23 қыркүйекте халықаралық ым –ишара тілдерінің күні атап өтіледі. Арнайы датаны 2017 жылы БҰҰ белгілеген. Күн сайын еліміздегі 348 фронт-офиске мыңдаған қазақстандық мемлекеттік қызмет алуға келеді. Олардың сұранысын өтеп, сапалы қызмет көрсету – ХҚО қызметкерлерінің міндеті. Қызмет алушылардың арасында ерекше қажеттілігі бар тұлғалар да бар. Есту қабілеті нашар адамдар үшін фронт-офистерде ым-ишара тілін меңгерген мамандар қызмет көрсетеді.
«Әр күнін «тыныштықта» өткізетін азамат ХҚО сияқты мекемеге келіп, өзін түсіне алатын қызметкермен ыммен тілдесіп, керек қызметін ала алады. Біз қашанда ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға бар жағдайды жасауға тырысамыз. Арбамен жүретіндер үшін пандустар, зағиптар үшін Брайль әліпбиіндегі жазулары бар тақтайшалар қойылған, нашар еститіндерге сурдоаударма тілін меңгергендер қызмет көрсетеді», – дейді басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Еліміз бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімдерінде еңбек ететін 1 300-ден астам қызметкер биыл ым-ишара тілін меңгеру курстарынан өткен. Олардың 1 100-ден астамы арнайы сертификат алған.
Мемлекеттік корпорацияның Қостанай облыстық филиалында қызмет ететін Айжан Мақатованың айтуынша, ым-ишара тілін үйрену ұсынылғанда, ол бірден келісімін берген. Адамдарға көмектесу – басты парызым деп білген ол курстардан өту арқылы қызмет алуға келетін ерекше тұлғаларға пайдасын тигізе алатынын айтады.
«Аз уақыт ішінде біз ым-ишара тіліндегі амандасу, қоштасу, әріптер, сандар сияқты негізгі сөздері мен терминдерін меңгердік. Қызмет алушыларға қандай анықтама, құжат қажет деп сұрай аламыз, мейлі ол жеке куәлік не паспорт болсын», – дейді Айжан Мақатова.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорацияда I, II, III топ мүгедектігі бар 745 жұмыскер еңбек етеді. Жұмыспен қамту стратегиялық жоспарына сәйкес, мүгедектігі бар қызметкерлердің жалпы штат көлеміндегі үлесі 4 % кем болмауы тиіс. III топ мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік корпорацияға еш конкурстық іріктеусіз жұмысқа орналаса алады.