Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Жоғары білім берудегі ықпалдастық

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемнің 11 елінен жиналған жоғары оқу орындарының өкілдері Қазақстан астанасында бас қосты. Халықаралық жиында шетелдік топ-менеджерлер, Қазақстан, Қытай, Испания, Франция, Португалия, Швеция, Эстония универ­ситеттерінің әр деңгейлі мамандары жоғары білімді интер­националдандыру мәселесін, маңызы мен іске асыру жолдарын талқылады.

Жоғары білім берудегі ықпалдастық

Шараның ашылуына Қазақстандағы Эразмус+ ұлттық бағдарламасы кеңсесінің директоры Шайзада Тасболатова, Нар­хоз университетінің ректоры Эндрю Вахтель,  Каталония Саяси университетінің координаторы Винченс Фернандес қатысты.

Форум университеттерді интернационалдандыру жолдарын құру, халықаралық және мәдениаралық түсіністік, инновациялық технологияларды қолдану арқылы интернационалдандыруды дамытудың жоғары сапалы стратегиясын жасау мақсатында қолға алын­ған. Халықаралық конференция аясында отандық және шетелдік мамандар ЖОО-ларды интер­­­национал­дандыру жөнінде баяндама жасады, сон­дай-ақ «Интернационалдырудың стра­тегиялық жоспарын әзірлеу» және «Шетелдік студенттер мен оқытушылар үшін «WELCOME» жағдайларын жасау» тақы­рыбында екі секцияға бөлінген дөңгелек үстел ұйымдас­тырылды.

Жиынның ашылуында сөз алған Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің Халық­аралық байланыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ақбота Ниязқызы шетелдік қонақтарға шараны ұйымдастырушылардың бірі сана­латын университеттің тарихына қысқаша тоқталып өтті. «Университетіміз 1996 жылы  Елбасы Н.Назарбаевтың бұйрығымен құрылды. Жас жоғары оқу орны болғанына қарамастан, халықаралық рейтингтерде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ал жоғары білімді интернационалдандыру уни­верситетімізді дамытудың басты бағыты саналады. Бұл бо­йынша жұмыстарды тұрақты және жүйелі түрде жүргізіп келеміз», деді А.Ниязқызы. Оның мәлімдеуінше, аталған ЖОО әлемдегі 25 елдің студенттеріне «Alma mater», яғни білім беретін орын болып тұр. «Халықаралық ұйымдармен әріптестікте жүзеге асы­рылған жобалар жетерлік. Соның ішінде айрықша атап өтетініміз – Эразмус+ бағдарламасы. Университетіміз жоғары білімді интернационалдандыруда жоғары нәтижеге жеткізген бұл бағдарламаға 2015 жылдан бастап қатысты. Осы уақыт ішінде 200-ден аса адам бағдарламаға қатысып, Еуропаның 36 елінде тағылымдамадан өтті», деді проректор.

Ал халықаралық білім беру жөніндегі  амери­калық кеңестің өкілі Мақсат Қошқарбаев жоғары білімді интернационалдандыруда шетелдік университеттермен бірлікте жұмыс істеудің маңызына тоқталды. «Қазақстандық ЖОО-лардың Америка универ­ситеттері арасындағы әріптестік арқылы бірқатар жоба іске асырылып, еліміздің жастары үшін гранттар қарастырылды. Біздің кеңес студенттердің халықаралық дәрежеде білім алып, әлемдік стандарттарға сай маман болуын қамтамасыз етумен ғана емес, профессорлар мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына, сонымен қатар рейтингі жоғары ғылыми журналдарға ғалым­дардың мақаласын жариялауға жағдай жасайды», дейді М.Қошқарбаев.