Руханият • 24 Қыркүйек, 2019

Қазақ хандары ұстанған бұйымдар қайда?

1249 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан 4 жыл бұрын, 2015 жылы сол кездегі Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың Түркістан қаласынан «Хандар мұражайын» ашу туралы ұсынысы Үкіметтің назарына енді жетті. Бүгін Түркістан қаласының жобасында хандар мұражайына орын бар деген хабар алдық.

Қазақ хандары ұстанған бұйымдар қайда?

Түркістан қаласында қазақ­тың 21 ханы мен өзге де тұлғалар жерленгені тарихтан белгілі. Әзірет сұлтан мазары жанында хан­дардың әскери бекеті ретінде пайдаланылған ғимарат әлі күнге дейін сақталған.

«Қазақ хандығының куәсі болған осы сынды ғимараттарды қал­пына келтіру уақыт күттір­мей­тін мәселе» деп сөзін түйін­деген болатын сол кезде Қ.Ай­таханов.

Сонымен, қазақ хандары мұражайының қажеттілігін өкі­мет сезінді. Түркістан қала­­сы­на деген ықыластың дең­гейіне қарап, оның құры­лы­сы қаржыдан кенде болып қал­­майтынын іштей сезесің. Біз­­­дің бүгінгі айтпа­ғы­­мыз, мұ­ра­­жайға қойылатын жәді­герлер жайында болмақ. Себебі жа­ңадан салынғалы отыр­ған мұра­жайды өзгелерден ерек­шелендіріп тұратын фак­тор да сол жәдігерлерге қатысты бол­мақ. Егер, оны бүгінгі саясат­пен қабыстырсақ, мәселенің м­ә­нісін жеңілдетіп аламыз. Хан­­­дар мұражайына тек қазақ хан­дарына тиесілі бұйымдарға ғана орын берілуі керек. Өзге дүние – артық.

Ендеше, ел көлемінде, тіп­ті халықаралық деңгейде хан­дардың артында қалған бұ­йым­дарға сұрау салатын кез келді. Себебі қазақ ханының ала­қаны­ның ізі қалған кез келген бұйым қазақтан өзге ұлт үшін соқыр тиындық да құны жоқ, тек қана шаң басып тұрған мұражай жәдігері ғана болмақ. Ал біз үшін ол – тарих!

Сондықтан еліміздің сырт елдердегі дипломатиялық өкіл­дері арқылы шетелдердің мұра­жайларында тұрған жәдігер­лердің көшірмесін, қажет болса өзін елге алдыратын кез келді.

Енді қолымызда не бар?

Соны рет-ретімен баяндап шығайық. 2007 жылы ел ішінен Абылай ханның зерлі шапаны табылғанда оған елең етпеген қазақ баласы қалмады. Қазір ол елордадағы Ұлттық мұражайдың төрінде тұр. Сол шамада Оңтүстік Қазақстан облысынан табылған Кенесары ханның қайқы қылышы да қазір астанадағы мұражайда. Қылышты Кенесарының ұрпағы Әзімхан Кенесарин тапсырған. Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дардағы қуғын-сүргін құрбанына айналып, атылып кеткен Әзімхан ақсақал құнды жәдігерді 1931 жылы Шымкенттегі мұражайға тапсырып үлгерді. Қылышты тір­кеу кітапшасында: «152.8-VI-1931. Подарок внука К. Касымова – Азымхана Кенесарина. Саб­ля, принадлежащая султану Кенесары Касымову. Кривая, с ножными из кожи, рукоятка из кости. Материал железо. Длина лезвия 70 см. Длина рукоятки 15 см. Старая, ржавая» деп жазыл­ған. Мұны қазақшаласақ, қайқы қылыштың қынабы теріден жасалған. Сүйектен жасалған сабының ұзындығы – 15 см, ал темір жүзі – 70 см. Әрине, уақыт өз дегенін істеп, жәдігер тозыңқырап, тат басқан. Жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иеге­рі Ду­ман Рамазан мұны Әзім­хан Кенесариннің қызы На­пу­­са әжемен әңгімелескеннен кейін анықтады. «Кенесары ор­да­сындағы сыйлы адамдар мен әскер­басылар қызыл қынапты қылыш асынған. Ендеше, Ке­несарының қызыл қынапты қы­лыш ұстауы тарихи шындыққа бір табан жақындай түсетін сияқты.

