Тұңғиыққа тереңдеген
Сенбі, 23 наурыз 2013 1:16
Белгілі қаламгер Бейбіт Қойшыбаев сексенінші жылдардың ортасынан бері қарай – елімізде қайта құру басталған шақтан – тарихи тақырыпқа бет бұрды. Ол тарихтағы «ақтаңдақтар» – сталиндік репрессияның құрбандары жайында алғаш қалам тербеушілер қатарында публицистикалық зерттеу мақалаларды өндірте жазды. Келе-келе тарихтың беймәлім немесе әзірге көп зерттелмеген тұстарын арқау еткен туындылар шоғырын жасауды көздеп, үлкен жобаны жүзеге асыруға кірісті.
Сенбі, 23 наурыз 2013 1:16
Белгілі қаламгер Бейбіт Қойшыбаев сексенінші жылдардың ортасынан бері қарай – елімізде қайта құру басталған шақтан – тарихи тақырыпқа бет бұрды. Ол тарихтағы «ақтаңдақтар» – сталиндік репрессияның құрбандары жайында алғаш қалам тербеушілер қатарында публицистикалық зерттеу мақалаларды өндірте жазды. Келе-келе тарихтың беймәлім немесе әзірге көп зерттелмеген тұстарын арқау еткен туындылар шоғырын жасауды көздеп, үлкен жобаны жүзеге асыруға кірісті. Міне, жазушы Б.Қойшыбаевтың «Рух-Сарай» атты кітабы («ҚазАқпарат» баспасы, 2012) қолымызға тиіп отыр. Біз оны үлкен қызығушылықпен қолға алып, түйсіне оқып шықтық.
Мұнда тәуелсіздік кезеңінен көрініс беретін көркем шығармалар («Қостаған»), алыс дәуір ақиқатын іздестірген зерттеулер («Біз – қазақ ежелден…») мен тоталитаризм заманының шындығын алға тартатын публицистикалық мақалалардың («Көрік») басы тоғысқан.
Автордың пайымына қарағанда, халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік пен тоталитарлық қасаң заманның арасындағы өткел тәрізді қайта құру кезеңі аясында өткен жылдар және одан бергі еліміз дербес мемлекет ретінде өмір сүріп келе жатқан кез – жиынтығы ширек ғасырды қамтыған мезгіл, – ең бастысы, ой азаттығына кеңінен жол ашты. Бұл мерзім тек жаңа мемлекет құру дәуірі ғана емес, сонымен бірге, ұлттық сана-сезімнің ерекше сілкініске түсіп ояну және азаматтарды замана талабына сай жаңа түйсіністерге жетелеу кезеңіне айналды. Осы уақыт ішінде тоталитарлық жылдардағы құндылықтар түбірлі өзгеріске ұшырап, жаңа сана қалыптаса бастады. Көбі кей ретте байырғы бағасын жоғалтты. Алға басқа мұраттар тартылды.
Оқырман назарына ұсынылған кітапта бұл мақсаттың қалай жүзеге асырылғанына көз жеткізу үшін жаңа еңбекті парақтап көрейік. Кітапқа үш этюд енген. Жанрлық жағынан да, қозғайтын мәселелері тұрғысынан да бір-бірінен алшақ жатқан үш бөлек этюд. (Біз «этюд» терминін автордың алғашқы томдағы бағдарламалық кіріспе мақаласында берген анықтамасына орай қолданып отырмыз).
Мәселен, кітаптағы «Қостаған» хикаялары қай кезеңде де мән-маңызын жоғалтпайтын сүйіспеншілік мәселесіне арналған. Автор махаббат сынды ұлы сезімнің күрделі қоғамдық құбылыстар кезіндегі мазмұнына көркем зерттеу жасайды. Біз бұл хикаяларды оқи отырып, кеңес өкіметі тұсындағы сезім шарпуына ерік беріп, «жаза басқан» жандарды айыптау, қоғамдық жазғыру әрекетін жүргізу мысалын да, тәуелсіздік дәуіріндегі еркін махаббат көрінісін де, асыл сезімнің биік азаматтық көзқараспен байланысын да аңдап, ой елегінен өткіземіз.
Автор «Қостағанда» қоғамның даму жолындағы кейбір елеулі белестерді арқау ете отырып, жас кейіпкерлердің нақты іс-әрекеттері арқылы оқырманын адамшылық, азаматтық қасиеттер, ғашықтық сезімнің қырлары хақында ой түюге, оның жасампаз күшін танып, байыптауға жетелейді.
Заманымыздың көркем бейнесінің кейбір үзіктерін көрсеткен осы «Қостаған» хикаяларынан соң, кітаптағы сүбелі орынды жазушының «Біз – қазақ ежелден…» еңбегі алып жатыр. Осынау зерттеу-толғауына қаламгер «Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен» деген анықтама тақырыпшаны қосып берген екен. Бұл орынды да. Себебі, шынында да, бұл жұмыс автордың әлі де толық жазылып бітпеген қазақ тарихына байланысты жүргізген өзіндік ізденісінің нәтижесі, қорытқан өзіндік ой-пайымы болып шығыпты.
Еліміздің егемендікке қол жеткізуі талай рухани серпіліске жол ашты. Тәуелсіздік жылдары көптеген шежірелердің, бұрын беймәлім болып келген көне қолжазбалардың жарыққа шыққаны, тіпті, біздің заманымызға ғасырлар тереңінен жетті делінетін жәдігерлікке ғылыми конференция арналғаны да мәлім. Автор солардағы деректерді бүгінгі ғылыми тарихтың жетістіктерімен салыстыра қарастырып, алыста қалған замандар шындығын – қазақтың көне тарихын әртүрлі дереккөздер негізінде ашуға тырысады. Және осындай жұмыс барысында бүгінгі іргелі еңбектерде кездесетін кейбір сәйкессіздіктерге назар аударады.
Қалай болғанда да, қаламгердің алға қойған мақсаты айқын, ниеті адал. Оның дәлелді зерттеу, батыл пайымға негізделген аталмыш еңбегі ешкімді де жайбарақат қалдырмайды. Автордың бұл туындысында қозғаған мәселелеріне байланысты алдағы уақытта талай кереғар ойлар айтылып, қызу пікірталас болуы әбден мүмкін. Одан шошудың қажеті жоқ. Пікірлер алуандылығы тек ілгеріге, жаңа ізденістерге жетелейді, ондай ахуалдың біздің қоғамдық ойымызды байытып, дамыта түсері хақ.
Ал кітаптағы «Көрік» деп аталған үшінші этюд жазушының қырық жылдан астам уақытты қамтитын, белгілі бір идеяны арқау еткен еңбектерінен тұрады. Автордың бұдан бұрындары «публицистикалық хроника» деген айдар тағылған үш кітабы («Ар – қуат», «Талтүске дейін», «Қарқара») шыққан болатын, тап сол жанрды, міне, бірнеше ондаған жыл бойындағы уақыт іздерін жаңғыртатын «Көрікке» де тағуға болатын сияқты.
Мұнда ең әуелі автордың 1969 жылы жазған кішкене мақаласын оқып, ондағы тұжырымдаған азаматтық позициясымен танысасыз. Және өзінің сол көзқарасы мен ұстанымын содан бергі жылдардағы өмір тәжірибесінде қалай қолданғаны, онысының түрлі ой-пікір қақтығыстарында қандай нәтиже бергені жайынан хабардар боласыз. Оқырманның көз алдынан кеңестік дәуірдегі елеусіздеу жүріп тұрған идеялық күрестердің бір парасы, әйгілі 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы жастардың дүбірлі демонстрациясы, оны басып-жаншу және оған қатысушыларды жазалау, сосын сонау өткір мәселеге бертінгі кездердегі көзқарас көріністері тізбектеліп өтеді.
Қысқасы, «Көрік» – жеке адамның, қоғамның әр даму кезеңіндегі ұстанымы мен іс-әрекетін көрсету арқылы, тарихқа айналған оқиғалардан тағылым ала білуге жетелейтін жинақ, публицистикалық тұрғыдағы маңызды хроника болып шыққан. Оқырман онымен таныса отырып, замана тынысын, заманымыздың қағаз бетіне бедерленіп үлгере қоймаған тарихын елестетеді. Тоталитаризм, жариялылық, тәуелсіздік кезеңдеріне қатысты небір оқыс та қызық пікірлерді ұшыратады, танымын кеңейтеді.
Жалпы, тың пікірлер мен тарихи танымдық тұжырымдар «Рух-Сарай» туындылар топтамасының бұған дейін жарық көрген этюдтерінде де молынан кездесетінін атай кетуіміз керек. Топтаманың үш орыс революциясы тұсындағы ұлттық қозғалыстар (мұсылмандық қозғалыс, Алаш қозғалысы), өркениетке сай жаңа саяси ойдың тууы («Аңсау»), дамуы («Айбат», «Тамыр», «Ақ бата», «Мұнара»), солардың шырқау шыңы іспетті 1916–1917 жылдарғы оқиғалар («Жекпе-жек», «Мәңгі бастау») бейнеленген алғашқы төрт томы да тарихқа жаңаша көзқарасымен, соны ой-пікірлерінің молдығымен құнды.
Бұлардың бәрі жазушының жиырмасыншы ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ өмірінен, қазақтың қоғамдық-саяси ойының туу және даму тарихынан танымды сыр шертеді.
Ал тілге тиек болған бесінші томында, жоғарыда қысқаша шолып өткенімізден байқалып тұрғандай, біріншіден, топтамада қарастырылмақ уақыт кезеңінің соңғы жылдарына қатысты оқиғалар көріністері бейнеленген. Екіншіден, автор отандық тарихты бағамдауды көздеген ізденіске толы өзіндік ой-пікірінің түйінін оқырман талқысына тартып, «Біз кімбіз? Қайдан шықтық? Қалай ел болдық?» деген сауалдар төңірегінде еркін де жан-жақты пайымдарымен бөліседі. Үшіншіден, өзіндік бет-бейнесі, ұстанымы бар азаматтың өмір жолында қилы кедергімен бетпе-бет келуін, 1986 жылғы тарихи толқу тұсында танытқан позициясын, сол маңызды белеске қатысты бертінгі кездердегі көзқарасын баяндайды. Біздің ойымызша, ойлы оқырманға бұл кітаптың берері мол.
Байқағанымыздай, ол жиырмасыншы ғасыр көріністерін жаңғыртумен шектелмейді. Мұнда қарастырылатын тарихи кезеңнің белгіленген уақыт ауқымынан әлдеқайда тереңдеп, көне замандар тұңғиығына бойлап кетіп жатқаны көзге ұрады.
Балжан ХАБДИНА,
Баспа және полиграфия
ісінің қайраткері.
Алматы.