Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Алматыда дәрігер Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл ақпаратты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Алматыда дәрігер Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды

30 мың ота жасап, 5 мың адамның өмірін ажалдан арашалап қалған Нұртас Кәкімжанұлы осыдан жеті жыл бұрын, 2012 жылы  дүниеден өтті.

Сан мың адамның өліміне араша болып, талай науқасты аяққа тұрғызған арда азамат 53 жасында бұл өмірмен қоштасып кетті. Кеуденің қуысына жасырынған жұдырықтай жүрек өз жұмысын осы мезетте тоқтатты. Найзағайдай жарқ етіп, аспанда жұлдыз ақты. Бұл 2012 жылдың 5 тамызы еді. Араға жеті жыл салып барып қолға алынған іс-шараға туыстары, достары және оны танып-білген азаматтар қатысты.      

Ескерткіш  Төлебаев көшесінде өзі тұрған үйге қойылды.

Салтанатты ашылу рәсімін Нұртас Қазыбаевтың жақын досы, ғалым Алмаз Шарман өткізді.

«Біздің Нұртас өз заманының үздік хирургтарының бірі болған. Оны «халық академигі» деп атаған. Оның өмірі өте қысқа болса да, Нұртас артынан тамаша із қалдырды. Әріптестеріміздің арасында біз оны дарынды хирург деп атайтынбыз, емделушілер арасында – «қолы алтын адам», ал достардың арасында – «жақсылық жаршысы», - дейді Алмаз Шарман.

Медицина ғылымының кандидаты, доцент, жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Нұртас АҚШ пен Швейцарияда тәжиірбеден өткен хирург, өмірінің соңына дейін дәрігерлік антына адал болды.  

Қазыбаевтың әріптесі Сергей Шиллердің айтуынша, Нұртас Кәкімжанұлы туралы естеліктің шегі жоқ. Ол медицина саласының үздігі еді.

«Оның бастаған кез келген ісі тек жақсылықпен аяқталатын» дейді ол.

Нұртас Кәкімжанұлының жақын досы Венера Нығматуллина Нұртастың өмірі өзгеге жан жылуын сыйлаумен өткенін, тіпті отбасылық отырыстарда телефонын тастамайтын, өшірмейтінін еске түсірді.

«Өйткені үнемі науқастармен байланыста болып, кеңесін айтып отыратын. Кәсібилігі бір төбе мұндай дәрігерге өзімінің және жақындарымның денсаулығын үлкен сеніммен тапсыра алатынмын» дейді Венера Нығматуллина. 

Нұртас Кәкімжанұлы көпшілік «Совминка» деп атап кеткен, қазіргі орталық клиникалық ауруханада 30 жыл жұмыс істеген. Инновациялық әдістерді қолданудың арқасында бірнеше жоғары профильді бөлімшені де ашып үлгеріпті.

Нұртас Қазыбаев 1958 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Нәсілі қазаққа Қазыбаев тегі жақсы таныс. Нұртас – белгілі мемлекет қайраткері, журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Анасы – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Нұртастың есімі атақты Нұртас Оңдасыновтың құрметіне қойылғанын екінің бірі біле бермейді. Анасы ол жайлы естеліктерінде былай дейді: Орынша апамыздың Нұртас дүниеге келген кезді еске алып, қағазға түсіргені бар: «Әлі есімде, 1958 жыл, қыркүйектің 26-сы. Кәкең Қостанайдан іссапардан келді. Ол жылы егін бітік шығып, республика диқаншылары алас ұрып жатқан кез... Таңғы астан кейін Кәкең қызметіне кетті. Ол кетісімен менде толғақ басталды. Қайын сіңлім Рая аялдамадағы телефоннан «Жедел жәрдем» шақырды. Нұртасымның толғағы да, тууы да өте жеңіл болды. Күндізгі сағат 12-де перзентханада балам өмірге келді. Әкесі келгенде дәрігерлер сүйінші сұрап қуантыпты. Сол күні марқұм жолдастарымен терезе алдына келіп, «дүниеге ұл келді» деп бәрі қуаныштарын ішке жасыра алмай, мақтана айқайлап еді... Сонымен, перзентханада он күн жатып, үйге келдік. Үйге Бауыржан Момышұлының бәйбішесі Кәкеңнің Жәкеңі, Жамал апай келіп, үй шаруашылығын басқарып кетті. «Қазір Баукең келеді, бәріңе шай қамын жасап жатырмын» деп анамдай қарсы алып, баласының бетіп ашып көріп: «Алла қаласа, үлкен азамат болады, Баукең көрімдігін береді», - деді. Сөйткенше Баукең де келді. «Көрімдігі» деп 50 сом берді. Апай: «Бала менікі», - дегендіктен 25 сомын апайға бердім. Қалған 25 сом ол кезде үлкен ақша еді, байып қалдық. Кешке жолдастар келді. Үйімізге 50 адам сыйды. Баламызға қойылған атты қалпаққа салып араластырып, мен таңдадым. Кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған, өмірден ерте озған Ұзақ Бағаевтың қағазға жазған аты «Нұртас» екен. Сөйтіп, ұлымыздың аты Нұртас болды. «Бір кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы болған, ел азаматы Нұртас Оңдасыновтай атақты болсын» деп тілек тіленді. Сол тілек орындалды».

«Алтын қолды хирург» атанып кеткен дәрігердің мемориалды тақтасы жазушы-публицист, қоғам қайраткері, журналист,  әкесі Қазыбаев Кәкімжанның қасына орнатылыпты.

 

АЛМАТЫ