып, енді қарқынды дамуға бет бұрған тұста «Мәңгілік ел» идеясын біздің ойымызша конституциялық деңгейде бекіту артық болмас еді. Әрине, біздің Конституциямызда идеологиялық әр алуандылық мойындалады, ал шын мәнінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы белгілі бір идеологиялық ағымның негізіне құралған ұстанымдар емес, бұл бүкіл қазақстандықтардың дамыған мемлекетті құруға деген ұмтылысының көрінісі болып табылады. Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, жасампаз да, қуатты мемлекетті қалыптастырамын деген елдердің барлығы үлкен бір мемлекеттік ұстанымның аясында тоғысып, тізе біріктіріп, еңбек ететін­дігін көреміз. Сондықтан да бізге де С.Торайғыров жырлайтын «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейтін» ел болсын деген ниетпен «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын конституциялық деңгейдегі бағдарға айналдыратын уа­қыт жеткендей. Тәуелсіз мемлекеттің тұғырын биіктеткен, конституциялық қағидаттарын қалыптастырған, ұлт­тық идеологиясын орнықтырған Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев екендігі анық. Ендеше бүгінгі қолданыстағы Конс­титуцияны «Елбасының елдік жолы» деп атасақ болады.

Бақытжан ҚУАНДЫҚОВ,
ҚазҰАУ-дің «Құқық» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, заң ғылымдарының кандидаты,
Думан ҚҰСАЙЫНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының» доценті, заң ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар