Қоғам • 18 Қыркүйек, 2019

АИТВ жұқтырғандардың 10 пайызы ем қабылдамайды

652 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі бойынша әлемде АИТВ жұқтырғандардың саны 37 млн-нан асып жығылады. Бұл дерек мұнан да көп болуы ықтимал. Өйткені дауасыз дертке шалдыққандардың бір бөлігі өз ахуа­лынан хабарсыз болып келеді. Оны абайсызда жұқтырған жасөспірімдердің бірқатары ата-анасына өтірік айтуға, жағдайды жасыруға мәжбүр.

АИТВ жұқтырғандардың 10 пайызы ем қабылдамайды

Биылғы 6 айда елімізде АИТВ инфекциясын жұқтырған 1759 жаңа жағдай тіркеліп отыр. Бұл науқастардың 31,6%-ы парен­те­ралды, яғни қан арқылы, 64%-ы жыныстық жолмен вирус жұқтырған. Демек, тағы да осын­шама адам жазылмайтын ауру­дың шеңгеліне түсті деген сөз.

Әрине, мамандар түрлі шараларды жасап жатыр. Алай­да, дәл осы дерттен сақтан­у­да көп жағдайда адамға өзінен басқа ешкім жақсылық жасай алмайды. Бұл ауру ендігі жерде моральдық тұрғыда азғын­да­ған жандарға жіберілген жарат­қанның жазасы еместігіне жұрт­тың көзі жетсе де, қоғам осал адамдарсыз болмайтынын да ұмытпау керек.

Осы арада Алматы қаласы мен Алматы облы­сында АИТВ-ахуалды жас­­тарға арналған алғашқы ресурс­тық орталық жұмысын баста­ға­нын айта кеткен жөн. Орталық АИТВ-ахуалды жастар мен АИТВ жұқ­тыруға бейім осал топтарды психо­әлеуметтік тұрғыда қол­дау­ды күшейтіп, әрекеттерді жұ­мыл­дыра түсу үшін Қазақ дерма­то­логия және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының базасында ашылды. Аталған орталықта психолог-мамандар жастарға өз диагнозын қабылдауға, осы дертпен өмір сүруге бейімделуге, өздеріндей жан­дармен өзара көмек тобына қатысуға, «тең теңіне» қа­ғи­­даты бойынша кеңес алуға мүм­кіндік береді. Ресурстық орта­лық инфекцияның алдын алу үшін және дұрыс мінез-құлықты дәріптеу жолында барлық жастармен жұмыс істейді.

Бұл мәселеде қиын­ның қиыны – қайғылы жағдайға жол бермеу үшін, ата-аналарға баласының осы дертке ұшы­ра­ғанын жеткізу. АИТВ жұқ­тырған жастардың әке-шешесі мен жақындарына мамандардың кеңесі мен қолдауы ауадай қажет. Өйткені өркениетті қоғамның өзі де бұл инфекцияға қатысты бір кезде қоғамда қа­лып­тасқан теріс түсініктер мен кемсітуден арылған жоқ. Сон­дық­тан ата-аналардың басым көпшілігі АИТВ инфекциясынан бөлек, басқа ауруларды ойлап тауып, нағыз диагнозы бойынша ауруын балалардан жасыруға мәжбүр болады.

– АИТВ жұқтырған жас­­өспірімдер мен жастарға дұрыс адами қарым-қатынас, ортақ белсенділік, психологиялық қолдау қажет. Көктемде респуб­ли­калық көш­бас­шы­лық­тың мектебін өткізген кезде осыған тағы да көз жеткіздік. Бала­лардың өздеріне деген сенімі артты. Құлшыныс пайда болды, өмірлік жоспарлары айқын­далды, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық ауру­лар ғылыми орталығының дирек­торы Бауыржан Байсеркин.

23 799 адам тіркелген

Оған қарамастан, АИТВ инфек­циясының таралуын ауыз­­дықтаудың, жағдайды бақы­лау­дың жалғыз жолы – алдын алу. Мәселен, Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққандардың 10%-ы анти­ретровирустық терапия қабыл­да­майды. Бір жағынан, бұл – олардың өз таңдауы.

Қазір Қазақстанда АИТВ инфекциясымен өмір сүріп жүрген 23 799 адам бар. АИТВ-ахуалды адам өз денсаулығын қалыпты жағ­дайда ұстап, вирустың залалын азайту үшін күнделікті терапияны ала отырып, толық өмір сүре алады.

Қазақстандағы ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресудің жаһан­дық қоры грантын жүзеге асыру тобы жобасының ұлт­тық үйлестірушісі Татьяна Давлет­галиеваның айтуынша, АИТВ-ның зиянын азайту үшін бұл вируспен бастапқы кезеңде күресу және алдын алу жұмыстарын жүргізу аса ма­ңыз­ды.

