Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Игілік өткенге бас июден басталады

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел ішінде өткеніңмен мақтана бергенше, ертеңгі күніңнің қамын жасаған әлдеқайда қайырлы болмақ деген есті пікірді естіп қалып жүреміз. Дегенмен, бағзы заманда баба­ларыңның кім болғанын, олар құрған қағанаттар пен хандық­тардың өркениет өлкесінде қандай орын алғанын білуге деген құштарлықты қалайша тұншықтырып қоюға болады?!

Игілік өткенге бас июден басталады

Тарихыңнан іліп алған түйір­дей ғибратың болмаса, алдағы күндерімде арман атаулының небір ғажабын іске асырамын деп астамшылыққа бару тым ағаттық болар еді. Мәселен, кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыс ұлық – Алтын Ор­даның 750 жылдық мерейтойын лайықты түрде атап өту керектігіне ерекше мән берді. Бұдан сәл бұрын ел Президенті Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумға қатысқанда Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыруды айрықша тапсырған еді.

Иә, дәл қазіргі уақыт – екі бі­лекті сыбанып, ертеңгі күннің қамы үшін жан аямай еңбек ететін кез. Алайда табан астын­дағы тарихымызды аттап өтіп, жоғалғанымызды іздемесек, өшкенімізді жандыруға ұм­тылмасақ, біздің болашаққа деген көп ісіміздің түбі баянды боларына кім кепілдік берер екен? Ал Президент болса, «Ата-баба аманатына адал болу – бізге сын», деп бұл тақырып төңірегіндегі пікірталасқа қапы­сыз төрелігін айтты.

«Ел – аман, жұрт – тыныш» заманымыз ұзағынан сүйін­дірсе, мемлекетіміздегі шетін мә­се­лелер ретімен шешіле бере­ріне күмән жоқ. Қазірдің өзінде бұл бағыт­тағы жұмыстар­дың жемісін көре баста­дық. Жолдауда айтылғандай, ұстаздар мен мә­дениет саласы қыз­мет­керлері еңбекақы­ларының көтерілуі, жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту, ол көксеген мұраттарды, әсіресе ана тілі­мізді ұлтаралық қатынас тілі дәрежесіне жеткізуді іске асыру жолындағы игі қадамдарды экономикалық тұрғыда даму даңғылына түскен мемлекетіміз назардан тыс қалдырмайды деген сенімдеміз.

Осы орайда, ға­ла­маттығы талас тудырмайтын тарихымызға терең үңіліп, өркениет көшінде тұғыры биік болған даңқты бабаларымызды дүние жүзі мойындайтын дең­гейде ұлықтай алсақ, бұл да мемлекетіміздің әлемдік қоғам­дастық алдындағы абы­рой-беделінің асқақтауына, ке­шегі мен бүгінгісінің тізгі­нін тең ұстаған имиджінің тар­тымдылығы арта түсуіне үлесін аямай қосатын тағылымды іс болмақ.

Думан ӘБДІРАМАНОВ,
«Казцинк» ЖШС ашық тау-кен жұмыстары бойынша бас кенші, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты