Әлем • 18 Қыркүйек, 2019

Үшжақты саммит ортақ іске жұмылдыра ала ма?

224 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркия астанасы Анкарада Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға ба­ғыт­талған «Астана процесінің» кепілгер мемлекеттері – Түркия, Ресей және Иран президенттерінің саммиті өтті. Онда таяуда іске кіріскелі отырған Си­рия­дағы конституциялық комитет жұмысы және басқа да өзекті мәселелер тал­қыланды.

Үшжақты саммит ортақ іске жұмылдыра ала ма?

Игі істің бастауында «Астана процесі» тұр

Форумға Түркия, Ресей және Иран президенттері және аталған мем­лекет­тердің тиісті органдарының басшылары қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ке­зінде Сириядағы дағдарысты реттеу бағытында келіссөздер өткізу ор­ны ретінде біздің елордамызды ұсын­ғаны белгілі. Елбасының бұл баста­масына барлық қатысушы тарап­тар қолдау білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласы келіссөздер жүргізудің тиімді алаңына айнала білді. Бұл келіссөздер халықаралық қоғамдастыққа «Астана процесі» деген атау­мен танымал болды. Нұр-Сұлтанда «Ас­­тана процесінің» 13 раунды өтіп, оның бар­лығы Сирия дағдарысын рет­теу­ге ба­ғыт­талған күш-жігерге зор үлесін қосты.

Осы арада айта кетейік, негізінен аталған үш ел басшыларының Сирия жө­ніндегі саммиттерінің бастауында «Астана процесі» тұр. Өйткені Си­рия­дағы жағдайды тұрақтандыру бағы­тын­дағы келіссөздердің Нұр-Сұлтан­да өтуіне мүдделілік танытқан Түркия, Ресей және Иран елдерінің прези­дент­тері қазақстандық алаңда бас қосып, келіссөздер жүргізгеннен кейін барып үшжақты саммитті өткізуді қолға алды.

Түркия, Ресей және Иран басшы­ларының Сирия дағдарысы жөніндегі саммиті бұған дейін төрт рет өткен. Оларға қысқаша тоқтала кетер болсақ, Ресей-Түркия-Иран үшжақты саммиті алғаш рет 2017 жылдың 22 қарашасында Сочиде болды.

Бұл кездесуде президенттер «Си­рия қоғамының барлық сегменттері өкіл­дерінің қатысуымен кең ауқым­ды сириялық үнқатысуды қолдай­тын­дықтарын» мәлімдеді. Олар сондай-ақ Сирияның егемендігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудың ма­ңыздылығына ерекше тоқтала келіп, экстремистік, террористік ұйымдарды түпкілікті жеңу үшін ынтымақтастықты арттыруға келісті әрі халықаралық қоғамдастықты Сирияны тұрақтандыру процесін қолдауға шақырды.

Бұдан кейін 2018 жылғы 4 сәуірде Анкарада (Түркия), 2018 жылғы 7 қыркүйекте Тегеранда (Иран) және 2019 жылы 14 ақпанда Сочиде (Ресей) өткен үшжақты саммиттерде де тараптар бірлескен құжаттар қабылдап, Сириядағы қақтығысты әскери жолмен шешу мүмкін еместігін, оны тек саяси процесс арқылы шешуге бола­тынын жеткізді. Мәселен, екінші саммитте президенттер халықаралық қоғамдастықты Сирияға гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ базалық инфра­құрылымды тазарту мен қалпына келтіруге және тарихи мұраны сақтауға ықпал етуге шақырды. Ал үшінші саммитте Ресей, Түркия және Иран бас­шы­ларының негізгі тақырыптары Сирияның Идлиб провинциясындағы жағдай және елдегі дағдарысты реттеу процесі болды. Төртінші кездесуде тараптар АҚШ басшылығының Сириядан өз күштерін шығару туралы шешімі орындалса, ол елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін қадам болатынын мәлімдеді әрі Ресей, Түркия және Иран басшылары Сирияның конс­­ти­туциялық комитетін мерзімінен бұрын іске қосуға көмектесуге дайын екендіктерін тағы да растады.

Айта кетейік, осы саммиттерде президенттер «Астана процесінің» маңызын ерекше атап көрсетті. Олардың айтуынша, «Астана процесінің» нәтижесінде Сирияда деэскалация аймағын құру мүмкін болған және ол зорлық-зомбы­лықты азайтуға, босқындар ағынын тоқ­татуға және босқындар мен ел ішіндегі қоныс аударғандардың қауіпсіздігін сақтауға жағдай жасау жұмыстарын бастауға айтарлықтай жол ашқан, ең бастысы Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің тиімді құралы бола білген.

Сирияның аумақтық тұтастығына қол сұғылмайды

Енді Анкарада 2019 жылдың 16 қыр­күйегінде, яғни өткен дүйсенбіде ұйымдастырылған Түркия-Ресей-Иран мемлекеттерінің үшжақты бесінші саммитіне келер болсақ, бұл ауқымды кездесуде де Сирия шиеленістерін реттеудің өзекті бағыттары талқыланды. Жиынның қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында үш мемлекеттің президенттері саммит барысында қозғалған тақырыптар жөнінде айта келіп, Сирияның бүгіні мен келешегіне қатысты өзекті міндеттерге тоқталды.

Брифингте Түркия президенті Сирия­ның болашағы үшін ең үлкен қауіп көзі ретінде «Күрдстан жұмысшылар партиясы» (РКК) және оның Сириядағы бөлімі – YPG/PYD екенін мәлімдей келіп, «Біздің түпкі мақсатымыз – елдің солтүстігінде бейбітшілік дәлізін құру арқылы Сирияның бөлінуіне жол бермеу», деді.

Президент Ердоған сонымен қатар Түркия, Ресей және Иран басшылары «Сирияның аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігін сақтауға қатысты бірдей ұстанымда екенін» жеткізді әрі бұл кездесуде Сирияны саяси тұрғыда реттеуге сенім туғызатын маңызды шешімдер қабылданғанын атады.

Р.Т.Ердоғанның сөзіне қарағанда, Идлибтегі (Сирия) шиеленіс саммиттің басты тақырыптарының біріне айналған, сондай-ақ президенттер бейбітшілікті қамтамасыз ету, босқындардың оралуы үшін жағдай жасау және Сириядағы қақтығыстың орнықты шешімін табу­дың жолдарын талқылаған. Ол провинцияда жүргізіліп жатқан жер үсті және әуе операцияларының нәтижесінде 1000-ға жуық бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген мың адам пана іздеп үйлерінен кетуге мәжбүр болғанын атап өтті.

Жиында президент Р.Т.Ердоған Си­рияның солтүстігінде жаңа гумани­тарлық апаттың және осы елден босқындардың жаңа ағымының алдын алу керектігіне назар аударды. Бұған қоса, ол Түркияның сириялықтардың өз отанына қауіпсіз және ерікті түрде оралуын қамтамасыз ету үшін Ресей, Иран және халықаралық қоғамдастықпен күш біріктіруге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Р.Т.Ердоған Түркия өз отанына оралған сириялықтарды қоныс­тандыру үшін жаңа алаңдар салуға бай­ланысты қажетті жауапкершілікті қабылдауға дайын екенін, Ефраттың шығысындағы бейбіт дәліз босқындар үшін «қауіпсіз баспанаға» айналуы мүмкін екенін айта келіп, «Біз кем дегенде сириялық 2 миллион бауырымызды осы аймаққа орналастыра аламыз деп ойлаймыз. Түркия бас­шысы сонымен қатар Анкара Сирия­ның солтүстігінде құрылатын 450 шақы­рым­дық қауіпсіз аймақта тұрғын үй салуды қалайтынын сөз етті.

Сириядағы жағдайды шешудің болашағы туралы Р.Т.Ердоған саммитте Сирия Конституциялық комитеті қызметінің ерте басталуын қамтамасыз ету туралы шешім қабылданғанын, жақын арада Женевада Конституциялық комитетті құру жұмыстары басталатынын жеткізді. Президент Ердоғанның айтуынша, саммит барысында аймақтағы кепілгер елдердің бейбіт тұрғындары мен әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдау қажет.

Конституциялық комитет толығымен құрылды

Өз кезегінде Иран президенті Хасан Рухани Сирияның Конституциялық комитеті толық құрылғанын, бұл құры­лым Сирияның конституциясын қайта қарау үшін жақын арада өз жұ­мысын бастайтынын айтты. Ол Иран, Түркия және Ресейдің Сирияның тер­ри­ториялық тұтастығы мен унитарлық құрылымы туралы ортақ көзқараста екенін сөз ете келіп, «АҚШ Сириядағы лаңкестерді қолдап, бұл елді бөлуге тырысты. Мұны қабылдауға болмайды», деді. Ол сонымен бірге АҚШ-тың жаулап алынған Сирияның Голан төбелерін Израиль территориясы деп тану туралы шешімін сынады. «АҚШ мұны жасады, бірақ олардың бұған құқығы жоқ. Бұл АҚШ-тың Сирия халқына қаншалықты қатыгездікпен қарайтындығын көрсетеді», деді Иран президенті.
Иран президенті Ирак пен Ливанның Астанадағы бейбітшілік процесіне бақы­лаушы ретінде қатысқанына қанағат­та­нушылық білдірді.

Идлибтегі шиеленісті төмендету басты назарда

Брифингте Ресей президенті В.Путин саммитте Сирия аумағындағы терроризмге қарсы күрес мәселелері жан-жақты талқыланғанына екпін түсірді. «Әл-Каидаға қатысы бар радикалды топтар іс жүзінде бақылауға алған Идлиб аймағындағы жағдай, сөзсіз, үлкен алаңдаушылық тудырады. Әрине біз бұған шыдай алмаймыз, сондықтан біз Ердоған және Рухани мырзалармен Идлибтегі шиеленісті түпкілікті жою мүддесінде бірлесе жұмыс істеуге ке­лістік», деді Ресей басшысы.

Ресей басшысы сондай-ақ сирия- аралық саяси диалогты ілгерілету басым міндеттер қатарына кіретінін, осы мақсатта кепілгер елдердің, сириялық тараптың, сондай-ақ БҰҰ мен аймақтық байқаушылардың қатысуымен тұрақты сараптамалық кездесулер өткізу тәжіри­бесі жалғасатынын, мұндай келіссөз­дер­дің келесі он төртінші раунды қазан айында Нұр-Сұлтанда өтетінін сөз етті.

Ресей басшысының пікірінше, үш елдің дипломаттары Сирия Консти­ту­циялық комитетіне мүшелікке үміткер­лерді және Дамаск пен оппозицияның негізгі жұмыс параметрлерін анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізген.
В.Путин түрік-ресей қатынас­та­рының дамуына да тоқталды. «Түркия президенті Ердоған мырзамен ресей-түрік ынтымақтастығының өзекті мәселелерін қарастырдық, олар біз­дің пікірімізше әртүрлі бағыттарда қарқынды дамуда», деді ол. Ресей президенті мәлімдегендей, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 25 миллиард доллардан асқан, әскери-техникалық байланыстар тереңдей түсуде – түрік қарулы күштерін S-400 «Триумф» жүйелерімен жарақтандыру туралы келісімшарт жасалуда. Жаңа қару-жарақтың болашағы туралы келіссөздер жүріп жатыр.

Саммиттің барлық қатысушылары «Ас­тана процесі» Сириядағы жағдайды ше­шуге арналған келіссөздер үшін тиімді алаң болып саналатынын тағы да рас­тады.

Қорыта айтқанда, «Астана проце­сінен» бастау алған Түркия-Ресей-Иран ел­дерінің үшжақты бесінші саммиті Сирия дағдарысын реттеуде аталған үш елдің бірлескен іс-қимылға жүгінетінін нақтылай түсті. Алда ауқымды мін­деттер тұр. Олардың келешекте қалай еңсерілетінін уақыт көрсетеді. Ал бұл бесінші саммит Сирияның бүгіні мен келешегі үшін жасалған игі қадамдардың бірі болғай.