Руханият • 25 Қыркүйек, 2019

Қайраткер ғұмырынан үзік сыр

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Игі істердің ұйытқысы болып келген Ұлттық академиялық кітапханада Алия Изетбегович музейі мұрындық болуымен қос бірдей келелі жиын өтті. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесі аясында ұйымдастырылған алқалы басқосуда «Президент в крупном плане» фотокөрмесі мен «Фотомонография Алии Изетбеговича» кітабы таныстырылды.

Қайраткер ғұмырынан үзік сыр

Көрмеге Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Асыл­бек Смағұлов, Босния және Гер­це­говина Парламенті Халық Пала­тасының төрағасы Бакир Изетбегович, Түркия Респуб­ли­ка­сының Қазақстандағы Төтен­­ше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстанның Босния және Герцеговинадағы ­ құрметті консулы Амел Диздаревич, Босния Ұлттық музейінің директоры Аднан Жишко және өзге де шығар­машылық қауым өкілдері қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұ­лов қос елдің арасындағы дип­ло­матиялық қатынастың орна­ғанына 23 жылдан астам уақыт болғанын, мәртебелі мейман­дардың бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастықты нығайтуда маңызды екенін алға тартты.

– Босния және Герцеговина мемлекеті Қазақстанға халы­қ­аралық деңгейде қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде, сондай-ақ 2017-2018 жылдар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болуына қолдау көрсетуімен өзге де халықаралық шараларда екі ел ұстанымы әрдайым жарқын үйлесім тауып келеді. Өткен кезеңдерде барлық салада тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынас іске асырылуда. Мәдени-гума­ни­тарлық салада да бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылып үлгерді. Соның бірі 2018 жылы Сараево қаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуел­сіздік дәуірі» атты кіта­бы­ның тұсау­кесері өткен болатын. Биыл ақпанда түркі мәдениеті және өнерін дамыту жөнін­де­гі халықаралық Түрк­сой ұйы­мы­ның баста­масымен Сараево қаласында қызыл­орда­лық каме­ралық оркестрдің гала-кон­церті өтті. Екі ел арасын­да мем­лекетаралық және парла­мен­т­аралық байланыс өз жалға­сын тауып келеді. Бүгін біз Бакир Изетбеговичтің өз әкесі және мем­лекеттің негізін қалаған Югос­-­лавиядағы азамат соғысына тоқ­тау салған, өзінің ғана емес басқа да жас мемлекеттердің бейбіт өмірге қайта оралуына, қайта түлеуіне ересен еңбек еткен Алия Изетбеговичке арнаған кітаптың тұсаукесерінде кездесіп отырмыз. Екі ел арасындағы байланыс жалғасын таба берсін. Бакир Изетбеговичке саяси қызметімен қоса шығармашылық жұ­мысында да табыс тілеймін, – деген Асылбек Смағұлов келе­шек­те кітаптың қазақ тіліне ауда­­ры­лып, оқырман жүрегіне жол таба берсін деген сенімін біл­дірді.

Көрмеге Босния мен Герце­­говинаның тұңғыш Прези­ден­­ті Алия Изетбеговичтің адами қасиеттері, оның тағы­лы­мы мол тұлға ретіндегі қоғамдағы орнын айшықтайтын дәйексөздермен қоса 40-қа тарта мұрағаттық фо­то­­суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ел тағ­ды­ры­ның шешу­ші кезеңдері мен сын сағаттарындағы ұстанымы мен өмір жолы жайында қысқаша дәріс оқылды. Ел тәуелсіздігі жолындағы күресте үлкен рөл атқарған көшбасшының өмір жолындағы ең маңызды тұстары қамтылған. «Өркениетті мемлекет құру жолындағы бостандық пен құқық қағидаларын берік ұстанған Алия Изетбеговичтің өмір жолы қым-қиғаш болды. Ком­мунистік режім оны 17 жыл­ға бас бостандығынан айырып, өмірінің тоғыз жылын қапаста өткізді. Бір қарағанда, оның ешқандай мүмкіндігі бол­ма­ғандай көрінер еді. Даналық пен мейірімді, бейбітшілікті ұстын еткен қайраткер жан 2003 жылы дүниеден қайтты. Ол артына төзімді, әділдікті мұра етіп қалдырды. Босния бұл – Балқан түбегіндегі жай ғана мемлекет емес, түрлі дін мен мәдениет өкілдері бейбіт өмір сүретін ел екенін көрсетіп кетті», деген Босния және Герцеговина Парламенті Халық Палатасының төрағасы Бакир Изетбегович көрме қонақтары мен ұйымдастырушы тарапқа айрықша алғыс білдірді.

Көрнекті қайраткер Изет­бе­гович моральдық және этика­лық құндылықтарды халы­қаралық қоғамдастық факторы ретінде саяси биліктің қайнар көзі етті. Архив құжаттары, фотосуреттер мен бейнематериалдар, бірегей қолжазбалар, бәрі де – Босния мен Герцеговина мемлекетінің ертеңін анықтаған оқиғаларды бейнелейді.