Руханият • 23 Қыркүйек, 2019

Қазақ делегациясы Дамаскідегі Әбу Насыр әл-Фарабидің қабіріне зиярат жасады

475 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Келесі жылы «Әлемнің екінші ұс­тазы» атанған Әбу Насыр әл-Фара­би бабамыздың 1150 жылдығы аталып өтеді. Осы ауқымды оқиғаға әзір­лік барысында қазақстандық арнайы де­легация Сирияның Дамаск қа­ла­сына іссапармен барды. Әрі бұл сапар мемлекеттік «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі міндеттерді жүзеге асыруды мақсат тұтады.

Қазақ делегациясы Дамаскідегі Әбу Насыр әл-Фарабидің қабіріне зиярат жасады

Аталған іссапар көптен бері жос­парланып, Қазақстан Республика­сы­ның Ливандағы Елшілігінің жә­не Сирия Республикасының Қазақ­стандағы құрметті Елшісінің қолда­уымен жүзеге асты.

Осылайша бұл сапар ұлы бабамызға зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен са­лынған «Әл-Фараби мәдени тари­хы орталығы және кесенесі» құрылы­сы­ның жай-күйімен жақыннан танысып, 2020 жылы ұлы ойшылдың 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын жалғастыруды көздеп отыр. Со­нымен бірге достас мемлекеттер ара­сындағы ортақ тарихи және мәдени құн­дылықтарды насихаттап, жақсы қа­рым-қатынастың іргетасын нығайта түсу де маңызды.

Сонымен қазақстандық делега­ция құрамында ҚазҰУ-дың ректо­ры Ғалымқайыр Мұтанұлы, Пар­ла­мент Сенатының депутаты Әлім­жан Құртаев, танымал кинорежиссер Сер­­­гей Әзімовтің түсіру тобы мен ­Qa­zaq­­stan-1 теларнасы атынан Дар­хан Әб­діков басшылығындағы түсі­рілім тобы, сондай-ақ Шығыстану фа­куль­тетінің деканы Ықтияр Палтөре болды.

Сапар аясында қазақстандық деле­гация Дамаск қаласы әкімінің қабыл­дауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихи орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасты. Делегация басшысы академик Ғалымқайыр Мұтанов Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алаби мырзамен кездесуінде ұлы бабамыздың жатқан жеріне салынған ғимаратты аса қиын соғыс кезінде сақ­тап қалуға атсалысқандары үшін Қа­зақстан атынан зор алғыс айтып, ри­зашылық танытты.

Маңызды кездесулер кезінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Сіздермен бізді байланыстыратын тарих тереңнен тартады. Отырарда дүниеге келген ұлы әл-Фараби бабамыз, кезінде сіздерде билік құрған Сұлтан Заһир Бейбарыс бабамыз осы киелі Дамаск жерінде жатыр. Бұл екі алып тұлға екі елді жақындастыра түсе­тін мәдени көпір, жастар тәрибесінде рухани азық, күш-жігер, үлгі-өнеге болатын тұлғалар екендігіне сенім білдіремін», деді.

Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Екі университет басшысы өзара диалог барысында қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов әл-Фарабиге деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған фи­лософиялық ой-толғамдары мен жалпы адамзаттың бақытты өмір сү­руіне қатысты айтқан тұжырымды ой­ларын бүгінмен байланыстырудың өзек­ті­лігіне ерекше тоқталды.

Осы бағытта әл-Фарабидің есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық универ­ситеті ұлы ғұламаның ізгілік қоғамы идеясы негізінде инновациялық-тех­но­логиялық тұғырнамамен қатар ру­ха­ни-адамгершілік құндылықтарға негізделген «Университет 4.0» жа­ңа буын университетінің моделін жа­са­ғандығын айтты. Бұл жобаны Бірік­кен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныс­тырып, осы ұйымның қолдауымен оны халықаралық деңгейде жүзеге асыруға ұсыныс білдіргендігін тілге тиек етті. Осылайша Қазақ ұлттық университеті БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыра бастағандығын түсіндіріп берді. Сондай-ақ бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркия, Мысыр, Италия, Қытай, Үн­дістан, Болгария сияқты тағы басқа елдердің жетекші университеттерінде 12 «Әл-Фараби» ғылыми-білім беру орталығы, Түркия мен Үндістанда «Әл-Фараби» атындағы музей үйінің ашылғандығын жеткізді.

Іссапар аясында қазақстандық де­­ле­гация Сирияның халықаралық ака­­демиясында дөңгелек үстел өткіз­ді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шы­ғар­­машылығы, философиялық ой-тол­ғамдары, әсіресе «Қайырымды қа­ла құру» туралы айтқан ой-пікірлері ке­ңінен талқыға салынды. Жиын со­ңында халықаралық академияның дөң­гелек үстел өтіп отырған үлкен за­лы бұдан бұлай «әл-Фараби» атын­дағы үлкен зал деп аталуына шешім шығарылды.

Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «Әл-Фа­раби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бей­ба­рыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарих-мәдени орындарды таспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол видеоматериалдар жинақтады.

АЛМАТЫ