Жалпы облыс көлемінде 7 студенттер жатақханасы орналасқан, оның үшеуі жоғары оқу орнына, үшеуі арнайы орта білім беретін оқу орындарына және біреуі жеке кәсіпкерге тиесілі.
Мониторинг барысында анықталғандай, Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің №5 жатақханасы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап жабылған, ал осы колледж студенттерінің шағын бір бөлігі және Ақтау қаласындағы колледждердің 168 студенті «Гусейнов» жеке кәсіпкердің иелігіндегі жатақханаға 3 есе артық төлеммен қаражат төлеп жатуда (8000 теңге).
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің №1, №2, №3 студенттер жатақханасын бақылау барысында №2 жатақханада 1 адамға 6 шаршы метр көлем тиесілі болса, мұнда студенттер тұрып жатқан 112 бөлменің 66-да бұл талап сақталмай отыр. Яғни көлемі 14 шаршы метр бөлмеде 3 адамнан тұрып жатқаны анықталды және №3 жатақханада барлық стандарттар сақталғанымен, университет тарапынан ұйымдастырылған асханада кассалық аппараттар жоқ. Айта кету керек, есептегіш құралдардың, кассалық аппараттадың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі болып табылады.
Сонымен қатар Қарақия ауданында орналасқан Қарақия кәсіптік колледжіне қарасты студенттер жатақханасында стандарттардың толықтай сақталғандығы және студент мемлекет есебінен тегін тұратыны, барлық жағдайлары жасалғаны белгілі болды.
Жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныс жолданып, тиісті шаралар қолданылатын болады.