Әлем • 18 Қыркүйек, 2019

Жапонияның қағаз жасау технологиясы несімен ерекше?

1140 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 10 қаңтарында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын көлемді Жолдауын жариялады. Еліміз үшін маңызы зор осы бағдарламада «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» деген еді. Біртұтас ұлт дегеніміз ынтымағы жарасқан ел ғана емес, төл мәдени құндылықтарын қастерлейтін, заманауи даму жолында өзіндік ұстанымы бар ұлт. Ұлттық тұтастығын ойлайтын халық әрдайым төл өнімдеріне басымдық береді және өнім өндіру ісінде де ұлттық құндылықтарды жоғары қояды. Осы тұрғыда ұлттық бірегейлігімен әлем жұртшылығын өзіне қаратқан жапон халқын мысалға келтірсек. Мәселен, қағазды алайықшы. Қағаз адамзат баласына ортақ дүние болғанмен, әрқайсымыз күн сайын көріп жүрген қарапайым парақтарды жапондар ұлттық құндылық санатына жатқызады екен. Дамудың биік шыңына жеткен ел бола тұра Күншығыс халқы өзінің ұлттық қағазы вашидің көне замандағы технологиясын, яғни қолмен жасау әдістерін әлі күнге сақтап отыр.

Жапонияның қағаз жасау технологиясы несімен ерекше?

Жапон қағазы қалай жасалады?

Алдымен вашидің жасалу амалына мән берейік. Ваши қағазын алу үшін қарашаның соңы мен қаңтардың басы аралығында ұзындығы бірдей коудзо сабағын (тұт ағашының түрі) жинап, буады. Коудзо қабығы үш қабаттан тұрады. Сыртқысы курокава, ортаңғы жасылы надзэкава және ішкі ақ бөлігі широкава аталады. Ағаштың бұтақтарын кошики деген бөшкенің ішіне салып, 3-4 сағат булайды. Қабықты суымай тұрып сабағынан аршиды. Содан соң күнге жайып кептіріп, бір тәулік өзенге немесе ағын суға малып қояды. Бұл оның сыртқы қабаты сылыну үшін керек. Такурико деген құралмен қабықтың сыртқы қабатын сылып, ішкісін қалдырады. Бұл ақ қабат. Сылынып алынған сыртқы қабатынан хассаки деген қағаз жасайды.

Бұдан соң ақ қабатты сода езіндісінде 2-3 сағат қайнатады. Сонда қабықтың талшықтары жұмсарып, құрамындағы артық элементтер ағып кетеді. Содан кейін қабықты тағы бір тәулік суға малады. Содадан арылған қабықты күн көзіне қояды. Жапон қағазының ерекшелігі сонда, вашидің қай түрі болса да, жасау кезінде химикаттар пайдаланбайды, табиғи таза қалпы сақталады. Сондықтан жапон қағазы күн көзінде жатса да сарғаймайды, керісінше ультракүлгін сәулелердің әсерінен ағара түседі. Бұдан соң қабықтың бүлінген талшықтары мен ластанған бөлігі болса қолмен тазалайды. Қағаз жасаушы мұны істемесе, өнім сапасыз болып шығады, сондықтан жапондар бұл іске де ұқыптылықпен қарайды.

Жыңғыл таяқпен шикізатты тал­шықтары жұмсарғанша сабап, станоктың ішіне салып, су құйып, батат үгіндісін қосып, араластырады. Нәтижесінде сэнсуй деген қою масса шығады. Сэнсуйды ағаш діңгекке салып, бірнеше қайтара жаяды. Сүзгіден өткен шикізатты арнайы төсеніштің үстіне қояды. Осылайша шикі қағаздағы су тәулік бойы ағып, құрғауы керек. Арнайы пресс пен домкраттың көмегімен қағаздың суын сығады. Қа­ғаз бастырылған күйі бір тәулік тұруы керек. Бір күн өткенде престелген қағаздың парақтарын талдап бөліп, арнайы панельге керіп тастайды. Қалың қағаз қажет болса парақтарды қос-қостан біріктіреді. Содан соң қағазды күн көзіне қояды. Жапон қағазы осындай ауыр қол еңбегінің нәтижесінде дайын болады екен.

«Бөтен елдің қағазы тез жыртылады»

Жапонияда қағаз жасау технология­сы туралы деректер VІІ ғасырға тән. Ежелгі заманда жапондар қағаз жасауға қарасора, коудзо, гампи, мицумата (қағаз бұтасы) тәрізді өсімдіктерді пайдаланған. Жапониядағы қағаз өндірісінің түпкі бас­тауында Будда әулиесі Дончйоу тұр. Ол алғашқы бояу құралдарын жасаған тарихи тұлға. Күншығыс елінде 1300 жыл бұрын қағаз жасау технологиясы жүзеге асқаны туралы деректер «Нихоншйоки», «Нихонги» көне кітаптарында кездеседі. «Нихоншйокиде» Дончойудың диірмен тасын алғаш жасаған ұста екені туралы да мәліметтер бар.

Жапониядағы қағаз тарихы туралы айтқанда коудзо мен қарасора талшықтарын қағаз жасауға пайдалану керектігін көрсеткен Шйоутокутайши ел көсемі еске түседі. Жапон жазуының атасы Шйоутокутайши заманында гортензиядан (жапон гүлі) алынатын нэри сұйықтығы қағаз өндірісінде пайдаланылған. Хэйан дәуірінде, Сага императордың кезінде Камиягава өзенінің жағасында қағаз кәсіпорны құрылып, әдемі өрнекті, түрлі-түсті қағаздар ел аумағына таралып, Таң мемлекетіне де жеткізілген. «Гэндзи моногатари», «Макураносоуши» тарихи кітаптарында аталған мекеменің қағазына қатысты мадақ сөздер бар. Жапондардың ұлттық қағаз түрін қол­дану үрдісін әспеттейтіні ежелгі дәуір­дегі әдеби туындыларынан танылады. «Гэндзи моногатари» повесінде «Бөтен елдің қағазы тез жыртылады» деп жазылған. Бұл ежелгі Күншығыс елінде ұлттық қағаз ғана пайдаланылғанын білдірсе керек.

Жұқа да берік ваши

Коудзодан коудзоши деп аталатын жұмсақ әрі тығыз қағаз жасалса, мицуматадан жылтыр қағаз алынған. Бүгінгі заманға жеткен жапондық қағаз өндіру технологиясында ең көп таралғаны ваши қағазы. Ваши мицумата, гампи өсімдіктерінен алынады. Вашидің де түр-түрі бар. Мысалы, бамбук, күріш, т.б. дәнді дақылдардың сабанын өңдеу арқылы жасалатын қағазды «күріш қағазы» атап жүр. Жоғары сапалы ваши оңайлықпен жыртылмайды, су өткізбейді, ақ қалпын сақтайтын, тығыз. Ваши ерте дәуірлерде хат жазуға, оригами үшін және жылжымалы шйоудзи есіктерін жасауға пайдаланылған. Вашиден киім тігіп, миокури шаш сәндейтін әшекей бұйымдарын да жасаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ваши «фусэмбакудан» аэростат бомбалаушының сыртқы қабығы үшін пайдаланылған. Қазіргі заманда ваши жазу өнері каллиграфияда кеңінен қолданылады.

Ваши қағазын жарыққа ұстаса талшықтарының тығыз тоқылғаны байқалады. Қағаздың талшықтары неғұрлым ұзын болса, соғұрлым тығыз келеді. Коудзоши талшықтарының ұзындығы 10 мм, ал гампи, мицумата талшықтары – 5 мм. Ваши жұқа болғанына қарамастан өте берік.

Жапонияда қағаз өндіру технологиясында кеңінен қолданылған әдістің бірі нагашидзуки, көне Нара кезеңінде қолөнершілер айналысқан. Будда сутраларын қағазға түсіріп, ғибадатханаларға орналастыру да көп қағазды қажет еткен. Жапонияның әр өңірінде шеберлер коудзо бұтасынан осындай қағаздар жасаумен айналысқан. Будда сутралары басылған қағазы бар әйгілі «Хякуманто дарани» ағаш пагодасы да осы кезеңде жасалыпты. Бұл сутралар әлемдегі ең алғашқы жазу басылған қағаз болып есептеледі.

