Пенделердің арасында өзінде жоққа қызығып, қызғанатындар бар да, біреудің басындағы азғантай бақты көре алмай «оған бергенше маған неге бермейді бұл өмір» деп күйінетін теріс ниеттілер де кездеседі. Осындай көре алмастардың ортасында адам баласы өзін қалай ұстаймын, өзгені қалай жауықтырмаймын деген ой жетегінде жүреді. Өйткені көре алмаушылықтың ақыры жауласуға әкелетіні айқын. Қастандыққа да осы қызғаныш итермелейді. Қандай формада болса да, қызғаныш бойында бар пенде жүйке жүйесіндегі әлдебір жетіспеушіліктің құрбаны екенін білмейді. Иә, қызғаныш – жүйке ауруы, түптеп келгенде кісі бойындағы дерт екен. Бұл дертпен күреспесе, пенде қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Қызғанып жүріп, жаны нәзік адамдардың да жүйкесін жеп құртатындар бар ғой. Енді қызғаныш деген қандай ауру, соған тоқталайық.
Дін тұрғысынан қарасақ, қызғаншақтық жақсы емес. Дүние жүзіндегі қандай діни бағыт болса да, барлығы қызғаншақтықтан арылуға шақырады. Мәселен, қызғаныш христиан дінінде үлкен күнә саналады. Мұсылман қағидаттары бойынша, өзгенің мүлкіне көз салу, біреудің жетістігіне теріс ниетте болу, өзгенің артықшылығын көре алмау дұрыс адамға тән емес. Ежелгі Мысыр жазбаларында қызғаныш пенде бойындағы жексұрындықтың ең сорақысы екені жазылған. Байырғы Шығыс ғұламалары қызғаныштың қандай түрі болса да адамды өлілер әлеміне әкелетінін, бұндай лас сезімнен арылмаған кісінің тәнімен қоса жаны да жойылатынын ескерткен.
Қызғаншақ пенде қай халықта болса да сүйкімсіз екені белгілі. Қызғаныш ұғымын әртүрлі халықтарда белгілі бір түске балайды. Латын тілінде қызғанышты «livor» деген, ол «көгеру» деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Римде іші тар пенделерге қатысты «қызғаныштан көгерді» деген тіркес қолданылған. Шығыс халықтарында қызғаныш қызыл түспен астасады. Қытайда қызғанышты «қызыл көздің дерті» санайды. Қазақта «қып-қызыл қызғаныш, қызғаныштың қызыл иті» деген сияқты тіркестер бар. Жалпы, қызғаныш қара ниетпен байланысты болғандықтан, қара түспен де бейнеленеді.
Психологтар әдетте өзінде бардан гөрі өзгенің қолындағыны артық көретін пенделерді қызғаншақтар санатына жатқызады. Қызғаншақ пенде үшін бар жақсының бәрі өзгенің қолында, сәттілік тек басқаның жағында. Қайыршының қолындағы бір тал алманы да қызғанатындар бар. Ал оның қайыршы екені, алма жеу мүмкіндігі сирек тиетінін сол сәт ойламайды. Алма ұстаған қайыршы сол сәтте өзінен гөрі бақытты болып көрінеді. Сондықтан «түріне қарамай, жақсы піскен алманы қайдан алды?» деп ойлай бастайды. Ешкімнің ештеңесін көре алмайтын сұрапыл қызғаншақтар «ол қайыршы ғой, неге алма жеу керек?» деген сұрақ қояды өзіне өзі. Пиғылы тар пенденің ойынша жақсы алманы тек өзі жеуі керек, қайыршы одан әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан жемістен татуға құқы жоқ.
Психологиялық тұрғыда ойланып қарасақ, нағыз бақытсыз қайыршы емес, оның қолындағы алманы көре алмаған пенде екен. Біреудің титтей мүмкіндігін көре алмаудың өзі бақытсыздық. Өйткені қызғаншақ пенде жаман оймен жүреді. Лас пиғыл адамның өмірлік энергиясын азайтып, тұла бойын «ластайды».
