Руханият • 24 Қыркүйек, 2019

Қайта оралған жәдігер

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі­нің ұйымдастыруымен қасиетті Тайқазанның құйыл­ға­ны­на 620 жыл, тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрменің ашылу салта­наты өтті.

Қайта оралған жәдігер

Айтулы шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музе­йінің директоры Нұрболат Ах­мет­жанов ашты.

Ол Қожа Ахмет Ясауи кесене­сіндегі тарихи жәдігерлердің біре­гейі, қасиетті Тайқазан Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың же­ті қыры» бағдарламалық мақа­ла­сындағы «Ұлы даладағы ежел­гі метал­лургия» бағыттары­ның мә­н­ін ашатынын және құнды мұ­ра­ның жасалу тарихынан бас­тап, әрбір элементтерінің мән-мағы­насын кеңінен насихаттау бүгінгі басты мақсат екендігін жеткізді.

Көрменің ашылу салтанатына филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сынды тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйым мүшелері, сту­денттер мен жоғары сынып оқу­шы­лары және музейге келуші қонақтар қатысты.

«Қайта оралған жәдігер» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойыл­ды. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кун­ның альбомындағы 1864 жыл­ғы фото­суреттер, 1935 жылы Тай­қазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағат­тық суреті, Эрмитаж музейінің экс­позициясына қойылған біре­гей фотосы және 1989 жылы Эр­ми­таж музейінен Тайқа­зан­ды шы­ғарып жатқан сәтінің мұра­ғат­тық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұл­ға­лар­дың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар ара­лығында өткен жастар ара­­сындағы қазақ күресінен рес­публикалық «Тайқазан» тур­нирінің фотосуреттері, медалдары мен мұрағаттық құжаттар бар.

Көрменің мақсаты – орта­ға­сыр­лық құнды мұраларды дәріп­­теу арқылы жас жеткіншек­терге тарихымызды таныту, олар­­­дың пайым-парасатын арт­тыру, елдік санаға баулу, өткен та­рихымызға деген қызығу­шы­лығын ояту.

Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 ша­­қырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұран­ның билеу­шісі Әмір Темірдің бұй­рығымен Әбділ Әзиз Шара­фуддин Теб­ризи шебердің ұста­ханасында құйылған. Тайқазан алтын, кү­міс, мыс, қола, қор­ға­сын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі ме­тал­дардың қосын­ды­сынан жасалған.

Тайқазан 1935 жылы Ленин­град, қазіргі Санкт-Петербург қала­сында өтетін Иран шебер­лерінің III Халықаралық кон­ферен­циясына үш айға жіберіл­генімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қо­ғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор. Жиынға қатысушылар Тайқазан тарихы мен жәдігердің маңыздылығы жөнінде келелі пікірлерін білдірді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіне орналастырылған көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылады.