Экспедицияның ғылыми топ құрамында белгілі ілиястанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов, журналист Гүлжан Тұрсын, Талдықорғандағы І.Жансүгіровтің әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенқызы және осы жолдардың авторы бар. Экспедиция мүшелері Мәскеу қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің өмір жолына, әдеби-мәдени қызметіне қатысты тарихи нысандарды аралап, танысып шықты. Сонымен қатар РФ Мемлекеттік кітапханасы мен Ресейдің Мемлекеттік Әдебиет және өнер архивінде болып, қоржынымызды мол қазынаға толтырдық.
Мәскеудегі РФ Мемлекеттік архивінің қорында (ГАРФ) жұмыс істеп, тарихи құжаттарды тауып отырмыз. Ұзын саны – 73 құжат. Студент Ілияс Жансүгіровтің оқу үлгеріміне қатысты құжаттар. № 5214, 7668 қорлармен жұмыс істеп отырғанымызда «Еңбекші Қазақ» газеті редакциясының жазған хатын кездестірдік. Тарихи құжатта:
«На Ваш № Б/4730 сообщаем, что наша редакция летом в достаточной степени обслуживается своими же работниками-сотрудниками, ввиду чего нет особой необходимости в практикантах.
Однако с этим редакция «Энбекши-Казах» просит Отдел Печати откомандировать т. Джансугурова Ильяса, окончивающего в этом году ГИЖ, для постоянной работы в наше распоряжение.
Просьба о результате нашей просьбы уведомить» деп жазылған. Журналистика институтына жазылған бұл хатқа газеттің сол кездегі редакторының орынбасары Шаймерден Тоқжігітов, хатшы Әбдірахман Айсарин қол қойыпты. 1928 жылдың 7 сәуірінде жазылған бұл хат Қызылорда қаласынан жіберілген. Сол жылдары «Еңбекші Қазақ» газетінің редакциясы Қызылорда қаласы, К. Маркс көшесінің бойында орналасқан екен.
Бүгінгі еліміздің бас газетінің тарихына тікелей қатысы бар осы құжат туралы аз-кем түсінік беруді жөн көрдік. Осы хаттан кейін ақын бірден «Еңбекші қазақ» газетіне жұмысқа қабылданған. Биыл жүзжылдық мерейтойы болып отырған ата басылымның тарихи жылнамасында Ілиястың да айқын қолтаңбасы қалған. Ата басылымның тарихын түгендеп, еңбек еткен шығармашылық топ – журналистерді тізімге алғанда Ілияс Жансүгіровті жаңашыл журналист, газет тілі мен техникасын, макет жасау, безендіру, иллюстрация сияқты мамандыққа қатысты арнайы пәндерді игерген тұңғыш дипломды маман деп санаймыз. Анығында, «Еңбекші Қазақ» газеті Мемлекеттік журналистика институты жоғары оқу орнын тұңғыш бітірген дипломды түлекті бірден жұмысқа қабылдаған. Бұл газет арқылы Ілиястің журналистік шеберлігі қалыптасты, публицистік қыры мен өзіндік қолтаңбасы дараланды.
Ілияс Жансүгірұлының өлеңдері алғаш рет «Қазақ», «Ақ жол», «Тілші», «Жетісу әйелі», «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» басылымдарында жарияланған. Мұғалімдік, ағартушылық саладағы қызметтерін есептемегенде, Ілекең еңбек жолын корректорлықтан бастаған. «Ақ жол» газетіне корректор болып кіріп, Ғани Мұратбайұлының шапағатына бөленіп, Ташкенттегі мұғалімдер дайындайтын Қазақ институтының дайындық курсында оқыды. Сол Ташкентте жүріп театрмен танысып, үлкен шаһардағы әдеби-мәдени тіршілікке араласты. Содан соң «Тілші» (Қазіргі Алматы облыстық «Жетісу» газеті) газетінің журналисі болып, біраз уақыт жұмыс істеді. Десе де Ілекеңнің таланты толық ашылған, журналистік қабілетін мейлінше танытқан ортасы осы – қарашаңырақ «Еңбекші Қазақ» еді. Ақиқатында, осы газет арқылы көпке кеңінен танылған ақын Кеңес үкіметінің рухани өміріне белсене қызмет етіп, орыс интеллигенциясының назарын аудартты. Максим Горькиймен таныстық шығармашылық достыққа айналды. Осы газеттегі тілшілік қызметінен кейін Ілиястың жұлдызы жанып, бағы ашылды. Бірінен соң бірі басылып шыққан кітаптары жарияланып жатты. Жазушылар одағын ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да болды. Осындай шығармашылық жетістіктерге тынымсыз еңбек, шалқар шабытының арқасында жетті.
«Еңбекші Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларына ақын «Таңқыбай», «Құйқалық», «Сақа» т.с.с. бүркеншек атпен қол қойып, жазғаны белгілі. Осы газетте жүрген кезінде ақын ел әдебиеті, өнер, театр, кино салалары туралы қордаланған проблемалық өзекті тақырыптарды көтеріп, оқырманның да, жергілікті атқарушы биліктің де назарын аудартқан. Ілиястың музыка өнері тақырыбында жазылған сараптамалық мақалаларында нотаға түспеген қазақтың әрбір аймағындағы күйшілік дәстүр, өнер мектебі, дәулескер күйшілер мен әншілер, қазақ композиторларының өнерлері туралы кесек-кесек ойлар бар. Дәстүрлі өнер, күйшілік қасиет, жыршылық һәм сазгерлік талант хақындағы білгені мол Ілекеңнің сол ойлары уақыт өтсе де өзінің құндылығы мен маңызын жоймаған. Бала жасынан кіндік әкесі, қазақтың аты шыққан күйшісі қобызшы Молықбай Байсақұлының өнеріне қанық өскен халық руханиятының жанашыры күллі Түркістан даласындағы өнер мектептерін санамалап айтты. Құрдасы, жан досы Сәкен Сейфуллин екеуі композитор Александр Затаевичті 1922 – 1923 жылдары арнайы шақырып, қазақтың әні мен күйін нотаға түсіртіп, хатқа жаздырған еді. Сан ғасырлық мол мұрамызды сақтауға, оларды хатқа түсіріп жүйелеуге ақын Ілияс Жансүгіровтің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бүгінде оны біреу білсе, біреу білмейді.
Сонымен қатар архивтен табылған құжаттардың арасында Ілияс Жансүгірұлының өз қолымен жазған өтініштері, жеке анкетасы, оның оқу үлгеріміне байланысты оқытушылардың жазған мінездемелері, сабақ жоспары мен бағдарламалары, «Тілші», «Ақ жол» газеттерінің редакциясынан студенттің журналистік практикадан өткендігі туралы жазылған анықтамалары бар. Айта кетерлік жайт, аталмыш құжаттар осы күнге дейін ғылыми айналымға түспеген. Және тұлғатану ғылымы үшін аса құнды, маңызды мәліметтер. Ілиястың ғұмырнамасын түзгенде, Мәскеу кезеңі мен студенттік жылдарын зерттеу нысанына алғанда бұл құжаттардың тигізер пайдасы зор.
Сөз соңында осындай игілі мол ғылыми экспедицияны ұйымдастырған Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының басшылығына, экспедиция жетекшісі Ғабит Тұрсынбайұлына, «Достық үйі» мекемесінің директоры Тәңірберген Қасымберкебаевқа зор алғыс білдіреміз. Егер, осындай іргелі ғылыми шаралар жиі-жиі ұйымдастырылса, Өзбекстан, Ресей архивтері мен кітапханаларындағы Отан тарихына, әдебиетіне тікелей қатысты жәдігерлерді алып, жинақтасақ советтік-шовинистік идеологияның кері әсерімен бұрмаланып жазылған төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша көзқараспен қоспасыз жазуға мүмкіндік туар еді. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған «Архив-2025» жоспарын тиімді пайдалансақ, рухани қазынамыз молаяры сөзсіз.
Ілиясты тануға, зерттеуге арналған экспедицияның жұмысы енді Санкт-Петербургте жалғасады. Бұл қаладаРесей Ұлттық кітапханасы мен Орталық мемлекеттік архив мұрағатындағы сарғайған құжаттар күтіп тұр. Сәтін салсын деген ниетпен жаңа дерек табуға асықпыз...
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
«Ілияс ізімен» экспедициясының
мүшесі, арнайы
«Egemen Qazaqstan» үшін
(Мәскеу)