Қызғаншақ пенденің қандай болатынын нейрофизиктер де зерттепті. Францияның денсаулық және медициналық зерттеулер ұлттық институтының ғалымдары (INSERM) қызғаншақтар миының құрылысын зерттеген. Арнайы жүргізілген тәжірибе кезінде функционалды магнитті-резонанстық томография арқылы қатысушылардың миын сканерлеген. Сынақ қатысушыларына үстел үстінде жатқан жалғыз конфет түсірілген видео мен бірнеше түрлі-түсті фантикке оралған конфетті біреу алып жатқаны бейнеленген видеоролик көрсетілген. Осы екі бейнежазбаның біреуін таңдау ұсынылған. Қатысушылардың 60 пайызы бейтаныс адам таңдаған конфетті қалайтынын айтқан. Бұл сынақтың қорытындысы, біреудің қолындағы затқа деген қызығушылық пенде миында санадан тыс қылаң береді екен. Біреудің қолындағы конфетті таңдаған алпыс пайыз қатысушының миын тереңірек зерттей түскен ғалымдар, «қызғаныш – мидағы ауытқушылықтың көрсеткіші» деген қорытындыға келген.
Психологтар өзіне деген сенімі төмен пенделер қызғанышқа бейім деген пікірде. Өзінде бар қабілетті, затты, т.б. бағаламай, басқаның басындағысын артық көріп, соған ұмтылу бойында үлкен кемшілігі барларға тән болса керек. Бұндай кісілер адам барлығына түгел ие бола алмайтынын мойындағысы келмейді. Басқа жеткен жетістікке өзі де бір күні жететініне сенбейді. Қызғаншақ пендеге өзгенің жетістігі маңдай тер, еңбекпен емес, оп-оңай келген олжа сияқты көрінеді.
Шетел ғалымдары қызғаншақтар мен жағымпаздардың орталық ми жүйесіндегі ортақ ауытқу белгілерін анықтаған. Ми жүйесінде кемшілігі барлар өзгеге құлдық ұрып күн көргенді қалайды, бар жақсылық басқаның басында деген оймен өмір сүреді. Қызғаншақ пенденің адал адамнан әлдеқайда төмен екендігінің тағы бір белгісі «бар жақсылық тек маған болса» деген тар пиғылдан арыла алмауы.
Адам бойындағы қызғаныш дертін түбірімен жоймайынша, өз жолында тұрған кедергілерден құтыла алмайды екен. Яғни қызғаныш деген кесел алдымен кісінің өзіне теріс әсер етеді. «Күншілдің күні қараң» деп қазақ бекер айтпаған ғой. «Қызғаныш – жүректің уы» деп француз жазушысы Франсуа Вольтер айтпақшы, біреудің артықшылығына көзін сүзіп, «қайткенде оған жамандық келеді» деген теріс пиғылмен жүрген пенде талай жақсылықтан құр қалады.
Психологтар мынандай қарапайым кеңестер арқылы қызғаныштан арылуға болады дейді: әркім өзінің кемшілігін мойындап, артықшылығын біліп, ортамен сыйластық қарым-қатынаста болуы керек; өзінің әр қадамын екшеп, біреуді «аңдығаннан» гөрі, өз бойындағы кемшіліктерді түзетуге көбірек көңіл бөлу; өмірде жақсылыққа ұмтылу, тіршіліктің жарқын жағына көбірек мән беру; біреудің қабілеті сенен артық болса, оған зиян жасама, достасуға тырыс – жақсылық үйренесің; егер кісі өзін кәсіби және рухани тұрғыда әрдайым жетілдіріп отырса, оның басқаларды қызғануға уақыты болмайды; өзгелерге жақсылық ойлай білу; өзгенің қуанышына қуану; ең бастысы, қызғаныш адам денсаулығына зиянды екенін білу және одан сақтану.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА