106-шы көктем
Сенбі, 23 наурыз 2013 1:20
Шалқар қаласының тұрғыны Сұлупан Абажан биыл 106-шы көктемін қарсы алып отыр. Бір ғасырды артқа тастаған кісінің бүгінде сөзі түзу болғанмен, соңғы кездері сыртқа кіріп-шығуы қиындапты.
Қос ғасырдың куәсі – Сұлупан әженің өткен жолының өзі бір тарих. Ол 1907 жылы ауданға қарасты №13 ауылдың Қаражиде деген жерінде дүниеге келіпті. Балалық шағы елдің басына түскен ауыр кезеңдермен қатар келіп, бұғанасы бекімей жатып қайнаған қара жұмысқа жегіледі.
Сенбі, 23 наурыз 2013 1:20
Шалқар қаласының тұрғыны Сұлупан Абажан биыл 106-шы көктемін қарсы алып отыр. Бір ғасырды артқа тастаған кісінің бүгінде сөзі түзу болғанмен, соңғы кездері сыртқа кіріп-шығуы қиындапты.
Қос ғасырдың куәсі – Сұлупан әженің өткен жолының өзі бір тарих. Ол 1907 жылы ауданға қарасты №13 ауылдың Қаражиде деген жерінде дүниеге келіпті. Балалық шағы елдің басына түскен ауыр кезеңдермен қатар келіп, бұғанасы бекімей жатып қайнаған қара жұмысқа жегіледі. Сол замандағы ақтардың дүрбелеңін, Қазан төңкерісін, колхоздастыру кезеңін, қазақтың жаппай ашаршылыққа ұшырауын, 1937 жылғы репрессияны, 1941-45 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысындағы еңсе езер ауыртпалықтардың барлығын әжеміз бастан өткерген.
– Мен үшін өткенді еске түсіру қиын, ол күндер құрдымға кетсін деп тілейік. Біз кіндіктен төртеу едік. Ағам Нұғыман соғыстан кері оралмады. Менен кейін Төлеу деген інім болған, сосын Төкеш деген сіңлім бар. Ол қазір тірі, осы Шалқарда тұрады. Шалым Сержан 1983 жылы 78 жасында о дүниелік болды. Қосағым екеуміз өмірге Төлеу, Рая, Нұрия, Самат, Марат есімді бес бала әкеліп, бүгінде солардан 26 немере, 24 шөбере сүйіп отырмын. Осындай ғұмыр беріп, немере, шөберелерімнің ортасында отырғанымды Алланың маған берген баға жетпес сыйы деп білемін. Тәңірге мың тәубе, – деп шүкіршілік етеді кейуана.
Өзінің қолын жылы суға малып отырған баласы мен келіні Марат пен Сәнімгүлге ризашылығы да көлдей әженің. Сәнімгүл апайдың да келін болып осы шаңырақтың табалдырығынан аттағанына 25 жыл. Оның ғасыр жасаған енесін бағып, ақ батасын алып жүргенін мақтан тұтатынын аңғардық. Әже өзінің немере-шөберелеріне ақылын айтып, тәрбиесіне мән беруден еш жалыққан емес. Үйіндегі 8 жасар немересінің есімін кезінде Ақылбек деп әженің өзі қойыпты. Бүгінде сол Ақылбегі әжелеп келіп, мойнына асылғанда оның бойын ерекше сезім билейді.
Әже қоштасар сәтте бізге: «Ұлыстың ұлы күні бар жақсылығын ала келсін. Елімізде әрдайым тыныштық болсын. Дастарқанымыз мол болып, әр шаңырақта береке, бірлік мәңгі бола берсін. Бәріңізге мендей ғұмырлы жас берсін. Тәуелсіз еліміздің болашағы баянды болсын. Алла осы айтқанымды қабыл етсін! Әумин!» – деп батасын берді.
Лайым, Тәңір кез келгеннің пешенесіне бұйырта бермейтін ғұмыр сыйлаған әжеміздің берген Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ақ батасы қабыл болғай деп тілейік.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы.
Суретте: Сұлупан әже.