Ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі
Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында халықаралық қоғамдастықты жаппай қырып-жоятын қарусыз әлем құруға шақырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы жалпы пікірсайысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдеріне үндеу жасады.
Осыдан жетпіс жыл бұрын, