Шаһар басшысының айтуынша, бұл секторда экономикалық тұрғыдан белсенді астаналықтардың 68%-ы еңбек етіп келеді. Бұл шамамен 360 мың адам. Шағын және орта бизнестегі өндірістің көлемі 10 жылдың ішінде 800 млрд теңгеден 5 трлн теңгеге ұлғайған. Инвестицияның 90%-ы жекеменшік секторға тиесілі. Әсіресе бизнестің әлеуметтік бағыттағы нәтижелері көңілден шығады, дейді әкім. Мәселен, білім саласында 23 мың орынға шақталған 213 жекеменшік балабақша және 13 мектеп жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында 14 жеке емхана халыққа қызмет көрсетуде.
– Мұның барлығы шағын және орта бизнестің жемісі. Әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныс артып келеді. Өйткені елордада халықтың саны өсу үстінде. Бүгінде бас қалада 1 млн 100 мың адам тұрып жатыр. Бұл жақсы нарықтың қалыптасқанын айғақтайды. Демек, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік туып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, микробизнеске арналған «1000 орын» жобасын қолға алдық. Әзірге бастамасы жаман емес. Бұл бағыттағы жұмыс әрмен қарай жалғасады. Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасымен әлеуметтік аз қамтылған жандардың балаларын оқу маусымына дайындау үшін «Жаппай оқу» бағдарламасын пысықтадық. Біз 10 жеңіл өнеркәсіп палаталарын таңдап, мектеп формасына тапсырыс бердік. Осылайша бір жағынан ата-аналарға қолдау көрсетсек, екінші жағынан отандық тауар өндірушілердің жұмысын жандандырдық. 1-ші индустриялық парктің мәселесіне келсек, оның аумағы 97%-ға толық. Қазір ондағы жұмыс ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Енді кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа индустриялық паркті құрып жатырмыз. Жері белгіленіп қойған. Оның аумағы 400 гектарға жетеді. Қаулы шықты. Инженерлік инфрақұрылым құжаттары дайындалып жатыр, деді А.Көлгінов.
Іскер жандардың құрылтайында өзекті проблемалар да назардан тыс қалмады. Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов баяндағандай, «Еңбек» бағдарламасына бөлінетін қаржы тым мардымсыз. Анығын айтқанда, жыл сайын шағын несиелеуге 800 млн теңге бөлініп келеді. Алайда, саланы ілгерілетуге 5 млрд теңге қажет, деді қалалық палатаның басшысы. Сол себепті алдағы жылы қалалық бюджетте бұл сома қарастырылса деген ұсынысын білдірді.
– Бизнес субъектілерінің саны өскеніне қарамастан сауда саласында жабылып жатқан кәсіпорындар аз емес. Бұл маңызды мәселе деп есептейміз. Қаланың аумағы ұлғайып бара жатқанын ескерсек, шеткі аудандарды да шағын және орта бизнеске тартқан жөн. Бұл орайда инфрақұрылымды дамытып, бизнеске арналған интерактивті портал құру қажет. Мұнда кәсіпкерге ин-
вестицияны қажет ететін кәсіпорындар жайлы ақпаратпен танысуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде бизнеске ұзақ мерзімді жоспар құруға және тиімді жобаларды жүзеге асыруға жол ашады, – деді А.Жүнісов.
Конференцияға қатысқан «Атамекен» ҰКП-ның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев «Бизнеске арналған үкімет» бір терезе қағидаты – бизнеске қолдау көрсетуде барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік институттарды бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Айта кетейік, биыл Үкіметтің тапсырмасымен «Атамекен» ҰКП жанынан жеңілдікпен несиелеу жөніндегі жобалық алқа құрылған еді. Бұл арқылы елордада қаржы институттары
7,7 млрд теңге сомасындағы 5 жобаны мақұлдады. Екінші деңгейлі банктердің қарауына 5,1 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жіберілді.