С. Есімханов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Осы жылдың 19 қыркүйегіндегі мәліметтерге сәйкес республика бойынша электр энергиясын тұтыну 72,5 млрд кВтс құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,7%-ға артық.
Сонымен қатар вице-министр энергия кәсіпорындарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ағымдағы күнге 5 энергоблокта жөндеу жүргізілді, бұл жылдық көлемнің 45%-ын, 40 қазандықты құрайды, бұл жылдық көлемнің 63%-ы және 23 турбина, бұл жылдық көлемнің 50%-ын құрайды. Жөндеудің әртүрлі кезеңінде 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 18 турбинада жұмыстар жүргізілуде.
«Электр желілері бойынша 21 мың шақырым электр жеткізу желілері мен 1152 шағын станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды», - деді С. Есімханов.
Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағында 459 қазандықтың 428 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық жоспардың 93%-ын құрайды.
Сонымен қатар С. Есімхановтың айтуынша, бірқатар өңірлерде Жөндеу кестесінде белгіленген мерзімдердің сақталмауы және артта қалуы байқалады.
«Осы Кесте бойынша жүрмей жатқан бірнеше мысалды келтіруге болады. Мұны біз кәсіпорындарға ескерту ретінде айтамыз. Мәселен, Павлодар облысында орналасқан «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ электр станциясы. Бұл - ең ірі мемлекеттік аудандық электр станциясы (МАЭС). Мұнда әкімдік, акционерлермен қатар, біздің Комитет те бақылау жасайды. Бүгінде екі блок №5 және №8 бойынша Кестеден қалып жұмыс істеуде. Олар маусым мен тамыз айларында аяқталуы тиіс еді, алайда тек қазан айының соңында аяқталады. Бірден айтып өтейін, МАЭС-тың жылу беруге ешқандайда қатысы жоқ, жылыту маусымы тұрғысынан ешқандай да проблема ол үшін туындамайды. Бұл энергия жүйесіне әсер етуі мүмкін болған соң атап өтіп жатырмыз», - деді вице-министр.
Сонымен қатар С. Есімханов станцияларда отын дайындау туралы ақпараттандырды.
«Оңтүстік өңірлер бізде газбен жылытылады, сондықтан онда отын дайындаудың қажеті жоқ, келісімшарттар бар. «Қазтрансгаз» жеткізеді, артық сұрағы жоқ. Көмір бойынша – бізде көмірмен жылытылатын 20 ірі энергетикалық кәсіпорын бар. Қазіргі таңда осы станцияларда 4 млн тонна көмір бар. Биыл кәсіпорындар айтарлықтай жақсы жұмыс атқарды. Өткен жылмен салыстырғанда 600 мың тонна көмірге артық дайындалды», - деп атап өтті вице-министр.
С. Есімхановтың айтуынша, мынадай нормативтер бар — көмір разрездерінен энергия көздерінің қоймаларына дейінгі арақашықтық 10-20 тәулік болуы керек. Сонымен, бүгінде барлық станциялардың көмір қоры бар. Мәселен, Өскемен ЖЭО-да көмір қоры 20 тәулікке дейін болуы керек, қазір көмір қоры 38 тәулікке жететін көлемде сақталуда. Аз ғана көмір тұтынумен сипатталатын Балқаш ЖЭО-на 2-3 айға жететін көмір жеткізілді.
Елімізде орталықтандырылған жылумен қамту жүйесімен жұмыс істейтін 460 қазандық бар. Олардың ішінде 428-і жылыту маусымына дайын. Оңтүстік өңірлердегі 30-ға жуық қазандық іске қосу мен жөндеу жұмыстарын аяқтап жатыр және қазан айының басына дейін дайын болуы керек.
Осы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдай бойынша энергия көздерінің қоймаларында мазут қоры 101,9 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 24%-ға көп.
Энергетика министрлігі қосылған құн салығы есебімен 100 мың теңге бағамен 277 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті.
«Жалпы алғанда, алдағы жылу беру маусымына дайындық тұрақты режимде жүріп жатыр», - деп түйіндеді энергетика вице-министрі.