Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Қайткенде заңды болады?

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі оқырмандар сұрақтарына «Заң-кеңес» ЖШС-нің директоры, заңгер Шолпан Сейсембаева жауап қайтарады.

Қайткенде заңды болады?

Сағат Сейітов, Алматы облысы, Қарасай ауданы

– Мен зейнеткермін, зейнет­ақым төмен, дәрі-дәрмегімнен ас­пайды. Меншігімде екі бөл­мелі пәтер бар. Соның бір бөл­месін жалға беріп, одан пайда тап­­сам, салық органдары та­ра­пынан қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

– Әрине пәтерді жалға беру – шаруашылықты жүргізудің бір формасы. Алайда  пәтерді жалға бергеннен түскен ақыны алғанда салық декларациясын тапсыруды ұмытпау керек. Яғни, Салық кодексі бойынша пәтерді жалға бергеннен соң салық түрлерін қалай төлеу керек? Ондай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент арқылы салық төлеуге болады. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесеңіз, онда тапқан табысты мүліктік табыс ретінде есептеп, салық төлеуге рұқсат етілген. Пәтерді жалға беруден түскен пайданы заңдастыру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес­сіз. Бірақ ол үшін, пәтерді жалға беруден түскен пайда 1 жылдық жалақының ең төменгі мөлшерінен 12 есе жоғары бол­мауы тиісті. 2019 жылғы жа­лақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңгені құрайды. Есте сақ­­таңыз, егер жалға беруші салық төлеуден бас тартса, ол әкім­шілік жауапкершілікке соқтырады.

Ержеңіс Қали, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы

– Менің кәмелет жасқа толмаған баламды алып ше­тел­ге көшіп кетемін деген ойым бар. Бірақ, ол ойымды іс­ке асыруға баланың әке­сі қар­сы, көшуге рұқсатын бер­мейді. Бұл мәселені шешу жолдары қа­лай болмақ?

– Шетелге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттарды рәсімдеу ережелеріне сәйкес, яғни шетелге тұрақты тұруға кәмелет жасқа толмаған балалардың шығуына ата-анасының біреуінің келісімі болмаса, онда сотқа жүгініп, сот тәртібінде шешуіңізге болады. Мұндай жағдайда әңгіме, шетелге баламен баруға талап-арыз берген ата-анаға, яғни он­да тұрақты тұруға екінші ата-ананың келісімінсіз шығуға рұқ­­сат беру туралы болады. Қа­зақстан Республикасы Конс­титуциясының 21-бабының 2-тармағында азаматтардың шекарадан өту құқығы кепіл­дендірілген. Дегенмен, сот барысында шетелге кететін ата-ана, мүмкіндігінше, кәмелет жасқа толмаған балаға талапқа сай жағдай жасап, дұрыс тәрбие бере алатындығына дәлел­деме келтіруі қажет болады. Қан­дай жұмыс атқарады, жаңа тұрғылықты жерде тұрғын үй жағдайы қалай болады, мүлкі бар ма, соны дәлелдейді.

Серік Асылов, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы

– Анамыз қайтыс болға­нына 4 ай болды. Тірі кезінде алтын бұйымдары, бағалы зат­­тары көп болатын. Ол мұ­ра­­ға жата ма, жатса соңында қал­­ған 3 баласы оны қалай бө­лі­се алады?

– Иә, мұраға тек үй, авто­машина ғана емес, одан бас­қа жиһаз, ыдыс-аяқ, алтын, күміс, қымбат тастар, басқа да бұйымдар мұра­герлік мү­лік­тің құрамына кіре­ді. Ана­ларыңыздан мұраға қалған асыл заттар мұрагерлер арасында тең үлеспен бөлінеді. Ол мү­лікті заттай бөлуге мүмкін­дік болмағанда, зат тұтас бір мұра­герге бөлініп, қалғанына үлес­тің құ­ны төленеді.

Сәлімгерей Қонқақов, Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы

– Әкеміз тірі кезінде өлең, көркем шығармалар жазатын. Олардың кейбіреулері газет бет­терінде жарияланса, көбі жа­­рия­ланбаған. Сол өлеңдерді қазір шығармашылық саласында жүрген адамдар бізге бер­сеңіздер біз оған ән жазып, автор атын шығарар едік дей­ді. Біз ол өлеңдерді та­­­рат­сақ, кейін автордың аты ұмы­ты­лып кете ме деп уа­йым­дай­мыз.­ Не істеу керек?

– Ең алдымен авторлық құ­­­қықты заңдастыру қажет. Қазақстан Республикасының «Автор­лық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңының 30-бабына сәйкес, авторлық құ­қық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойын­ша ауысады. Алайда сіздің сұ­ра­ғыңыздың мазмұнынан байқағанымдай, марқұмның шы­ғар­малары оның атына өт­пеген. Демек, авторлық құ­қық­ заңдастырылмаған. Бі­рақ, шы­ғар­малардың авторы сіз­дің әкеңіз болғандықтан оның шығар­маларын біреулер иемденіп кетпеу жағын мұра­герлері жүзеге асырады. Ол үшін, сіз нотариусқа барып, одан мұрагерлікке құқық туралы куәлігін беруге арыз жазасыз, сол куәлікпен марқұмның өлең­деріне авторлық құқықты заңдастырарсыз.