Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2019

Елбасы Қазақстанның даму жолын сөз етті

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдерінің парламенттері спикерлерінің IV кеңесінде Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздігін алған Қазақстанның даму жолына тоқталды.

Елбасы Қазақстанның даму жолын сөз етті

-Құрылыс жұмысы кең сарайдың көрінісін қалай өзгертсе, тағдырын да солай өзгертеді. Мемлекет те солай. Ол көп жылдарды талап етеді. Елдің Тұңғыш Президенті ретінде 30 жылға жуық уақыт бойы Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құру, елді басқару бақыты бұйырды. Осыншама уақыт бойы халық маған елді бұлыңғыр жолда көш бастауыма сенім артты. Осыншама уақыт елді басқарып келіп, биыл өз еркіммен өкілеттігімізді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Арнайы қабылданған заңға сәйкес, Елбасы – Тұңғыш Президент мәртебем бар және қазір оны жүзеге асырып жатырмын, - деді Елбасы.

Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетістіктерді атады. 

-Осы уақыттың ішінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылды. Жалпы ішкі өнім 18 есе өсіп, республика экономикасының көлемі бүкіл Орталық Азия елдерінің ЖІӨ-сінен 2 есе аса түсті. Халықтың жан басына шаққандағы табысы доллармен есептегенде 9 есе артып, кедейшілік деңгейі 40 пайыздан 4 пайызға дейін төмендеді. Соңғы 20 жылда 320 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды,- деді  Тұңғыш Президент.

Айта кетейік, Еуразиялық мемлекеттердің заңнамалық органдары басшыларымен жан-жақты диалог орнату мақсатында ұйымдастырылып жатқан форум биыл Қазақстанда бірінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының кеңесі Ресейде, Оңтүстік Кореяда және Түркия Республикасында өткен еді.

Форумға қатысушылар қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.