Абылай ханның Қытай би­леушілерімен арадағы хатта­рының түпнұсқасы Бейжің мұра­жайларында сақтаулы тұр. Оның көшірмелерінің алды елге жетті. Сол көшірмелер де мұра­жайдың төрінен орын алуы тиіс.

Біз, тарихын түгендей алмай жүрген тағдырлы ұлтпыз. Тіпті, арысын былай қойғанда, қазақтың соңғы ханы Кенесарының өмір­дегі бейнесінің қандай бол­ғанын білмейміз.

Қазақтың ел бастаған, сөз бастаған көсемдеріне тиесілі жәдігерлер қайда кетті деген мәселе біз үшін ғана емес, біздің ұрпақ­тарымыз үшін керек. Себебі ол сөз ұстаған, ел билеген ардақтыларымыздың көзі. Біз оны көзіміздің қарашығындай қорғап, сақтауымыз керек еді. Сақтай алмадық. «Олар қайда? Қандай жолмен шетел асып кетті?» деген мәселенің өзі қа­зып зерттеуді қажетсінетін та­қырып. Ол үшін біреуді кінәлау бүгін кеш. Бірақ күні ертең ашыл­ғалы отырған мұражайға не қоямыз?

Қолда бар жәдігерлерді сана­сақ, екі-үш бұйымнан кейін саусағымыз бүгілмей қалады. Ал оны суретпен тағы толтыра алмайсың. Сол себепті сұрау салайық. Қолымызға шырақ алып жүріп іздейік. Хандарымыздың көзі тірісінде қолмен ұстаған бұйымдарын елге алдырайық.

Түркістандағы Тайқазан елге жеткенде – тарихымыз түгел­денгендей күй кештік. Оның қақ­пағы сырт елде қалғанын кейінгі ұрпақ біле бермейді. Ал қазақта қазанның қақпағын ашық қалдыру жаман ырым. Ендеше, хандардың ұстаған бұйымдарын түгендеуді сол қақпақты елге ал­дырудан бастасақ па дейміз. Себебі тайқазан 1934 жылы ЭКСПО көрмесі үшін уақытша Ресейге алдырылды да қалып қой­ды. Демек, Ресей тарабы оны меншіктей алмайды. Оған 1934 жылы қазан­ды уақытша алдырылғанын дәлел­дейтін құ­жат куә. Сонан соң 2015 жылы Рим­нен өте ерте заманда өмір сүрген суретшінің ақ боз атты кар­тинасын қазақ тарихына қа­тысы жоқ деп ешкім айта алмай­ды.

Ел ішінде де, сырт елдерде де қазақ хандарына қатысты бұйымдар жетерлік. Оны тү­ген­деуге кейде ниет, кейде қар­­жы жетпей жатқаны рас. Мы­салы, Абылайды хан көтерген ақ киіздің қырыққа бөлінген туырлығы күні бүгінге дейін ұр­пақ­тарының қолында бар дегенді жиі естиміз. Мысалы, өткен жылы әлеуметтік желілерде батыс елдері мұражайларында сақтаулы тұрған Тәуке ханның дулығасына қатысты деректер пайда болды. Бірақ оған мемлекет тарапынан да, тарихшылар тарапынан да назар аударылмады. Ұмыт қалды.

Мұрағат саясатын тарихтан бөліп-жаруға болмайды. Ол мемлекеттік саясаттың күре тамырына қан жүгіртіп тұратын күш болуы керек. Қазақ тарихын хандар тарихынан бөліп-жарып қарау әбестік болар еді.

Сондықтан хандарымыздың артында қалған бұйымдарды іздеп, елге алдырып, Хандар мұра­жайының төрі арқылы қо­ғам­ның назарына ұсыну бізге сын болмақ.

...Мүмкін, қазақ тарихына кел­генде қалғып кетуге жол бермейтін күшті біз сол мұра­жайдан, оның жәдігер­лерінен табармыз.

 

АЛМАТЫ