Спорт • 19 Қыркүйек, 2019

Үш жүлде, екі жолдама. Еліміздің грек-рим күресі шеберлері әлем чемпионатын осылай қорытындылады

309 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұл күндері Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылады. Атап айтсақ, 55 кило салмақта белдескен Қорлан Жақанша екінші орынды иеленсе, 60 кило және 63 кило салмақ дәрежелерінде күш сынасқан Мейрамбек Айнағұлов пен Алмат Кебісбаев үшінші сатыға табан тіреді. Осы нәтиженің арқасында бейресми командалық есепте жерлестеріміз Өзбекстан құрамасымен бірге 8-9 орындарды өзара бөлісті.

Үш жүлде,  екі жолдама. Еліміздің грек-рим күресі шеберлері әлем чемпионатын осылай қорытындылады

Нұр-Сұлтандағы жарысқа төрт­күл дүниенің ең мықты деген балуан­дарының түгелге жуығы жиналды. Себебі осы додада алғашқы алты орын­ды иеленген саңлақтар 2020 жы­лы Токиода алауы тұтанатын Олим­пия ойындарында өнер көрсету құр­метіне ие болады. Одан кейін тағы үш іріктеу сыны бар екені рас. Бі­реуі ­– құрлықтық, екеуі – әлемдік ли­цен­зиялық турнирлер. Алайда мық­ты­лардың дені Олимпиада жолдама­сын күні бұрын иеленуді құп көреді. Өйткені осы мәселе неғұрлым тезірек шешілсе, сол күннен бастап, төртжылдықтың басты додасына еш алаңсыз даярлана беруге болады. Міне, осындай оймен қаруланған апайтөстер Қазақ елінің астанасын бетке алды.

Алғашқы күні Олимпия ойын­да­рының бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша бәсекелер өтті. Бұл жарыста Қорлан Жақанша (55 кило), Алмат Кебісбаев (63 кило), Демеу Жадыраев (72 кило) және Мақсат Ережепов (82 кило) ел намысын қорғады. Осы төрт жігіттің арасынан Алмат пен Демеуге айрықша сенім артылды. Алғашқысы – осыған дейін үш әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақ, екіншісі – 2017 жылғы дүниежүзілік додада күміс жүлдені еншілеген сайыпқыран. Өз елімізде өтіп жатқан жарыста олар алтын тұғырға көтеріледі деп үміттендік. Бірақ бұл жолы да Алаш жұртына алтын медальдың сыңғырын есту бақыты бұйырмады. Бұл жарыс­та Жадыраев екінші айналымнан аса алмады. Ойда-жоқта ол германиялық Михаэль Феликс Виумайерге жол берді. Кебісбаев үш бірдей қарсыласын қапы қалдырғанымен, жартылай финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Шинобу Отаға есе жіберді. Дәл осы жапон жігітінен қандасымыз Бразилияның астанасында өткен Олимпия ойындарында ұтылған еді. Нұр-Сұлтанда да Шинобу шаң қаптырып кетті. Бірақ Алматқа өкпе айту орынсыз. Олай деуге негіз бұл – Кебісбаевтың әлем чемпионаттарындағы төртінші жүлдесі. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақ­станның грек-рим күресі шебер­лері арасынан осындай толағай табы­сымен тек Юрий Мельниченко ғана мақтана алады. ХХ ғасырдың тоқ­са­ныншы жылдары атой салған отандасымыз дүниежүзілік додаларда екі алтын және екі күміс жүлде олжалады. Әрине, медальдардың сапасы жағынан Мельниченконың Кебісбаевтан көші ілгері екені еш дау туғызбайды.

Ел астанасында Қорлан Жақанша керемет өнер көрсетті. Бұрындары осындай ұлы дүрмектерде күш сынасып көрмеген балуан әр жекпе-жегін көпті көрген кәнігі көкжалдармен аса жоғары деңгейде өткізді. Өзгелерді айтпағанда, былтырғы әлем және Еуропа чемпионы, әзербайжандық Елдениз Әзизлиді ары да, бері де лақытырып, 11:5 есебімен жеңіске жетті. Жақаншаның тек дүниежүзілік және құрлықтық біріншіліктің қола жүлдегері Нугзари Цурцумияға ғана әлі жетпеді. 

Грек-рим күресі шеберлері ара­сындағы жарыстың соңғы күні Мей­рамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұ­хамедов жүлделі орындар үшін таласты. Екеуі де жартылай финалда сү­рінді. Мейрамбек былтыр әлем және Еуропа чемпионаттарында қар­сы­лас шақ келтірмеген ресейлік Сер­гей Емелинге есе жіберсе, Асхат мажар­стандық Томас Лоурецпен тең түсті. Мұндай жағдайда ереже бойынша соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Венгрия спортшысының бағы жанды.

