Cуретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Тоқсаныншы жылдары Алматы қаласының театрсүйер жұртшылығы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театры сахналаған Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» қойылымына қалмай баратын. Әсіресе басты рөлдегі Гүлбаршын – Әсел Мәмбетованың өнері көрерменді ерекше әсерге бөлейтін. Актрисаның мемлекеттік «Дарын» сыйлығына ие болған жылдары да сол кез.
Ә.Әбішевтың «Мәди» (Ділдар), У.Шекспирдің «Жазғы түндегі түс» (Гермия), А.П.Чеховтың «Чайка» (Нина Заречная), Ф.Оңғарсынованың «Бақыт пен қайғы» (Ақынқыз), С.Асылбековтың «Рабиғының махаббаты» (Роза); I.Жансүгіровтың «Исатай-Махамбет», Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (Күнікей) және басқа спектакльдерде басты рөлдерді сомдаған Әсел Мәмбетова «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. 2000 жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, аға оқытушысы болып, өнер жолын қуған шәкірттеріне тәлім-тәрбие берді.
Соңғы жылдары Әсел Иманғалиқызы өзінің туған жері – Батыс Қазақстан облысына оралған болатын. Бүгінде Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында қызмет ететін актриса оқытушылық қызметін де жалғастырып келеді. Сахна шеберінің 60 жылдығына орай өткен шығармашылық кеште Әсел Мәмбетова Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағымен және «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Университеттің салтанат залында өткен сырлы кеште Әсел Иманғалиқызы өз көрерменіне есеп бергендей болды. Өзі тәлім беретін режиссура мамандығының студенттерімен бірге қойған «Ақ Жайық» сазды-хореографиялық композициясын жиылған жұртшылық ықыласпен қабылдады.
Батыс Қазақстан