Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Бейбіт күннің батырлары дәріс оқиды

1118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бір топ офицерлері Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен Шымкент қаласындағы №46 және №65 мектепте қонақта болып, оқушылармен кездесті.

Бейбіт күннің батырлары дәріс оқиды

Офицерлік топ делегациясын «Оңтүс­тік» өңірлік қолбасшы­лығының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас бас­қармасының бастығы, полковник Александр Крамар бастап барды. Сондай-ақ делегация құ­рамында Халық қаһарманы Қайрат Үмбетов пен әскери са­ла­дағы жауынгерлік ерлігі үшін түрлі орден, медальдарға ие болған офицерлер – подполковник Ержан Баймолдин, аға лейтенанттар – Ербол Отарбаев, Жан­дос Баянбаев және лейтенант Сырым Сүндетов те болды.

Әскерилер делегациясының негіз­гі мақсаты – аталған бі­лім ордаларында Ұлттық ұлан­ның қоғамдық қауіпсіздік са­ла­­сын­дағы қызметін ел іші­не кеңінен насихаттай отырып, жасөспірімдерді әскери-па­триот­тық рухта тәрбиелеуге үн­деу бо­лып табылады. Сонымен қа­тар жастардың отансүйгіштік сезі­мін қалыптастыру жолында Ұлт­тық ұлан жанынан құрылған «Жас бүркіт» клубының жұмы­сына оқушыларды көптеп тарту.

Кездесу аясында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ұланының тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, пол­ковник Александр Крамар Ұлт­тық ұланның бүгінгі таңдағы қыз­метімен таныстыра келе әске­рилердің жауынгерлік ерлігі туралы айтып берді.

«Біздің ұландық офицерлер арасында өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп, ерліктің үлгісін көрсеткен әріптестеріміз аз емес. Олардың саны бүгінгі таңда 170-ке жуықтайды. Бұл азаматтардың барлығы да өздерінің ерлік іс-қимылдарымен өзгенің өміріне араша түскен бейбіт күннің батырлары. Сондықтан да оларды біз мейлінше қоғам арасында кеңінен насихаттап, жастарға үлгі етіп көрсете берге­німіз жөн», деді ол.

Жиында 6506 әскери бөлі­мі­нің командирі, полковник Қайрат Үмбетов бастаған әске­ри­лердің дәрісі бұдан былай тұ­рақты түрде ұйымдастырылып тұратындығы айтылды.

«Жасөспірімдер арасында болып тұратын келеңсіз жағдайлар қоғам назарын өзіне аударуда. Біз келешекте осындай келеңсіздіктердің алдын алуға әскери азамат ретінде өз үлесімізді қосайық деп, Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының жоспарына сай тың бастамамен мектептерге барып жатырмыз. Яғни ерліктің үлгісін көрсетіп, жоғары марапатқа ие болған әскери бөлім офицерлерінің қатысуымен оқушыларға әскери-патриоттық рухты ояту ниетімен арнайы дәрістер өткізуді бастадық», деді Халық қаһарманы Қ.Үмбетов.

Ерлік жасаған ұландық әске­рилердің мұндай бастамасын қа­ладағы білім ошақ­тарының басшылары да қоштап отыр.

«Бізге және біздің оқушы­ларымыз үшін бүгінгі күн батыр­ларының өздері жүргізген дәрістер өте қызық әрі шынайы. Сондықтан да біздің мектепке кеу­­десіне Елбасының өзі орден-медаль тақ­қан кейіпкерлердің келуі зор мәртебе. Атап айтқанда, әскери са­лада еткен ерен еңбе­гі мен ер­лігі үшін «Айбын» орде­ні­мен марапатталған подполковник Ер­жан Баймолдин, аға лейтенанттар Жан­дос Баянбаев және Ербол Отарбаев, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері атанған лейтенант Сырым Сүн­детов сынды азаматтардан жас­өспірімдер үлгі алады деп үміт артамыз», дейді Ы.Алтын­сарин атындағы №65 мектеп-гимназия директорының мінде­тін атқарушы Айгүл Керімбаева.

Айта кетейік, аталған іс-шара аясында 6506 әскери бөлімінің басшылығы мен №46 және №65 мектеп директорлары арасында өзара әріптестік меморандумы бекітілді. Соның аясында алдағы уақытта әскери бөлім офицерлері мектеп оқушыларына барып арнайы дәріс оқып, кездесу ұйым­дастырып тұратын болады. Оған қоса, оқушыларды әскери саланың қыр-сырымен жақынырақ таныстыру мақ­сатында 6506 әскери бөлімінің ашық есік күндерін ұйымдастыру көзделеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл­­ғы оқу жылының басында­ шымкенттік бір топ мектеп оқу­­­шыларының қатысуымен тө­бе­лес болып, ол қоғам назарын өзіне аударған еді. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Ұлттық ұлан офи­цер­лері оқушылардың сыныбына барып сабақ өткізуді қолға ала­ды.