Қола медаль үшін тартыста 2017 жыл­ғы әлем чемпионатының күміс жүл­дегері Айнағұлов 2018 жылғы дүние­жүзілік және құрлықтық додаларда үшінші орынға табан тіреген украи­налық Ленур Теміровтің тас-талқа­нын шығарды. Ал бастапқы бәсеке­лердің бірінде Олимпиада мен әлем чем­пионатарының екі дүркін жеңім­пазы, Еуропаның төрт дүркін чем­пионы, ресейлік Роман Власовқа тізе бүктірген Ділмұхаммедов шешуші тұс­та өзбекстандық Жалғасбай Берді­мұ­ратовтан айласын асыра алмады. Нәти­жесінде қандасымыз бесінші орын­да қалып қойды.

Отандық балуандар арасынан Мақ­сат Ережеповтің де жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Жапония мен Беларусь өкілдерін ұтқан қазақ жі­гіті ширек финалда әзербайжандық Ра­фиг Гусейновпен күресіп жатып қа­бырғасын қайыстырып алды. Енді ол жұбаныш бәсекелеріне қатысуға тиіс еді. Алайда ауыр жарақат алуы салдарынан Мақсат боз кілемге шықпады.

Өзге балуандарымыз сенім үдесі­нен шыға алмады. Әсіресе, жергі­лікті жанкүйерлер Мейіржан Шерма­ханбетке қатты қынжылды. 67 кило салмақта өнер көрсеткен қазақтың жас дарыны былтыр Будапеште айшықты өнерімен көзге түсіп, қола медальды мойнына ілген еді. Содан бері осы балуан жайында жылы сөздер жиі айтылып жүрді. Майталман мамандардан бастап, қатардағы жанкүйерлерге дейін мақтауын да, жақтауын да асырды. Бірақ ел намысы сынға түскен сәтте Мейіржан кеңінен көсіле алмады. Өзінің тұсаукесер кездесуінде-ақ ол есімі көпшілікке беймәлім аме­рикалық Эллис Коллеманнан жеңіліп, көрермендер қатарына қосылды.

Нұр-Сұлтандағы әлем чемпио­наты барысында қуанған да, қын­жыл­ған да сәттеріміз аз емес. Алды­мен қуанышымызбен бөлісейік. Бірін­шіден, 1993-2019 жылдар аралы­ғында тәуелсіз Қазақстанның түлек­тері әлем чемпионаттарында 22 мәр­те бой көрсетіп, соның алтауынан қор­жынымыз бос қайтты. Жеті рет жалқы жүлдені қанағат тұтсақ, сегіз мәрте қос медальды қанжығаға байладық. Яғни, осы күнге дейін бір жарыста екі реттен артық жеңіс тұғырына көте­рілген жоқ едік. Бұл жолы үш бір­дей өреніміз жүлде алып, туы­мызды көкте желбіретті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай табыс! Екін­шіден, Бақтияр Байсейітовтің кейбір шәкірттері жарыс жолында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде атой салған апайтөстермен еш қай­мық­пай айқасып, оларды жолдарынан ығыстырды. Бұл да атап өтуге тұра­тындай оқиға!

Қынжылған сәттеріміз мынадай: біріншіден осы жарыста әр салмақ дәрежесі бойынша алты жолдамадан сарапқа салынса, соның екеуі ғана біздің жігіттерге бұйырды. Ол жолдамаларды Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов иеленді. Ал Қорлан Жақанша мен Алмат Ке­бісбаев жүлдегерлер қатарынан көрін­генімен, оларға Нұр-Сұлтанда лицензия бұйырмады. Себебі, айтулы қос балуанның өнер көрсеткен салмақ дәрежелері Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген. Екіншіден, 20 жыл бойы аңсаған алтынға бұл жолы да қолымыз жетпеді. Қазақ­станның грек-рим күресі шеберлері ара­сынан соңғы рет 1999 жылы Мкхитар Манукян әлем чемпионы атанған болатын. Сол кезден бері жерлестеріміз қанша талпынғанымен, бұл белесті бағындыра алмады. Барша жанкүйер осы жолы сол олқылықтың орны толатын шығар деп үміттенді. Бірақ өз елімізде, өз жерімізде, өз жан­күйерлеріміздің көз алдында өткен жарыста ешбір өреніміздің жеңіс тұ­ғырының ең биік сатысына көтерілуге күш-жігері жетпеді. Әрине, бұл өзекті өртеген өкініш!

Қазақстанда тұңғыш рет жалауы желбіреген әлем чемпионатының жалпы командалық есебінде Ресей құрамасы көш бастады. Олар 2 алтын мен 3 күміс медальды олжалады. Екінші және үшінші орынды Грузия мен Жапония өзара бөлісті. Әрқайсысы 2 алтын мен 1 қоланы қоржынға салды.

Ендігі үмітіміз әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлерінде. Осы жарыста Қазақстанның балуандары бас жүлде алып, алдағы күндері өз жан­күйер­лерін қуаныш пен шаттыққа бөлей­ді деп үміттенеміз. Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада лицензиялары са­рапқа салынып жатқан айтулы әлем чемпионаты 22 қыркүйекте өз мәре­сіне жетеді.