Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Жезқазғанда ішкі газ желілері тартылуда

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында басталған «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жақында Жезқазған қаласына жеткен болатын. Бүгінде қала іргесінде автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталып, Жезқазғанға қарасты Талап ауылы мен Пристанционный елді мекенінде ішкі газ желілері тартылып жатыр.

Жезқазғанда ішкі газ желілері тартылуда

Жоспар бойынша Жезқазған қала­сындағы Талап ауылы, Геоло­гический, Қостанкелдісай, Бекболатсай елді мекен­дерінде орталық жылу жүйесіне қосыл­маған барлығы 2 мыңның үстіндегі жеке тұрғын үй газбен қамтамасыз еті­леді. 2019-2020 жылдарды қамтитын газ­дан­­дыру жоспары бойынша мердігер «Әлия-Сервис» ЖШС осы жылдың соңына дейін автоматты газ тарату стан­сасынан (АГТС) Талап ауылы мен Жезқазған қаласының Пристанционный елді мекеніне магистральды газ құбырын тартады. Сонымен бірге, Талап ауылын­дағы 148 үй мен мектеп, клуб сынды әле­уметтік нысандар да биыл көгілдір отын­ның игілігін көрмек. Қаланың қал­ған бөлігі кестеге сай келер жылы газ желі­сіне қосылмақ.

Оралдық «Әлия-Сервис» ЖШС мамандары қазір Талап ауылында ішкі газ құбырларын тартуда. Жоба бойынша әр үйге газ есептегіш құралдар орнату да қарастырылған.

– Қазір Талап ауылының ішінде орташа және төмен қысымдағы жалпы ұзындығы 6,8 шақырым газ желілерін тартып жатырмыз. Бүгінде 5,5 шақырымы тартылып болды. Ауыл ішіне орташа және төмен қысымға арналған пластик құбырлар тартылуда. Жұмыс биыл толық аяқталады, – дейді «Әлия-Сервис» ЖШС өкілі Айдос Себепов.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, АГТС-тан Пристанционный елді мекеніне дейін 16 шақырым магистральды темір құбыры тартылмақ. Бұл жоғары қысымдағы желі болады. Қазір дайындық жұмыстары жүруде.

– Мұндағы жұмысқа барлығы 9 тех­ни­ка, 25 адам жұмылдырылған. Оның ішін­де 10 адамды осы Талап ауылынан жұ­мысқа қабылдадық. Талап­тағы жұ­мыс аяқталған соң Прис­танционный ба­­ғы­­­тындағы жұмыс жанданады. Оған қо­­сым­­­ша жұмыс күшін тартатын бола­мыз. Ке­лер жылы қаланың басқа аудан­да­­ры­­на газ жеткіземіз, – дейді компания өкілі.

Мердігер жұмысына техника­лық қадағалау жүргізуге жауапты «ҚазАртҚұрылыс» ЖШС өкілі Жеңіс Әлім­жан жұмыстың кесте бойынша жүріп жатқанын, техникалық талаптар мен жобалық құжаттардан ауыт­қу­шылық жоқ екенін айтады.

Екі жылға жоспарланған Жез­қазған қаласын газдандыру жобасына бюджеттен 3 млрд теңге қаражат қарас­ты­рыл­ған. Алдын ала болжам бойынша қала­да бір текше метр газдың құны 47 тең­гені құрамақ.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы 5 нау­рызда өзінің бес әлеу­меттік бастамасын жариялап, онда астананы газдандыру туралы тапсырма берген еді.

Биыл наурызда алғашқы дәне­керлеу жұмыстары басталып, бүгінде бұл құбыр елордаға да жетіп қалды. Магистральды құ­быр­дың 80 пайызы Қарағанды облы­сы­ның аумағы­мен өтеді. Ауқымды жоба аясында Қарағанды облысында Жез­қаз­ған, Теміртау, Абай, Саран, Шах­тин­ск қала­лары мен облыстағы басқа да 114 елді мекенді газдандыру жоспар­лан­ған.

Дархан МҰХАН,
журналист

Жезқазған