Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Аймақтың экспорттық мүмкіндігі артуда

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Құмар Ақса­қалов Ауғанстан Ислам Республикасының қар­жы министрі Мұхаммад Каюмимен кездесіп, екіжақты экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аймақтың экспорттық мүмкіндігі артуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Сау­да және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет» деп атап көрсеткен еді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі осы талаптың үддесінен шығып, кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін арттыруға қолдау білдіріп отыр.

Аталған екіжақты құжат сол талапты орындауды жандандыра түсері сөзсіз. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы мен АИР арасында сауда-экономикалық байланыстар артып келеді. Тауар айналымы былтыр 43 млн АҚШ долларын құраған болса, биылғы жылдың  7 айында ғана ол 76 млн АҚШ доллары көлеміне жеткен. Облыс Ауғанстанға дәнді дақылдар, зығыр майы, жасымық, жұмыртқа және т.б. шығарады. Ал Солтүстік Қазақстанға Ауған­станнан жеміс, көкөніс өнімдері келіп жатыр.

Екіжақты құжатқа қол қою барысында облыс әкімі Қ.Ақсақалов сауда айналымы енді тіпті арта түсетінін атап өтті. «Біз тауар айналымын мемлекеттік орган­дар деңгейінде бақылап, кәсіп­керлердің ұшырауы мүмкін тәуе­кел­дерін азайтуға тырысамыз. Екі­жақты сауда деңгейі артуы үшін және тараптар сенімін арттыру үшін мемлекеттің араласқаны маңызды» деді өз сөзінде облыс әкімі.

Ауғанстан қаржы министрі М.Каюми өзінің сөзінде екіжақты жұмыс тобы құрылып, ол саудаға түсетін тауарлар ассортиментін анықтайтын болады дей келіп, «тауар айналымын 1 млрд АҚШ доллары көлеміне дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», деді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы