-Құрметті кеңеске қатысушылар, қадірменді қонақтар Еуразия жеріндегі Ұлы дале еліне қош келдіңіздер! Парламент спикерлерінің бүгінгі бас қосуын Қазақстан астанасында өтіп жатқанына біз қуаныштымыз. Атап айтқанда осы жиынға 60-тан астам елдің парламенттік делегациялары мен 16 халықаралық ұйым өкілдері келіп отыр. Осы кеңестің табысты жұмыс істеуіне баршамыз мүдделіміз. Біз заң шығару органы қызметіне зор мән береміз. Қазақстан депутаттары шетелдік әріптестермен кең ауқымды байланыс орнатып, мемлекетаралық достықты нығайта түсті. Қазақстан депутаттары шетелдік әріптестерімен кең ауқымды байланыс орнатып, мемлекетаралық достықты нығайта түсті. Елдеріміздің жоғары өкілді органдарының депутаттары Еуразиядағы ынтымақтастық аясын одан ары кеңейтеді деп сенемін,- деді Елбасы кеңес отырысында.
Форумға қатысушылар қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.
Айта кетейік, Еуразиялық мемлекеттердің заңнамалық органдары басшыларымен жан-жақты диалог орнату мақсатында ұйымдастырылып жатқан форум биыл Қазақстанда бірінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының кеңесі Ресейде, Оңтүстік Кореяда және Түркия Республикасында өткен еді.