Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Қостанай қыста тоңбайды

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қыс шанаңды жазда сайла» дегенде, еліміздегі қысы қаһарлы өңірде жылыту маусымына дайындық ерте басталды. Бүгінге дейін облыстағы 105 қазандық, 736 дербес жылыту жүйесі толық дайын. Оның сыртында 18 шақырымнан астам жылу құбыры желісі, 91 шақырым су және кәріз құбырлары жөнделді.

Қостанай қыста тоңбайды

– Білім беру, денсаулық, әлеуметтік сала және көп қабатты үйлердің барлығы жылыту маусымына сақадай-сай. Осылардың барлығының әзірлігін пысықтау үшін қазір жылу жүйесінде ги­дравликалық күзгі сынақтар жүргізіп, тексеріп жатырмыз. Осындай жұмыс барысында 32 құбырдан ақау табылды. Ең ауқымды жұмыс «ССКӨБ» акционерлік қоғамының Руд­ный жылу-энер­гетикалық орта­лығында жүрді. Соңғы үш жылда жыл сайын осы орталықтың жөн­деу жұмыстарына 5 млрд теңге жұмсалады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұр­мұхамбетов.

Бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін көмірдің 90 пайызы, ал тұрғындар үшін қажетті отынның 80 пайызы жеткізілді. Ал кеншілер қаласы мен өндірісті жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Рудный жылу-электр орталығына көмір жыл бойы тасылады. Оған жылына 931 мың тонна көмір жеткізіледі. Қазір қыс маусымына арналған тиісті көмір қоры жасалды.

Қаланы мазут арқылы жылытып отырған Арқалық қаласы үшін қыс маусымы өте қымбатқа түседі. Себебі мазут қымбат, ол уақтылы жеткізілмесе, 40 мың­нан аса халқы бар қаланың жағ­дайы қақаған аяз бен түтеген боранда қиын болатыны белгілі. Облыс әкімдігінің хабарлауынша биылғы қыс­та мазут жеткілікті болады. Ар­қалық жылу энергетикалық ор­талығында қазір 1,84 мың тонна былтырдан артылған мазут бар. Қажетті 21,1 мың тонна мазут Энергетика министрлігінің жасаған кестесіне сәйкес мұнай және мұнай өнім­дерімен қамтамасыз ететін облыс­тардан қазан айынан келер жылдың ақпанына дейін тасылады. Қаланы жылытуды алдағы жылдары көмірге ауыстыру үшін жүретін жұмыстардың құжаттары дайындалуда. Ол үшін облыс бюджетінен 500 миллион теңге бөлінді, жетпегені жергілікті бюд­жеттен қаралады. Негізі Арқа­лық жылу-энергетикалық орта­лығын мазуттан көмірге көшіру бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қазір жобаның сметалық құжаттары дайындалып, комиссиялық қаралуға жіберілді. Алдағы жылы ол іске асады деген болжам бар. Сонда Шұбаркөлден тасылатын көмір Арқалық жылу-энергетикалық орталығы үшін әрі арзан және тиімді болады.

Жылу облыс қалаларына ауа райына қарай қазанның басынан бастап сатылап беріледі.

ҚОСТАНАЙ