Экономика • 20 Қыркүйек, 2019

Банктер артық ақшаны жасырып отыр ма?

240 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір экономикаға арзан ақша жетпей жатыр. Банктер бизнеске сенбейді. Халыққа несие беруді көбейткен банктер қаражатынан айрылып қала жаздады. Ұлттық банктен көңілі қалған банктер енді ақша шығарғысы келмейді.

Банктер артық ақшаны жасырып отыр ма?

Жыл басында банк секто­рының жиынтық активтері 25 трлн 241 млрд теңге болған еді. Ұлттық банктің мәліметінше, 1 тамыздағы көрсеткіш бойынша банк секторының жалпы активі бар болғаны 6,1 млрд теңгеге артып, 25 трлн 247,1 млрд теңгеге жетті. 

«Активтердің құрылымында ең көп үлес несиеге – 49,6 пайы­з, ба­ғалы қағаздар портфеліне – 20,1 пайыз, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 13,3 пайыз тиесілі», деп хабарлады бас банк. Айта кетерлігі, жыл басында банктердің жалпы активіндегі несиенің үлесі 50,7 пайыз болған еді. Сол секілді қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттардың үлесі жыл басынан бері азайса, бағалы қағаздар портфелінің үлесі өскені байқалады.

Жаппай несиелендіру тығырыққа тіреді

Банктердің активіндегі несие үлесінің азаюы несие нарығының тарылуынан да көрініс тауып отыр. Мәселен, жыл басында банктер экономиканы 13 трлн 91,8 млрд теңгеге несиелендірсе, тамыздағы жағдай бойынша көрсеткіш шамамен  38,2 млрд теңгеге азайып, 13 трлн 53,6 млрд теңгені құрады.

Соның ішінде бизнестің алған қарызы жыл басында 7 трлн 789 млрд теңге болса, жаз­дың соңында көрсеткіш 7 трлн теңгеден сәл ғана асты. Ал қарапайым халықтың қарызы керісінше жыл басындағы 5,3 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге жетті. Бұл – қаржы инс­титут­тарының несие түрінде берген қаражаты экономиканы ынта­ландырудың орнына, елде әлеу­меттік мәселелерді туын­датуға ықпал етеді деген сөз.

Банктер несиесінің негізгі тұтынушысы халық десек, олар­дың қарызды негізінен теңгемен алатыны белгілі. Осы орайда ұлт­­тық валютамен берілген қа­рыз жыл басында шамамен 10 трлн теңге болса, қазір 10,7 трлн теңгеге жетті. Есесіне, шетел валютасымен берілген несие шамамен 3 трлн теңгеден 2,4 трлн теңгеге азайды.

Банктердің бизнесті қаржы­лан­дыруға құлықсыздығы мен тұтынушылық несиеге басым­дық беруі әлеуметтік проблема ғана емес, сонымен қатар банк секторының өзіне зиянын тигіз­бей қоймады. Қарапайым халыққа жаппай несие беру «нашар несиелердің» үлесін арттырып жіберді. Жыл басында мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыз көлемі несие нарығының 7,4 пайызын құрап, 1 трлн теңге болған еді. Қазір бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеден асты. Бұл несие нарығының 9,9 пайызы. Сала мамандары «нашар несие» үлесі 10 пайыздан асқанда нарықта дағдарыс болады дейтінін ескерсек, банк секторы өзін-өзі тоқыратуға сәл қалды. Абырой болғанда, Президенттің әлеуметтік осал топтың борыштық жүктемелерін азайту туралы Жарлығы шы­ғып, көп­теген қаржы институты қайтпай қалуы мүмкін қарыз­дарын қайтарып алды. 

Бизнесті қаржыландыру кө­лемі айтарлықтай азайып кет­кенімен, корпоративті несие­нің ішінде шағын бизнесті қаржы­ландыруы қарқын алып келе жат­қандай көрінеді. Жыл басында бизнеске берілген қарыздың 17 пайызы шағын бизнестің үлесіне тисе, қазір көрсеткіш 18 пайызға өсті. Алайда пайыздық үлесі өскенімен, шағын бизнесті қаржыландыру көлемі де жалпы үрдістен аса алмай, жыл басынан бері азайғаны анық.

Банктерді халықтың депозиті құтқарып тұр

Банктердің тоқырауы экономиканы қаржыландыру көр­сет­кішінің төмендеуімен ғана шектеліп отырған жоқ. Рези­дент­тердің қаржы институт­тарына деген сенімі азайып, эконо­микадағы артық қаражат екінші деңгейлі банктерге емес, өзге депозиттік ұйымдарға салынып жатыр. Мәселен, жыл басында банк секторының жиын­тық міндеттемелері 22 трлн 223,4 млрд теңге болса, тамызда бұл көрсеткіш 22 трлн 61,4 млрд теңгеге құлдырады. Банк міндет­темелерінің 76-77 пайызы заңды және жеке тұлғалардың салған ақшасынан тұрады десек, салынған қаражат азайып кетті деген сөз. 

Екіншіден, жыл басында банк­тер мен өзге де қаржы ұйым­дарына салынған депозит көлемі 18 трлн 553,2 млрд теңге болса, жаздың соңғы айында көрсеткіш 17 трлн  611,7 млрд теңгеге тө­мен­­деді. Депозиттің азаюының екі себебі болуы мүмкін. Халық бір кездері жинаған ақшасын жұмсай бастады ма? Әлде банктерге деген сенімі азайып, ақшасын «жастығының астында» сақтауға көшті ме? Ол жағы белгісіз.

Бір анығы, несие нарығындағы секілді, мұнда да банктерді негі­зінен қарапайым халық «асырап» отыр. Бизнес нысандарының банктерде сақтаған ақшасы жыл басында 9,9 трлн теңге болса, жаздың соңында 9 трлн теңгеге төмендегені анықталды. Есесіне қарапайым халықтың жинағы жыл басынан бері 8 трлн 611,9 млрд теңгеден 8 трлн 656,8 млрд теңгеге өсті.

Елде несиелік дағдарыс болып жатқанда екінші деңгейлі банктер табыстарын қайтадан нарыққа шығарып, экономикада айналдырмай, керісінше біртіндеп өздерінің капиталдарын толықтырып жатқанға ұқсайды. Өйткені жыл басынан бері банктердің жиынтық меншікті капиталы айтарлықтай өскен. Екінші деңгейлі банктер­дің меншікті капиталы жыл басында 1 трлн 286,6 млрд болса, жарты жылда көрсеткіш екі жа­рым-үш есеге дейін артып, 3 трлн 184,9 млрд теңгеге жет­кені осыны аңғартады. Бұдан шы­ға­тын қорытынды, банктер эко­но­­микаға ұзақ мерзімді қаржы бө­лу­дің орнына, өздері «семіріп» жатыр.

Экономикаға жаны ашымайды деп банктерді де айып­тауға болмайтын шығар. Өйт­кені Ұлттық банктің соңғы уа­қыт­тағы бастамаларының еш­­қай­сысы банктердің пайда­сына шешілмегені анық. Дол­ларсыздандыру саясаты ірі биз­нестің банктерден ақшаларын алып, шетелге әкетуіне түрткі болды. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен теңгенің базалық мөлшерлемесін 9 па­йызға дейін түсіріп, ақша-несие саясатын қысқа мерзімге жеңілдеткен бас банк өткен айда мөлшерлемені қайта көтеріп тастағаны белгілі. Мұның бәрі екінші деңгейлі банктер үшін арзан ақша табуды қиындата түсті. Нәтижесінде банктер енді өздеріне ғана сенетін болды.