Руханият • 21 Қыркүйек, 2019

Оралда ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық мерейтойы тойланды

1297 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Өлең-өмір» атты шығармашылық кеші өтті.

Оралда ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық мерейтойы тойланды

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойы биыл жыл басынан бері облыстың барлық аудандарында, ЖОО-лар мен мекеме-ұжымдарда аталып келген еді. Мерейтойлық шаралардың нүктесі Орал қаласында және ақынның туған жері – Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында «Алаш жырының ақ шағаласы» мәдени кешімен және дала ойындарымен қойылды.

 

Қазақ театрында өткен шараға халық көп жиналды. Бұл тойға құтты болсын айту үшін мәртебелі меймандар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ақтөбе қалаларынан арнайы келіпті.

– Ақұштап апа, Сіздің шығармашылығық әлеуетіңіз ешкімге ұқсамайтын ойшылдықпен, биік парасатпен, сазды жырлармен ерекше. Қазақ поэзиясы асқарында өзіндік өрнегіңіз бар. Бүгінгі таңда сізді көпшілік тек қарымды қаламгер деп емес, елдің мәртебесін, мәдениет, өнер, ұлттық рухты асқақтатып жүрген қайраткер деп біледі, әрі құрмет тұтады. Ал ұрпақтарыңыздың алдында аяулы ана, ардақты әжеабыройына иесіз! Бүгінгі өтіп жатқан осынау тамаша кешіңіз Жайық жұртшылығына үлкен қуаныш сыйлайтыны анық. Сіздің ел үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін атқарып келе жатқан еңбегіңіз елеулі. Қарымды қаламыңыздан туған қуатты әрі шынайы шығармалар ұрпақтан ұрпаққа жететінқұнды мұра. Сіздің мерейтойыңыз өңіріміздің әр ауданындааталып өтті. Қала, аудан-ауыл тұрғындары Сізбен қауышып, поэзия әлемінің тылсымына енді. Тағылымы мол кездесулерде елдік, отаншылдық, батырлық, жастартәрбиесі, ұлт болмысының тірегі саналатынқыздарымыздың тәлім-тәрбиесі турасында келелі ой қозғай білдіңіз. Мұның бәрі кешегісі мен бүгінін саралай білген, ертеңі үшін аянбай қызмет етіп жүрген тұлғаның шынайыболмысын білдірсе керек. Сол үшін өз атымнан, облысжұртшылығы атынан шын жүректен алғыс білдіреміз.Қашан да сіздің тойыңыз – елдің тойы, кешіңіз – халықтың кеші болуға жазсын дейміз. Халқымыздың қадірмендісі, ұлтымыздың мақтанышы болып, жалынды жырларыңыз елмен бірге жасай берсін! – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзінің құттықтау сөзінде.

Әдеби-музыкалық кештің негізгі бөлігі ақын өлеңдеріне жазылған әндерге арналды. Кештің басты тартуы – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының құрметті профессоры Роза Рымбаеваорындаған әндер болды. Ақынның қызы, белгілі қобызшы Ғазиза Ғабдырахимованың сүймелдеуімен шырқалған композитор Сәтжан Шәменовтің «Сезім» әні тыңдарманқауымға бұрыннан белгілі болса, «Есімде» (әні Ринат Ғайсиндікі) және «Боламыз бірге» (әуен авторы Талғат Сарыбаев) әндері осы кеште тұңғыш рет орындалды.

- Өздеріңіз білесіз, осы кезге дейін мен орындайтын әндердің авторлары – Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариев, Ибрагим Исаев, Ұлықбек Есдәулетов сынды ақындар, ер азаматтар болып келетін. Соңғы кезде әйелдің атынан жазылған, әйел табиғатына сай шығармаларды орындауға аңсарым ауды. Сөйтіп, Ақұштап апайға қолқа салдым. Бүгінгі орындалған шығармалар – осы әріптестіктің нәтижесі. Болашақта шығармашылық байланысымыз одан әрі беки түседі деп ойлаймын. Ақын апамызбен бірге әлі талай жаңа әндер жазамыз! – деді Роза Рымбаева.

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстыққазақ драма театры сахнасында ақын өлеңдеріне қойылған театрландырылған көрініс көпшілік көңілінен шықты. Ақындығы мен азаматтығы қатар жүретін Ақұштап Бақтыгерееваның өршіл жырлары тыңдаған жанның жүрегіне жігер құйып, терең әсерге бөледі.

 

Өнерге қанат қақтырғаның үшін,

Өмірден орын таптырғаның үшін,

Өзіңе әркез арқамды сүйеп,

Өткір шындықты айттырғаның үшін –

Оралдым саған, Ақ Жайық!

