Осы орайда жоғары оқу орындарының атқарар ісі де, орны да ерекше. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында бұл туралы бірнеше рет айтылған-ды. Бұл жолғы Жолдауда баға университеттердің саны, қысқартылуы емес, олардың нақты жұмыс нәтижесі тұрғысынан айтылды.
«Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл еліміздегі жоғары оқу орындарындағы қалыптасып отырған нақты көрініс дер едім. Бүгінде еліміздегі жоғары білім сапасының көрсеткіші университеттер санымен емес, оның түлектерінің еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие, яғни жұмысқа орналастырылуымен бағалануы тиіс. Жоғары оқу орындарының ішінде жүргізілетін қаншама ізденіске толы жұмыстар ғана жақсы маман дайындаудың кепілі болмақ.
Уақыттың жоғары талабын сезінбей сапалы маман дайындай алмаймыз. Жолдауда «білім берудің орнына диплом сатумен айналысатын университеттердің бар екені» де айтылды. Әңгіме ертеңгі маманның қолындағы дипломда емес, оның қаншалықты шынайы білім алғанында болуы тиіс екенін ұқтырды.
Президент Жолдауда қай мәселеге болса да оның шешімін табу жолдарын кешенді көтергенін байқадым. Оны қалай түсінеміз? Саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің шешімін жеке-жеке қарау емес, оларға кешенді көзқарас қалыптастыруды алға қойды. Жолдаудың бас жағында экономикалық мәселелерді шешу үшін саяси реформалар өткізу керектігін айтып кетті. Сонымен қатар экономикалық даму үшін әлеуметтік мәселелерді шешу қажеттігін Жолдаудың өн бойына өзек етті. Домбыраның қос ішегіндей екі саланы байланыстыру қаржы бөлумен шектелмейді, әңгіме салалардың дамуына халықтың өзін тартуда болып отыр. Мысалы, орта және шағын бизнесті дамыту үшін үш жылға дейін шағын кәсіпорындардан салық төлеуді, тексеруді алып тастайтын болды. Мұндай қадам әлеуметтік мәселені де қоса шешеді. Кәсіпкерлер салық төлемеген соң, қаржы экономиканың өзінде қалады, екінші жағынан әлеуметтік мәселе шешімін табады. Яғни, кәсібін енді бастаған кәсіпкер тез еңсе түзейді. Жолдау осыған мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент жұмыс істеп жүрген адамдардың Зейнетақы қорында жатқан жиынтық қаржысын үй алуға жұмсауына рұқсат беру керектігін айтты. Жинаған қаржысын үй алуға жұмсаған адамның тұрмысы да түзелмей ме? Бұрын бұл Зейнетақы қорындағы қаржы банк немесе квазимемлекеттік секторлар арқылы белгілі бір экономикалық жобаларға салынатын еді, енді Президент халықтың өзіне тікелей шығу арқылы басқа жол ұсынып отыр. Бұл, біріншіден, әлеуметтік мәселені шешеді, екіншіден, әлгі қаржы бәрібір экономикаға барады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәселелерді шешуде кешенді ұстанымдар көрініп тұр. Бұл ел экономикасының дамуы мен әлеуметтік көркеюдің жолы болады деп сенеміз. Ендігі міндет жұрттың өзінен кері байланыстың болуы, яғни Жолдауда Мемлекет басшысы айтқан істің жүзеге асуына әр қазақстандықтың үлес қосуға ұмтылуында дер едім.
Еркін ӘБІЛ,
Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор