Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2019

Жетісуда медициналық жабдықтармен қамту жолға қойылды

236 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар нәтижелі болып отыр. Қазіргі күні Алматы облысында 806 медициналық мекеме, оларда 5 мыңдай дәрігер медициналық қызмет көрсетеді.

Жетісуда медициналық жабдықтармен қамту жолға қойылды

Жалпы, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биылғы жылы Алматы облысында 11 нысан салу жоспарланған. Оның ішінде 9 дәрігерлік амбулатория, Райымбек және Кербұлақ аудандарында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын 2 емхана  пайдалануға беріледі. Сарқан аудандық орталық аурухана мен Шелек ауылындағы орталық аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында емхананың құрылысы басталды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ескелді, Көксу аудандарындағы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жоспарланған. Ал соңғы бір ай көлемінде аймақта денсаулық сақтау саласын қажетті медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге қатысты бірнеше жаңалық болды.

Мәселен, жақында ғана Талдықорған қаласындағы 6-шағын ауданда алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығы іске қосылды. Жаңа шағын аудандардың тұрғындары, яғни 16 мың адам мұнда барлық қажетті медициналық көмек түрлерін ала алады.   Орталық бір ауысымда 320 адамды қабылдауға лайықталған. Медициналық мекеме заман талабына сай құралдармен толық жабдықталған,  триаж-жүйесі енгізілген. Мұнда 68 білікті маман медициналық қызмет көрсетеді, ондағы 20 дәрігердің 11-і – жоғары санатты. Бір салаға маманданғандар арасында педиатр-консультант, невропатолог, кардиолог, хирург, травматолог, отоларинголог, эндокринолог, акушер-гинеколог, офтальмолог, ультра дыбыстық зерттеу-диагностика дәрігері, психолог бар.

Сондай-ақ Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындада жаңадан компьютерлік томография кабинеті ашылды. Алакөл өңірінде мұндай заманауи медициналық жабдықтың бұрын болмаған екен. Енді аудан тұрғындарының толық тексерілуіне мүмкіндік бар. Жалпы құны 495 млн теңгені құрайтын «Филлипс» маркалы компьютерлік  томографы   «Optonic» серіктестігінің қаржысына алынған екен.

- Бұрын алакөлдіктер компьютерлік томографтан өту үшін Сарқан, Талдықорған қалаларына баратын. Ол жолдың қашықтығы мен қолайсыздына ауыр тиетін. Енді аудан тұрғындарына тексеруден өту үшін өзге ауруханаларға барудың қажеті жоқ, - дейді «Optonic» ЖШС директорының орынбасары Марат Әбдібеков.

Мұнан бөлек, Панфилов ауданы аумағындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында да қазақстандық «ALTACO -ХХІ» компаниясы мен «ЦЗЮ ТАҢ ЧЖЕ» атты Қытай компаниясының бірлесіп, «ЦЗЮ ЧЖЕ ТАҢ – ALTACO» халықаралық медицина орталығын ашты. Жаңа ашылған медицина орталығы ересек тұрғындарға жаңа технологияны қолдана отырып, гематология және кардиология саласы бойынша амбулаторлық-емханалық көмек көрсетеді. Жіті миокард инфарктісін бастан кешкен науқастарды аллогендік мезенхималдық сүйек-ми жасушаларымен емдеу плацебомен салыстырғанда жүрек қызметінің көрсеткіштерін 2-5 процентке дейін жақсартады екен.

- Жалпы, алдағы жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшетінін айтып жатырмыз. Демек, біздің денсаулық сақтау саласы үшін жауапты кезең басталды. Әсіресе, сапалы қызмет көрсету күн тәртібінде тұр. Оның ішінде білікті кадр мен қолжетімді медициналық құрал-жабдық жайы өткір тұр. Қазір осы екі мәселе бойынша облыста қыруар жұмыс істелді деп айта аламыз. Жаңа технологияға негізделген, сырқаттың алдын алу мен дертті ерте бастан анықтауға арналған аппараттар аудан, қаладағы орталықтардан бөлек, алыс ауылдарға қойыла бастады. Медицина нысандары да көптеп ашылуда. Қазіргі Алматы облысында 806 медициналық мекеме, оларда 5 мыңдай дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Осы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биыл тағы 11 нысан салу жоспарланды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.