Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда Сәкен тойына арналған концерт өтті

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған шаралар жалғасын табуда. Соның бірі ретінде орталық саябақ алаңында ашық аспан астында өткен концертті айтуға болады.

Қарағандыда Сәкен тойына арналған концерт өтті

Мәдени шараның салтанатты ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин мерейтойының өңірімізде кеңінен аталып жатқанын атап өтіп, бұл шаралардың тағлымдық, тәрбиелік мән-мағынасына назар аударды.

– Біздің жастарымыз үлгі тұтуға тұрарлық ұлттық тұлғаларды білуі тиіс. Қиын-қыстау кезеңде Сәкен аға қазақ халқы үшін көптеген игі істерді атқарды. Бәріміз де Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәкен Сейфуллин сияқты үш алып бәйтерегімізді білеміз. Олар бір уақытта өмір сүрді, бір жолмен жүріп, өз көзқарастары үшін өмірлерін қиды. Алыптарымыз бекер құрбан болған жоқ – олардан кейін еліміз бен халқымыз тәуелсіздік алды. Халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің азаматтық ерліктері туралы естелік пен алғыс ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс, – деп атап ол.

А

Концерт эстрада жұлдыздары Бауыржан Исаев пен Алтынай Жорабаеваның орындауындағы  Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашылды. Одан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Әбділманов Сәкеннің «Аққудан айырылғанда» поэмасын оқыған кезде би ұжымдары тамаша хореографиялық қойылымды сахнаға шығарды.

Е

Сондай-ақ бұл кеште қала тұрғындары мен қонақтары алдында әнші Мадина Сәдуақасова, «Асыл» аспаптық триосы, Тәттімбет атындағы Қазақ академиялық оркестрі, фольклорлық ансамбльдер, жергілікті театрлардың танымал әншілері мен актерлері өнер көрсетті.

Айта кету керек, концерт Қарағанды облысының әкімдігі мен Nur Otan партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.