Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Ел басына күн туған қиын сәттерде қазақтың қайсар қыздары да ерлермен бірге атқа қонды. Солардың қатарында Хиуаз Доспанованың есімі айрықша ықыласпен аталады. Кескілескен шайқастың арасынан аман оралған батыр Отанды сүюдің ерен үлгісін көрсетті. Еліне ескерткіш болып оралған Хиуаз Доспанованың есімі мәңгі жасай береді», деді.
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы шағын ғана ауылдан «ұшқыш боламын» деген бала арманымен Мәскеуге аттанған қазақтың қаршадай қызын алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы майдан даласына апарды. Екінші дүниежүзілік соғыста ол 300 рет әуеге көтерілді. Құлады, қатты жарақаттанды, тіпті ауыр жарақатынан дәрігерлер екі аяғын кесіп тастай жаздады. Сонда да берілмеді. Жазылар-жазылмастан ұшағына отырып, жаудың бетін қайтаруға бел шеше кірісті. Жеңісті Берлин жерінде қарсы алған Хиуаз Доспанова Алматыға оралып, өмірінің соңына дейін сол қалада тұрды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан туған бауыры Ертарғын Доспанов: «Менің апам Хиуаздың құрметіне қойылған бұл белгіні ел шетіне жау тигенде қасқайып қарсы тұрған барша батыр қыздарға жасалған тағзым деп қабылдаймын», деді.
Салтанатты рәсімде Халық қаһарманының ерлігін насихаттап жүрген бастамашы топ жетекшісі, журналист Тұрсын Қалимова, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева, ескерткіш авторы Бақытбек Мұхамеджанов, бастамашыл топ мүшесі Әлия Бекқожиева, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова Хиуаз Доспанова атындағы медальмен марапатталды.
Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанар алдындағы бойжеткен кезі бейнеленген ескерткіштің биіктігі – 2 м 30 см. Жұмыстың авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов: «Халқы «қыран қыз», «қанатты қыз» деп атаған батыр Хиуаздың ұшақтан түсіп келе жатқан шағын қоладан құюға талаптандық», дейді.
Көрер көзге келісті дүние болып шыққан ескерткіш қаһарман қыздың туған жерімен қайта қауышуын бейнелеп тұрғандай. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген осы болса керек.
АТЫРАУ