Жүлдені жиынтық ротаның жеке құрамына БҰҰ уақытша күштері штабының бастығы табыстады. Медальдың артқы жағында «IN THE SERVICE OF THE PEACE» деген бедерлі жазу бар. Бұл «бейбітшілік қызметінде» деген мағынаны білдіріп, БҰҰ миссиясына қатысқандықты дәлелдейді. Міндеттерді орындау барысында біздің бітімгершілік рота «кәсіпқой бітімгер» мәртебесіне ие болды.
Қазақстан мен Үндістан Үкіметі арасындағы «Үнді батальонының құрамына қазақстандық бітімгершілік контингентін орналастыру тәртібі туралы» келісімге сәйкес екінші бітімгершілік рота «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға алты ай мерзімге бірінші ротаны ауыстыру үшін жіберілген еді. Енді 2019 жылдың қараша айында бұл бітімгерлер құрамы елге оралып, ал оларды алмастыруға үшінші бітімгершілік рота аттанады.
Жалпы, бұған дейін қазақстандық әскерилер тек бақылаушылар ретінде қатысқан еді.
Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамалардың жақтаушысы және белсенді қатысушысы екендігін айта кеткен жөн. Бітімгершілік әлеуетін дамыту Қазақстан Қарулы Күштерін алдағы уақытта дамытудың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте Израиль әскері Ливан аумағына зымырандық соққы жасаған болатын, осыған байланысты БҰҰ бөлімшелерінің құрамына кіретін Қазақстанның екінші бітімгершілік ротасы арнайы міндеттемелерге сәйкес тапсырмаларды орындау үшін толық жауынгерлік әзірлікке келтірілген.