Былғары қолғап шебері мен бапкерлерін қабылдаған облыс әкімі Серікбай Трұмов алдымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Президенттің алғысын жеткізді. Өңір басшысы жерлестері атынан батырға Ақтаудан жаңа екі бөлмелі пәтердің кілтін тарту етті. Ал алғаш спортқа баулыған жаттықтырушысы Батырбек Жайлыбаевқа 3 миллион, қазіргі бапкері Марат Жакиевке 5 миллион теңге сыйлады. Сондай-ақ Бекзаттың туған қаласы Жаңаөзен басшылығы жас батырға темір тұлпар мінгізді.
Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем біріншілігінде Қазақстанның ұлттық құрамасынан ең көп жекпе-жек өткізген Бекзат екен. 6 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, ел қоржынына жалғыз алтынды салды. Бапкері Марат Жакиев екеуінің ендігі мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру.
Маңғыстау облысы