Мемлекеттік қолдауды нақты іспен ұштастырғандар қатарында «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен құрылған сервистік-дайындау орталықтары бар. Бүгінде бұл орталықтар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қолын ұзартып отыр. Осындай қолдау құралдарының тиімділігін Қапшағай қаласындағы «Ақөзек» сервистік-дайындау орталығының басшысы Думан Майлиханов ризашылықпен айтады. Бұл орталық 2017 жылы «Ақөзек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Майлиханов Д.» шаруа қожалығының күш біріктіруімен құрылыпты.
Ал Думан Майлихановтың өзі бүкіл өңірге танымал кәсіпкер. Ол Қапшағай қаласындағы ірі шаруа қожалықтарының басшысы, Фермерлер одағының жергілікті филиалын басқарады және Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығымен бала кезінен таныс. Жастайынан пияз себуге көмектесіп, трактор жүргізген. Кәсіпкердің бизнестегі үлкен тәжірибесі мен іс жүргізудегі инновациялық тәсілінің арқасында Қапшағай өңірінде табысты әрі ірі сервистік-дайындау орталығын құрды.
– Шаруашылықта біз әрдайым пияз, соя, арпа және қарбыз өсірдік. Қант қызылшасын жаңғырту бойынша мемлекеттік қолдаудың жемісін көргеннен кейін біз де осымен айналысуды шештік. Сосын сервистік-дайындау орталығын құрдық. 2017 жылы 60 гектарға қызылша егілді. Нәтиже біздің күткенімізден асып түсті. Гектарынан 520 центнер өнім жиналды, – дейді диқан.
Егер екі жыл бұрын «Ақөзекте» егістік көлемі 60 гектар болса, 2018 жылы тәтті түбірдің көлемі 200 гектарға дейін кеңейіп, 4 мың тоннадан астам өнім жиналды. Биыл «Ақөзек» алқаптарында қант қызылшасы 160 гектарға өсірілуде. Негізінен Қапшағайдың жазы ыстық және желді болып келеді. Қолайсыз ауа райы жағдайларына қарамастан, «Жетісу» корпорациясы арқылы сатып алынған элиталық тұқымдар өнімділікті арттыруға көмектеседі. 2018-2019 жылдары жалпы сомасы 33,3 млн теңгеге Германия мен Франциядан 640 дана егіс тұқымы сатып алынды.
– Еуропалық тұқымның ерекшелігі, олардың әртүрлі агроклиматтық жағдайларға бейімделуі жоғары деңгейде. Сонымен қатар тұқымдар біздің жер қыртысына төзімді, – дейді Думан Майлиханов.
Заманауи ауыл шаруашылығы техникасы да кәсіпкерлерге қолғабыс болып келеді. Техника жұмыс күшін азайтуға, егіс алқабын жедел дайындап, егін жинау мерзімін қысқартуға көмектеседі. Қаржы лизингі аясында «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ақөзек» сервистік-дайындау орталығы жалпы сомасы 171,6 млн теңгеге 14 түрлі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Олардың қатарында қопсытқыш, бүріккіш, айналмалы соқа, дән сепкіш, трактор, тіркеме және басқалар бар.
Қожалықта тұрған Agrotron 170 сериялы DEUTZ FAHR неміс тракторы жоғары өнімділігімен, беріктілігімен және маневрлігімен ерекшеленеді және тіпті ең қиын жағдайларда да жұмыс істей алады. Мұның бәрі тракторға күні бойы дайындық жұмыстарынан бастап егіс жұмыстарына дейін, жыртудан бастап тасымалдауға дейін күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ал MONOSEM MECA V4 механикалық дән сепкіші қант қызылшасын егу үшін арнайы әзірленген. Себетін аппарат тереңдікті тұрақты бақылап, тұқымды жақсы орналастыру мен сапалы себуді қамтамасыз етеді.
Жалпы, қазіргі уақытта «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен Алматы облысында қызылша бағыт бойынша 29 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Оларға жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 603 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты.
Алматы облысы