Көшбасшылар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында сындарлы диалог орнағанына тоқталып, еліміздің Болгариямен өзара іс-қимылды одан әрі қарқынды дамыта түсуге ниетті екенін айтты.
– Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық миссиясын Елшілік ретінде қайта құру туралы шешім қабылданғанын білесіздер. Өкілдігіміздің мәртебесін арттыру және Елшіні тағайындау Қазақстан мен Болгария қарым-қатынастарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы болгарлық компанияларды Қазақстанда жұмыс істеп, кейіннен осы өңірдің нарығына шығуға шақырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.