Хэйан дәуірінде романдар мен өлең­дер түрлі-түсті оюлармен безендірілген қағазға басылған. Байырғы әдеби шығар­малар таңбаланған қағаздар негізінен мурасаки (күлгін), ай (көк), бэни (кү­рең) деген бояу түрлерімен боялған. Жапон мұражайлары мен ғибадат үйле­рінде әдемі оюлармен өрнектеліп, алтын, күміс ұнтақтармен бедерленген қағаздарға таңбаланған көне аңыз-жырлар сақтаулы. Эдо дәуірінде (1603-1867) тараған каварабан газеттері мен укийоэ плакаттары да қағаздың жапон жерінде ежелгі заманда кеңінен пайдаланғанын көрсетеді.

Бүгінде жапон ұлттық қағазы барлық салада кеңінен қолданылады десек, артық айтқандық емес. Жиһаздар мен тұрмыстық заттардың заманға сай түрлері көптеп шыққанына қарамастан, жапон үйіндегі жылжымалы фусума, шйоудзи есіктерін жасауда ваши қағазы пайдаланылуда. Ваши қағазы толығымен табиғи болғандықтан адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиянсыз. Құрамында химиялық жасанды заттары бар кез келген өнім экологиялық тұрғыдан азды-көпті зияны бар екені белгілі. Жапондар осыны ескеріп, үйде пластикалық емес, ұлттық қағаз вашиден жасалған есіктерді орнатқан. Шйоудзи есігінің негізі осындай табиғи қағаз болғандықтан, үй ішіне күн сәулесі еркін түседі.

Қағаз – ұлт мәдениетінің айшығы

2014 жылы ЮНЕСКО-ның мате­риалдық емес мәдени мұралар тізіміне сэкишюбанши (Шиманэ префектурасы), хонминоши (Гифу префектурасы), хосокаваши (Сайтама префектурасы) деп аталатын қағаздың үш түрі енгізілді. Ваши қағазының бас орталығы Гифу префектурасы саналады. Мұнда негізінен хонминоши қағазы өндіріледі. Шиманэ префектурасында сэкишюбанши қағазы жасалса, Сайтамада қағаздың хосокаваши деген түрі бар. Фукуи префектурасының қағазы ежелгі заманда мемлекеттік ресми іс-қағаздарға пайдаланылған. Коучи префектурасында шығатын қағаз тосаши деп аталады.

Қағаз жасаудың жапондық технологиясында ең бастысы таза су екені белгілі. Аталған өңірлер ерекше тұнық суымен ерекшеленеді. Фукуи префектурасында қағаздың Ана піріне табынып, арнайы ғұрыптық шаралар өткізіледі. Осы өлкеде Қағаз піріне арналған ғибадатхана ашылған. Жапондар ваши қағазының қанша ғасыр өтсе де сапасы жоғалмай сақталуы мен әлемге таралғаны үшін Қағаз піріне арналған ғұрыптық шараларға үлкен мән береді.

Қағаздың ұлттық таным тұрғысынан мәні ерекше. Мысалы, Хоншю аралының солтүстігіндегі Тоухоку өлкесіндегі мөңке балық бейнесіндегі қағаз әшекейді жаңа жыл қарсаңында ғибадатханаларға ілу дәстүрге айналған. Сондай-ақ дәс­түрлі батпырауық ұшыру мейрамына тако жасауға, шілдедегі танабата мере­кесінде, карутатори, сугороку ойындарына пайдаланылады. Мидзухикиден жасалған тырна пішінін мерекелік дастарқаннан көруге болады. Сондай-ақ Эдо дәуіріндегі эсугороку ойын карталары да вашиден жасалған. Эсугорокудың кейбір түрлері Жапонияның қағаз мұражайында сақтаулы. Ал «Әуе батпырауықтары» музейінде вашиден жасаған жеңіл батпырауықтың көптеген түрлері бар. Жапонның учива желпуішін жасауға да ваши қағазы пайдаланылады.

Ваши қағаздары укийоэ гравюраларында кеңінен қолданылуда. Суретшілер вашидің сияны жақсы сіңіретін қасиетін бағалайды. Ваши қол еңбегі арқылы пайда болатындықтан, жапон қағаз өндірісінде соған сай құралдары бола­ды. Эчидзэнваши қағазын шыға­ратын Фукуи префектурасындағы «Йоши­даясашимоно» шеберханасын­да ваши құралдары жүз жылдан бері жасалуда. Бұл шеберхананы атакә­сіпті жалғастырушы Йошида Минору басқарады. Шеберханада сукигэта ағаш рамасы жасалады. Жапон ше­бері сапалы рамалар шығу үшін көп жыл еңбектену қажеттігін айтады. Шеберхана басшысының ұлы Киучи Масакидің айтуынша, ол өзінің кәсібін тастап, атадан балаға мұра болып жеткен қағазға арналған құралдар шеберханасы құрдымға кетпес үшін осы жұмысты жалғастыруда.

Ваши қағазының ою-өрнектермен безендірілген түрі эдокараками деп аталады. Қағазға ою түсіру әдістері де ежелгі заманнан қалыптасқан. Янаги Томоко есімді суретші эдокараками қағазын әлемге таныту жолында еңбек етіп жүр. Ол эдокараками көрмесін Италияда өткізген. Осылайша эдокараками қағазы шетелге таныла бастады. Еуропалықтар жапон суретшісіне эдокаракамиден әсем безендірілген сәндік төбелер жасауға тапсырыс берген. Алтын бүріккен, түрлі-түсті оюмен безендірілген жапон қағазы шетелдіктер тарапынан осылайша сұранысқа ие.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген хонминоши қағазы Гифу префектурасының Мино аймағында шығарылады. Бұл өңірде қағаз өндірудің 1300 жылдық тарихы бар. Нагара өзенінің мөлдір тұнық суы мен коудзо бұталарын пайдалану арқылы алынатын қағаз жоғары сапасымен ерекшеленеді. Мино қағазы аппақ әрі жұмсақ болуымен қатар берік. Минода көктем туа қызғылт қағаздан ойылған сакура гүлін ханамикоши платформасында алып өтеді. Бұл мерекеде барлығы отызға жуық ханамикоши платформасын көруге болады.

Күздегі «Акари» көрмесінде дәстүрлі қағаздан жасалған жарқыраған шамдар жанады. Қағаз шамнан төгілген сәуле көшелерді жарыққа бөлейді. Көрме кезінде вашиден жасалған алуан түрлі бұйымдарды тамашалауға болады. Минода орамал, шұлықтарға дейін ваши дәстүрлі қағазынан тоқылады. Мино қаласы ваши қағазының отаны болғандықтан бұл өңірдің тұрғындары қағазды айрықша қастерлейді. Ваши қағазынан жасалған қолөнер бұйымдары көп. Минода сондай-ақ алыс аймаққа хат жібергенде ваши қағазына хош иісті ағаш ұнтақтарын орап, салып жібереді. Мұндай жұпар иісті қалташалар фумико деп аталады.

Жапонияда бамбук шеңберге жап­сырылған ваши шамдарын көп кез­дес­тіреміз. Чйоучин деп аталатын қағаз шамдар оңай жиналуымен ерекше. Көне үлгісін сақтаған чйоучин шамдары ғұрыптық мерекелерде де қолданылады. Жапон дизайнерлері чйоучин шамдарының түр-түрін шығаруда. Ногучи Исаму есімді жапон дизайнері «Акари» деп аталатын сәндік шамның екі жүзден астам түрін жасаған.

Жапонияда қағаз жасайтын кәсіп­ор­ын­­дар тарихы ежелгі дәуірден бас­тау алады. Мысалы, «Сугихара шйотэн» компаниясын бүгінде әйгілі қағаз жасаушы шебердің оныншы ұрпағы басқаруда. Шетелдіктер жапон қағазының қолмен, ежелгі әдістерді сақтай отырып жасалу ерекшелігін бағалайды. Еуропа елдерінің қағаз жасау технологиясының тарихы жапон қағазымен байланыс­ты. ХІІ ғасырдағы еуропалықтар мақтадан қағаз өндіргенде тамэдзуки технологиясын пайдаланған. Ал голландиялық суретші Рембрандт ваши қағазын гравюраларында пайдаланған. Сондай-ақ жапон қағазы испан суретшісі Пабло Пикассо мен ХХ ғасырдағы даңқты тұлғалардың бірі Марк Шагалды тәнті еткен. Жапон қағазы Ватикан қабырғасындағы суреттерді қалпына келтіруде пайдаланылды.

Жапон ғылыми инновациясындағы қағаздың рөлі

Дәстүрлі жапон қағаздары ауыл шаруашылығы ғылымында қол­да­нысқа ие. Жапонияның бау-бақ­ша­ла­рында түрлі-түсті қағаз қал­та­шалармен қапталған алма, алмұрт, т.б. жемістерді көреміз. Әр жемістің қалташасы ерекше әдіспен жасалған, құрамы да бөлек-бөлек. Алманың қалташасын «Шибатаякакоши» компаниясы шығарады. Жапон жеміс-жидек шаруашылықтары ваши қаға­зынан жасалған қалташаларды пайда­ланғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл қалтшалар пісу мерзімі таяған жемісті желден, жаңбырдан және зиянкес жәндіктерден қорғау үшін жасалған. Қалташаларды жемістерге кигізу мерзімі де әртүрлі. Мысалы, алма пісуге бір ай қалғанда осындай арнайы қағазға оралады. Ал мангоға қағаз қалташа піскен жеміс жерге түсіп бұзылмауы үшін кигізіледі.

2

Токио ауылшаруашылық универ­ситетінің профессоры Исогай Акира целлюлозаның наноталшықтарын жасау жолында әлемдік деңгейде жаңалық ашты. Исогай ойлап тапқан целлюлозалық наноталшық темірден бес есе берік және бес есе жеңіл екен. Оның құрамында мол мөлшерде металл иондары бар. Ауыл шаруашылығы ғылымындағы осы жаңалықтың нә­тижесінде сасық иісті үш есе көп со­ратын қағаз жөргектер мен сиясы біркел­кі түсетін қаламдар жасалды. Цел­люлозалы наноталшықтар арқылы «Мицубиши» қаламдарымен жазу жазғанда сия қағаз бетіне үнемді түрде біркелкі түседі. Наноталшықтарды ұшақ, көлік құрастыру ісінде пайдалануға болады. Бұл қоршаған ортаның сақталуы үшін аса маңызды, ағаш сүрегін қайта өңдеп пайдаланудың тиімділігін де осыдан көреміз. Осылайша мыңдаған жылдар бойы пайдаланып келген қағаз өндіру технологиясы жаңа дәуірде де заманауи инновациямен ұштасуда.

Жапонияда қағазды машина құ­растыруда да пайдаланылады. Көліктің автоматты өткізгіш қорабында қозғалт­қыш энергиясы берілетін болат диск бар. Осы дисктер қағаздан жасалған фрикционды материалмен көмкерілген. Бұл материал майды жақсы сіңіріп, жылуды ұстамайды. Дисктер тозбайтындықтан оны пайдалану мерзімі көліктің пайдалану мерзімінен де ұзақ болады.

Жапонияда санитарлық заттар­ды жасауда дәстүрлі қағаздың ер­ек­­­­ше түрі пайдаланылады. Сә­би жөр­гек­тері, гигиеналық майлық­тар, т.б. құралдардан өзге ешбір елде кез­дес­пейтін озық жапон техноло­гия­сы­ның белгісі білі­неді. Санитарлық мақсатта пайдаланатын қағаз суға сал­ғанда лезде еріп, із қалдырмайды. «Па­пилия» кәсіп­орнында өндірілетін қағаз санитарлық мақсаттардан бөлек өзенге қағаз ойын­шықтар ағызу рә­сімінде, бақшада дақыл егу кезінде пай­даланылады. Бау-бақша егу кезінде дән салынған қағаз қалташаларды қазылған топырақ астына салып кө­меді. Ылғал топырақ астына түскен ерігіш қағаз жойылып, дақыл ғана қалады. Бұл қоршаған ортаның лас­танбауы, адам энергиясының артық шығындалмауы үшін және табиғи қағазды үнемдеуде өте тиімді әдіс.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы