Әдебиет • 23 Қыркүйек, 2019

Бай-Өлкеде мәдени орталық ашылды

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Моңғолия Республикасы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында орналасқан ақын-драматург, өлкенің жаңа низам әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың 70 жылдық мерейтойы қар­саңында, аталған өлкеде Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.

Бай-Өлкеде мәдени орталық ашылды

Бұл шара екі мемлекет кі­тапханалары арасында ке­лі­сіл­ген меморандум нәтиже­сін­де іске асып отыр. Идея автор­ла­рының бірі – елорда төрінде орын тепкен Ұлттық академиялық кі­­тапхана директоры Үмітхан Дәу­­ренбекқызы. «Аталған жо­­ба еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің атсалысуы­мен орындалып отыр», дейді ұйым­дастырушылар.

Жаңадан ашылған орталыққа «Атажұрттан рухани тарту» акциясы бойынша жинастырылған саясат, экономика, тарих, салт-дәстүр және еліміздің та­биғи көркем ландшафты аймағы қамтылған әртүрлі тақы­рып­тағы 200 дана кітаппен қоса, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен «Фолиант» баспасы атынан 500 дана кітап жеткізілді.

Мұндағы мақсат – қазақ­стан­дық авторларды жаһандық әдеби үрдіске интеграциялау, қазақ халқының тарихы мен мәдение­тін, салт-дәстүрін, сая­сатын, заманауи проза мен поэ­зиясын шет елдерде насихаттау.

Бүгінгі таңда мұндай орталық – Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей Фе­дерациясы, Армения, Ма­лайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью - Йорк көпшілік кітапханасы және Кон­гресс кітапханасы), Якутия, Чува­шия, Румыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания, Өзбекстан қатарлы 31 шет елде ашылу үс­тін­де көрінеді.