Себепсіз салдар болмайды. Кешегіден бүгінгі жақын. Алдымен тәуелсіздіктің бір тарихи тәбәрігі туралы таратайын. Сосын жолайғы тарих көмбесін үңгіп көрерміз...
...Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Қарауылға кіреберістегі айналма жолда орнатылған «Абай елі – руханият мекені» атты стелланы ашу салтанатына қатыстық. Абай, Шәкәрім және Мұхтардың барельефті бейнелері үшбұрыш – үш тағанды бәйтерек бұтағына қонақтағандай болып, елге кірген әр пенденің бүйрегін бүлк еткізетіндей. Сезім әсері осы сәтте жетелеп шоқ талды алаңқай алабынан көзге ыстық басылған Тоқтамыс батырдың ат үстіндегі тұлғасына жанар қадатқызады. Міне осы ескерткіштің ашылу салтанаты басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Абылай ханның шеп бұзар батырларының бірі, Қабанбай мен Бөгенбай баһадүрлердің сенімді серігі болған, «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» – Тоқтамыс батыр Лақаұлының туғанына 290 жыл толу құрметіне арналған мерекелік іс-шара уақыт талабына сай салиқалы өтті.
Қазақ-қалмақ соғысының бас қаһармандарының бірі, толарсақтан қан кешіп, туған жерін ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған даңқты батыр Тоқтамыс Лақаұлы 1730-шы жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде дүниеге келген. Тоқтамыстың алғаш көзге түсіп, жүрек жұтқан ерен ерлігінің тұңғыш танылған тұсы – атақты Шаған шайқасы болған. Сондай-ақ Аягөз шайқасында да (мөлшермен 1750 жылдары) қолын көзсіз ерлікке бастай білген. Жалпы Тоқтамыс батыр үш соғысқа кіріп, жеңіске жетіп, үш туға ие болған (соның бір туын осы салтанатта көзбен көрдік). Кейіннен Мамай батыр да бір кезде Көкенай батырдан алған Тобықты туын батыр інісі Тоқтамысқа табыстапты. Ол шамамен 1797 жылы дүниеден өтеді. Батырдың сүйегі Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының күнбатыс жағында Қыдырдың бөктеріндегі Белбасар төбесіне жерленген. Кейіннен ұрпақтары басына Маңғыстаудың ақ тасынан еңселі кесене орнатқан.
Міне енді алып ескерткіші бой көтерді. Аудан әкімі Ж.Байсабыровтың мәлімдегеніндей, халықтың өз қаржысымен. Ол ескерткіш авторы Н.Қалиевке, қомақты қаржы құйып, демеушілік танытқан айтулы ел азаматтарына өз атынан «Алғыс хат» табыстады. Талантты ақын Т.Жанғалиев «Бабаға арнау» өлеңін оқыды. Ол жетекшілік ететін «Ақсұңқар» ақындар сыныбының оқушылары да батыр бабасына арнап жүректерінен жыр түлетті.
Ғалым Т.Жұртбай еңселі ескерткішке еңсеріле қарап тұрып: «Найзасының ұшымен ел басын торлаған қасірет бұлтын үркіте сейілткен батырға қараңыздаршы, пай-пай!» деп Тәуелсіздіктің мәңгілік тұғырына орнаған Тоқтамыс баһадүрдің ерлігін келер ұрпақтың зердесіне қонақтату тұрғысында келелі ойларын келістіре сабақтады. Ал академик Ғ.Есім ұлт өресі осындай тарихи тұлғаларды әспеттеуден бастау алатынына кеңінен тоқталды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Т.Әбдікәкімұлы өз жерлестерін Абайдың келер жылғы 175 жылдық мерейтойына дайындықты белсенді жүргізіп, Қарауыл маңын абаттандыру мәселелеріне назар аударды.Бірқатар ел ақсақалдары ел бірлігін нығайтудың жолдарын атап көрсетіп, ең алдымен жастар тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін саралап берді. Тоқтамыс батырға арналған қос кітаптың тұсауы кесілді. Батыр рухына дұға бағышталып, ас берілді.
... Иә, Тоқтамыс батыр мұрындық болған Қарауылдағы осындай қымбат қауышулар жүрекке нәр берді. Болашаққа нық жоспар жасатты. Ұлт тағдырына қатысты небір ойлардың басын қарпытты. Осындай шырайлы берекесімен маңызды іс-шара есте қалмақшы.
...Ал Қарауылға жеткенше қандай ойлар мазалап еді? Әдетте қайбір ойлар жанды маздатып әрі жабырқатуымен мәнді ғой. Әйтпесе олардың не құны қалмақ!
Сонымен ең құдіреттісі сол, Абай ауданына жеткенше ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының әсеріне бөленіп, оның беттерін қайта парақтағандай сезім әлдиінде тербеліп отырдық. Жалпы тасжолдың қос қапталындағы көріністерге Абай бабаның көзімен қарағымыз келген.
Бөрлідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі соншалықты ыстық көрінді. Жасыл ағашқа малынып, ағараңдап тұр. Балалық шақтың табы қалған қасиетті мекеннің әр бөлмесі тарихтан сыр шертеді. Алаш арыстары туралы біраз кітаптар жиналып қалыпты. Бізге де М.Дулатовқа қатысты шығармаларымызды жеткізіп беруге өтініш түсті. Келістік. Есіктен шыққанда қарсы алдындағы дөңнің ойпаңдау тұсынан жарқырап мазар көрінеді. Жазушының әкесі Омархан мен шешесі Нұржамалдың бейіті екен. Жарықтықтарға тәу еттік те «жазушының кіндік қаны қайда тамды екен?» деп аласұрған ішкі сұрағымызға жауап іздеп, ертіп жүрген кісінің елгезектігімен ұзаса бір шақырымдық Аяққарағанға жаяулап жеттік. Ойдым-ойдым боп өскен қараған бұталарының сәл сұйылған тұсында кірпіштен өрілген қабырға тақтайшасына «Аяққараған. М.Әуезовтің туған жері. 28.09. 1897 ж.» деп жазылыпты. Биіктігі тізеден келерлік темір шарбақпен қоршалыпты. Қасында құдық сілемі көлбеңдейді. Жайпақ ойық. Бір кездері оның зәмзәм суы сәби ерніне шыланған шығар-ау... Бүгінде тартылған, жайдауық. Бірақ тереңге тартқан тұңғиығы әлі түгесіліп сарқылмағанын маңайын жап-жасыл түске бөлеп, күзде де көкмайсаға бөктіргенінен әбден аңғаруға болар еді... Неткен қасиетті құдық едің! Нәріңнен бал тамған тіршілік көзі... Әлемдік әдебиет жылғасына жалғасып, одан әрі дариядай дараланып кеткеніңді білер ме едің!
Енді құлағымызға қоңыр үн уілдеді. Мана мұражай-үйдің сол қапталындағы биік мүсінделген жартасқа қашалып жазылған «...мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі... М.Әуезов» деген тіркестер санада жаңғырды. Осы жазушының «іңгәлаған» жеріне Бөрліге кіре берісте андағайлап көзге түсерлік биік белгі қойылса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!
Бір ойды бір ой қозғайды. Ұзын жолдың бойындағы көрсеткіш тақтада Сырт-Қасқабұлақ Абайдың туған жері деп жадағай меңзелген. Мөлшері қанша шақырым? Абай кіндігі кесілген жер айтушының көмегімен көзге әрең бұлдырап шалынады... Сағым көтерген алыстағы сұлбасына сағынышымызды амалсыздан сыздықтата сығып кетіп барамыз... Ұлы той қарсаңында зәуліМ бір белгі соғылар!
ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген, елі мен жерін жаудан қорғап, небәрі 21 жасында мерт болған қазақтың жүрек жұтқан Күшікбай батырының мазары тұрған дөңге көтеріліп тәу етпес бұрын, жолдың сол қапталындағы ылдиға ағып жатқан Күшікбай бұлағына тоқтап тыныстадық. «Бұл бұлақ «Күшікбай» деп аталады, Тоқта, мейман, көп алда сапар әлі... Бұл бұлақтан су ішкен адамдардың, Ғұмыры бір ғасырға ұзарады!» деген ақын Т.Жанғалиевтің өлеңі тақтайшаға ілініп қойған екен. Өлең мықты, тақтайша жүдеу. Батырға қатысты тағы басқа деректер ұсынылған тұстары да жемірілген, кемірілген... Ал бұлақ болса тұрбадан тулап ағып төменге жайылып жатыр. Алқабын айдынды етіп, көркем абаттандырып қойса деген тілек тіл ұшында дірілдейді. Абай ауылын бетке алған жолаушы біткеннің бұлаққа соқпай өтпейтіні неғайбыл. Шет туристерден бетті басып, ұялмасақ болды да... Алда дабыл қағып той келе жатыр...
Жер жәннаты, жерұйық мекен Жидебай! Сені де көрер күн бар екен. Абайдың көзімен жол бойын тінткілеген жанарымыз дымқылданғаны несі. Ішкі жалын дем ыстық лебімен жүзімізді шарпығаны несі, бәтір-ау! Абай інісі Оспанмен, Шәкәрім баласы Ахатпен мәңгілік тыныстап жатқан киелі орыннан көкке шаншылған қос мұнара әлемге қол бұлғап тұрғандай... Той қарсаңында көңіл елегінен өткізсе, бұл кешенді кеңістікте де қолға алып кемшін тұстарын құлпыртып жіберетін жайттар жетерлік екен...
... Жол үсті ойлары балалай береді. Ту сыртынан Шыңғыстау қалқалаған Қарауылға жеткенше жер бедерінен туған Торғайымның жалғыз тал кезікпейтін кейбір тұстарын ойша барлап, сонау бір жылдары Ахаң мен Жақаңның (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы) ақталғаннан кейінгі үлкен жиынына келе жатқан белгілі ғалым Т.Кәкішевтің «е, ұлылар қайда туады десем, қаймағы тұтас, табиғаты бүлінбеген, ауасы былғанбаған, тілі мен діні бұзылмаған осындай бір бұдырсыз өлкеде дүниеге келеді екен-ау» – деп тамсанғанын естіп едік. Сол сөзді Қарауылға қаратып та қайталауға болады екен... Ал осы өңірдің рухани үндестігін айтсаңызшы. М.Дулатов ұлы Абай мұралары уақыт өткен сайын бізге, алыстаудың орнына жақындай түсетінін меңзеп кетіп еді ғой.
Абай аудандық кітапханасы мен гимназиясында, Семейдегі Абай атындағы кітапхана мен Абайдың мұражай-үйінде оқырмандармен болған кездесулерде қаншама сұрақтар қойылып, ой бөлісілді. Бәрі-бәрі көкейде. Бір студент: «Абай әлеміне қандай үлес қоспақсыз?» деп еді. Бастапқы үлесім бәлкім, осы мақалам болар, жарқыным! Арғы жағын уақыт көрсете жатар...
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Нұр-СҰЛТАН – Семей – Қарауыл