Парламент • 25 Қыркүйек, 2019

Ынтымақтастықты өрістету басты ұстаным

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Еуразия елдері парламенттері спикерлері IV кеңесінің аясында Қырғызстан, Беларусь, Оман, Қатар және Түркия Республикасы парламенттерінің басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Ынтымақтастықты  өрістету басты ұстаным

Кеңес Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының 25 жыл­дығына арналып отыр. Шараға Еуропа мен Азияның 65 елінен парламенттік делегациялар мен халықаралық парламенттік 14 ұйымның өкілдері қатысуда.

Сенат Төрағасы Дариға Назар­­бае­ваның Қырғыз Респуб­ли­­касы Жогорку Кенешінің Төр­ағасы Дастан Жұмабековпен кез­десуде екі ел арасындағы қаты­настардың ауқымды мәсе­ле­лері талқыланды. Д.Назар­баева­ның айтуынша, екі респуб­лика парламентшілерінің үнқа­тысуы мен Парламентаралық ке­ңестің нәтижелі жұмысы оның маңызды бөлшегі болып табылады.

«Тарихтың байлығы, тіл мен мә­дениеттің ортақтығы Қазақ­стан мен Қырғызстан ынтымақ­тас­тығын дамытудағы маңызды мәсе­ле болып табылады. Біздің мәде­ни-гуманитарлық байланыс­тарымызды нығайтуды жалғас­тыру қажет деп санаймын», – деді Д.Назарбаева.

Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағасы Дариға На­зар­баева Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер пала­­тасының Төрағасы Вла­ди­мир Андрейченкомен кездесу­де елдер арасындағы ынтымақ­тастықтың маңызын атап өтті. В.Андрейченко Қазақстан Еу­разия кеңістігінде ғана емес, әлемдік аренада да бейбітшілік пен келісімді және ынтымақтас­тық­­ты нығайтуда ауқымды іс­тер­ді атқарып келе жатқанын айтты.

«Сіздің еліңіздің халық­ара­лық беделі зор. Бүгінгі шараның осын­дай жоғары деңгейде өтуі де кез­дейсоқ емес. Бұл көп­жыл­­дық стратегия мен нәти­­желі дип­ло­матиялық бағдар­дың көр­сеткіші», – деді В.Андрей­ченко.

Сенат Төрағасы Оман Сұлта­­наты Консультативтік кеңесінің Төрағасы Халид Хилал Нассер ал-Мауалимен кездесуде екі­жақты ынтымақтастық мәселе­лерін талқылады. Оман өкілі жылы шырайлы қабылдаулар үшін Дариға Назарбаеваға алғысын білдірді және дінаралық келісім мен ұлтаралық достықты қолдаудағы Қазақстанның әлемдік беделін атап өтті.

Сенат Төрағасы Қатар Кон­суль­тативтік кеңесінің Төрағасы Ахмад бен Абдалла бен Заид Әл Махмудпен кездесуде Қазақстан мен Қатардың ынтымақтастығын тереңдетудің келешегін талқы­лады. Д.Назарбаеваның пікірін­ше, Қатар Қазақстанның Таяу Шы­ғыстағы ең маңызды әріптес­терінің бірі болып табылады. «Біз­дің халықаралық бастамаларымызды ұдайы қолдап келе жатқаны үшін Қатар тарапына алғыс айтамыз», – деді Сенат басшысы.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева мен Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық жиналысының Төр­ағасы Мұстафа Шентоп екі ел арасында қалыптасқан страте­гиялық әріптестікке 10 жыл тол­ғандағы кездесудің ерекше мәні бар екенін атап өтті. Сенат Төр­ағасы осы ынтымақтастықта бауыр­лас халықтардың мәдени-тарихи ортақтастығын дамыту­дың рөлі туралы атап өтті. Д.Назарбаеваның айтуынша, аймақтық және жаһандық саяси үдерістерге Қазақстан мен Түркияның ықпалы арта түсуі мен олардың мұсылман және түркі әлеміндегі беделі екіжақты қатынастарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызатын болады.