Қазақстан • 23 Қыркүйек, 2019

«Мал да жоқ, қайыр да жоқ»

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықтың атқарушы билікке деген сеніміне селкеу түсіретін, қоғамдық көңіл күйдің төмендеуіне тікелей әсер ететін мәселелердің бірі – суық қолды ұры­лардың қылмыстық іс-әрекеті және бұл қылмыстардың көпшілігінің тиісті орындар тарапынан ашылмауы. Мұның ішінде, әсіресе «мал қайғысы – жан қайғысы» дейтін, «мал, жан аман ба?» деп хал сұрасатын қазақ қоғамында мал ұрлығының белең алып тұрғаны қара­пайым тұрғындарды қынжылтып отыр.

«Мал да жоқ, қайыр да жоқ»

Бала-шағасының қызығына, өзге де қажетіне жаратамын деп маңдайтерімен тірнектеп жинаған адал малынан айдың-күннің аманында айрылып қалу кімге болса да оңай тимейді. Бұған ұры-қарының «несібесі» болып кете барған малын шарқ ұрып ой мен қырды, тау мен тасты кезіп іздеудің шығыны мен әуресін, жоғымды тауып берер деген үмітпен жазған шағымына жүрдім-бардым қарайтын кейбір тиісті орындардың жүйкеге тиер сылбыр әрекетінен туындайтын өкпе-ренішті қосыңыз. Нағыз қиямет-қайымның өзі дерлік жайт.

Кейбір деректерге қарағанда, бүгінде еліміздегі жалпы қылмыстық іс-әрекеттердің басым бөлігін (шамамен 60 пайыздан астамы) мал ұрлығына қатысты қылмыстар құрайтын көрінеді. Ал бұл қылмыстардың ашылу деңгейі төмен.

Ішкі істер министрлігі ұсынған деректер бойынша, соңғы үш жылда 19 мыңнан астам мал ұрлығы орын алған. Соның салдарынан 60 мыңнан астам бас мал қолды болған көрінеді. Соның 30 мыңдайы ғана иелеріне қайтарылыпты. Есептей беріңіз. Бұл мал ұрлығына қатысты қылмыстардың жартысына жуығы ашылмай, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалады деген сөз. Осыдан тиісті орындардың мал ұрлығына қарсы күресі мен алдын алу бағытындағы шараларының мардымсыздығы бірден көрінеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін жояды, ішкі наразылығын туындатады.

Біз жоғарыда келтірген цифрлы деректер тіркелгендері ғана. Ал полицияға сенімсіздік танытып, шағым түсірмей өз бетінше ізденіп, іштен тынған жамағат қаншама. Полицияны алға салуды жөн көрмейтін малы ұрланған ағайынға да түсіністікпен қараған жөн шығар. Өйткені олар тиісті орынға арызданып, полицияға үміт артып уақыт «өлтіргенше», өздері қарекет еткенді артық көреді.

Осы арада тоқтала кетейік, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен көңілі қалып, олардан күдерін үзген тұрғындар тарапынан мал ұрлығына кейбір жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысы бар деген мазмұндағы пікірлер, күбір-сыбыр әңгімелер де ауыл-аймақтар көлемінде айтылып жататыны бар. Дәлел болмаған соң мұндай сөздер айтылған жерінде қалар, бірақ бір өкініштісі, оның азаматтарды қорғап, қолдап жүруі тиіс полицияның абыройына едәуір соққы болып тиетіні сөзсіз.

Құқық қорғау органдарына деген сенім­сіздік жапа шеккен кейбір азаматтардың өз бетінше әрекет етуіне алып келеді. Яғни, мұн­дай сенімсіздік жекелеген адамдардың заң қағидаларын айналып өтіп, түйінді мәселесін өз еркімен, өз білгенімен шешуге ұмтылуына алғышарт түзеді. Оның соңы қанды қылмысқа, орны толмас өкінішке, тұрғындар арасындағы дау-жанжалға, кек алу әрекеттеріне ұласуы мүмкін... Тіпті ел бірлігіне, халықтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін оқиғаларды туындатуы ықтимал. Осы орайда құқық қорғау органдарының да айтатын уәжі бар: мал иелері жоғалтқан дүниесін өз күшімен іздеп, тым кеш арызданады. Бұл қылмыстың ашылуына үлкен кедергі. Өйткені арадағы уақытта ұрылар ізін суытып үлгереді. Соның салдарынан іздеу шаралары қиынға түседі де, іздестіру жұмыстары нәтижесіз болады.

Мамандардың сөзіне қарағанда, өзгенің мүлкін заңсыз иелену, ұрлық-қарлық, алаяқтық, тонау, пайдакүнемдік тағы басқа да сипаттағы қылмыстардың көптеп орын алуына жұмыссыздық, тұрғындардың белгілі бір бөлігінде тұрақты кіріс көзінің болмауы тікелей әсер етіп отырған көрінеді. Осындай себептерден малдының қорасын сырттай торуылдап, өрісте жүрген өзгенің малын қақпайлап жүріп құрығына түсіретін қаскөйлердің қатары артып отыр.

Қалай десек те тиісті орындар тарапынан қолданылатын шаралардың жеткіліксіздігі, сылбыр қимыл мал ұрлауды «кәсіп» ететіндер үшін тиімді болып тұр. Бұл мәселе тек полиция емес, басқа да мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін талап етеді.

«Қайтқан малда қайыр бар» деуші еді аталарымыз. Ал бүгін керісінше, қайтқан мал да жоқ, қайыр да жоқ...