Барлық жүргізілетін алдын алу жұмыстары ДДҰ ұсынысы бойынша қадағаланады. Елімізде сенім пункттері жұмыс істейді, онда АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері жөнінде түрлі кеңес беріледі. Ақпараттық-білім беру материалдары ұсынылады, АИТВ-ға экспресс-тестілеу жүр­гі­зіледі және шприцтер алмасу жүзеге асырылады. Ең бастысы, әркім дер кезінде емдеуді бастау үшін өзінің АИТВ статусын білуі тиіс.

Дүниеге дені сау бала әкеле ала ма?

Ендігі жерде АИТВ созыл­малы дерт ретінде қарастыры­ла­тынын да ұмытпаған жөн. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ел қатарлы еңбек етіп, дені сау бала туып, бақытты бола алады. Оларды дені сау адамдардан ажырататын жалғыз нәрсе, олар өмір бойы антиретровирустық терапияны қабылдаулары қажет. 1998 жылдан бері Қазақстанда бұл ем тегін беріледі. АИТВ жұқ­тырғандардың 10%-ы ғана ан­тиретровирустық тера­пия­ны қа­былдамайды және бұл көп­теген елдерге қара­ған­да тө­мен көрсеткіш емес. Мыса­лы,­ 2018 жылғы мәліметт­ерге сүйен­сек, ресейлік АИТВ жұқ­тыр­ғандардың жартысына жуығы, яғни 40%-ы анти­ре­тр­ов­и­русқа қарсы ем алмайды.

Ал АИТВ-ахуалды әйелдер дені сау баланы дүниеге әкелуі әбден мүмкін. Анадан балаға инфекция үш жағдайда беріледі: жүктілік кезінде, босану кезінде және баласын емізген кезде. Дегенмен АИТВ-ахуалымен жүкті болған әйелдерге алдын алу шараларын тиімді жүргізгеннің нәтижесінде дені сау балалар дүниеге келеді.

Ерекше белгілері жоқ

Бұл дерттің ерекше белгілері жоқ. Оны сыртқы белгілер арқылы анықтау мүмкін емес. Тіпті симптомдарсыз өтуі мүмкін. Есесіне иммунитет біртіндеп, жылдар бойы әлсірей береді. Сондықтан АИТВ инфекциясы көпжылдық, аз симптомды ағымындағы «баяу» вирустық инфекциялар тобына жатады. Ағзада вирус бар-жоғын білудің жалғыз сенімді жолы – АИТВ-ға тест тапсыру.

Өкінішке қарай кез келген ақпарат қолжетімді заманда әлі де АИТВ-ны ауа арқылы жұғуы мүмкін деп ойлайтын адамдар бар. АИТВ ауа, тамшы, су және тұрмыстық жолмен берілмейді. Тіпті вирустың таралуына қан сорғыш жәндіктер де қатыспайды.

Қысқасы, АИТВ-ны ауыз­­дықтау үшін вирусты ерте анық­­тауға бағыт­тал­ған жұ­мыс­тар жалғасып жатыр. Алайда, ма­мандардың басты міндеті – ел тұрғындарының 90%-ы өз мәртебесін білуі қажет. Сон­да ғана біз ерте ме, кеш пе осы вирусты бір рет және мәңгілікке жоя аламыз. Бүгінгі таңда Қа­зақ­станда өзінің АИТВ статусын білгендер саны 76%-ды құрайды. Демек, қалған өз ахуалынан хабарсыз науқастардың 24%-ы басқа­ларға вирус жұқтыру қау­пін жоға­рылата түседі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда АИТВ инфекциясы індеті шо­ғыр­лану сатысында тұр. Халық арасында АИТВ-ның таралуы 0,1%-дан аспайды.

Есепке алуда қандай қиындықтар бар?

АИТВ статусымен өмір сүріп жатқандардың жасы негізінен 15-49 жас аралығында. Ауру жұқтырған зейнеткерлік жастағы адамдар да жоқ емес. Бұл – дер кезінде емін бастамаған немесе егде жасқа дейін өз ахуалын білмей келгендер. Зиянды төмендету бағдарламасын табысты іске асыру инъекциялық есірткіні қолданған кезде АИТВ инфекциясының қан арқылы берілу үлесін төмендетуге мүмкіндік берді. Алдын алу бағдарламаларына үкіметтік емес сектор белсенді тартылады. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтар ҮЕҰ-мен бірлесіп халық арасында саламатты өмір салтын, жыныстық мәдениетті, нашақорлықпен күресті насихаттайтын түрлі бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырады.

Не десек те, әрбір адам өз денсаулығына жауапты, сон­дықтан тәуекел фактор­ла­рын басқарудың алдын алу және жүйелі тәсілі маңызды. Био­технологиялар мен фар­ма­ко­ло­гия­ның дамуына қарамастан, осы аурумен күрестің түпкілікті құралы табылмағандықтан, әзір­ге мамандарға қалған бір­ден-бір пәрменді құрал – ха­лықты ағарту және ақпа­рат­тандыру болып саналады. Әлемдік деңгейде АИТВ ин­фекциясының тара­луын ба­қылаудың ең тиімді шарасы емдеу және алдын алу іс-шара­ларының үйлесімі екенін ұмыт­паған абзал.

АЛМАТЫ