Саясат • 26 Қыркүйек, 2019

Ортақ ұстанымдар үйлесімі

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин дипломатиялық қатынас орнаған 25 жыл ішінде Қазақстанға алғаш рет келген Солтүстік Македония Республикасы Ассамблеясының Төрағасы Талат Джаферимен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Ортақ ұстанымдар үйлесімі

Тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде парламентаралық ықпал­дас­тықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Ең алдымен Мәжіліс Спикері кеше Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия елде­рі парламенттері спикерлерінің 4-кеңе­сіне қатысып, Еуразия кеңіс­тігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамта­масыз ету жолындағы парла­менттер­дің өзара іс-қимылы туралы ой-пікір­лерін ортаға салғаны үшін мәртебелі мейманға алғыс білдірді.

Біздің еліміз Солтүстік Маке­до­ния­мен ынтымақтастықты нығай­туға ын­талы екенін алға тартқан Н.Нығ­матулин басым бағыттар ішінде, әсіре­се сауда-экономикалық, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өң­деу сала­ларын, сондай-ақ мәдени-гума­ни­тарлық әріптестік аясында туризмнің тиімділігін атап өтті. Солтүстік Маке­дония тау туризмінің орталығы ретінде танымал.

Ал саяси ықпалдастықты ны­ғайту­да парламентаралық байланыстың маңызы зор. Осы ретте тараптар бейінді комитеттер мен парламентаралық топтар шеңберінде заңнамалық тәжі­рибе алмасуды одан әрі ынталандыру төңірегінде пікір алмасты. Сон­дай-ақ Мәжіліс Төрағасының пікі­рінше, Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сынды халықаралық алаңдарда ортақ ұста­нымдарды үйлестіру маңызды.

Өз кезегінде Талат Джафери бар­лық салада біздің елдеріміздің жан-жақты серіктестігін нығайту үшін парламенттік дипломатияны күшейту жайына жан-жақты назар аударды. Солтүстік Македония өкілі Нұр-Сұл­танда Еуразия елдері парламенттері спи­керлерінің 4-кеңесі өте жоғары дең­гейде өткенін және Еуропа мен Азия елдері арасында парламенттік диалог­ты дамытуға жаңа серпін бергенін ерекше атап өтті.

Палата Спикері ресми делегация сапары біздің елдеріміздің көпжақты ынтымақтастығын ынталандыруға ықпал ететініне сенім білдірді.