 Д

Көрген-білгенімді айта қалайын деп,

Көңілдер сырын байқап алайын деп,

Жалған күлкілер шаршатқан жанарымды

Мөлдір айдынға шайқап алайын деп –

Оралдым саған, Ақ Жайық!

 

Қарлығаш құсым жоғалған кезде,

Хан ордам түгел тоналған кезде,

Ертеңгі күннен күттіріп үміт

Айдынға аққу оралған кезде –

Оралдым саған, Ақ Жайық!

 

Достарым келсе, қарсы алу үшін,

Қосылып бірге ән салу үшін,

Көгілдір туға, егемен елге

Туған жерімде тамсану үшін –

Оралдым саған, Ақ Жайық!

Халық алдына шығып, сахнадан осынау жыр жолдарын төккен Ақұштап ақынын Ақ Жайық жұрты гүлмен көмкерді. Туған жерінен өрімдей он жеті жасында Алатау баурайына аттанған ақын қыз 40 жыл Алматыда тұрып, Алашқа танымал қаламгер атанып, мәуелі жемісін елге берер қазына шағында кіндік қаны тамған жеріне оралған еді. Оған да міне, 17 жыл болыпты. Айналасына, кейінгі буынға адамгершіліктің сабағын, отансүйгіштіктің өнегесін, намыстың насихатын таратып жүрген Ақұштап Бақтыгерейқызының мерейтойы – елдің ортақ қуанышына, жалпақ жұрттың жария мерекесіне айналғаны сондықтан.

- Ақынның бақыты – оның жазған өлеңінен оқырманның өзін тануы, өзінің арман-аңсарын, сағынышын, махаббатын, жүрегіндегі жан сырын табуы дер едім. Ақұштап апамыз дәл осы жағынан бақытты ақын. Себебі қазақтың әр қызы апайдың өлеңін оқып өсті. Олардың қатарында біз де бармыз.

«Осал да болма ойыңнан оңай адасқан,

Өжет те болма орынсыз сөзге таласқан.

Алдымен қызға керегі пәктік, нәзіктік,

Содан соң жаным, жаз мінез керек жарасқан! – деген сіңліге сырын жаттап өстік.

Бой жете бастаған кезімізде:

«Мен сені ойлайтынмын,

Таусылмас жыр-ән ғой деп.

Төменге қонбайтұғын

Тәкаппар қыран ғой деп.

Жалынның барлығына

Күймес деп ойлайтынмын,

Саусағы әр бұрымға

Тимес деп ойлайтынмын...» - деп жақсы көрген адамымызға наздана қарадық.

Одан кейін, бір шаңыраққа келін болып түскен кезімізде:

«Шырағымбысың, шынарымбысың,

Қыранымбысың, жыр-әнімбісің?

Бәрі де сен бол,

Мен әйел болам,

Өзіңе ғана ұнауым үшін!» - деп асыл жарымызға еркеледік. Ал қазір:

«Ақынмын бөбегін сағынған,

Анамын жыр болып ағылған.

Көңілмін екіге бөлінген,

Жүрекпін екіге жарылған!» - деп ғұмыр кешіп жатырмыз. Осы сәттің бәрінде, ғұмырымыздағы барлық жақсылық пен жамандықтың, қайғы мен қуаныштың бәрінде әдемі бұрымдай болып өріліп, ақ самалдай жанымызды тербетіп, апамыздың өлеңі жүрді. Ақұштап апа, Сіздің тойыңыз – өлеңнің тойы, қазақ өнерінің тойы. Құтты болсын! – деді Атырау қаласынан келген ақын қыз Бақыткүл Бабаш ағынан жарыла.

Ақынның мерейтойына Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, басқарма төрағасының баспа ісі жөніндегі кеңесшісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ғалым Қалибекұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-журналист, мәдениеттанушы Сара Ләтиева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және Президент сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, журналист, сатирик Көпен Әмірбек арнайы келіп, ақ тілектерін жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов елордаәкімі Алтай Көлгіновтың, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хаттары мен сыйлықтарын табыс етті.

- Жайықтың қызы деп еркелеткен халқыма осындай көңілді ән кешін сыйлағаныма ризамын. Ақынның мұңы – Ұлы Даланың, қазақ деген ұлттың мұңы. Сіз бен біздің қуанышымыз да, мұңымыз да ортақ. Жайықтың суы тартылмағай, елдің ырысы ортаймағай! Ақында, Анада – қазақтың қызында басқа қандай тілек болады?! Мен сіздерге әрдайым тілекшімін! – деді кеш қорытындысында Ақұштап ақын.

 Ш

Батыс Қазақстан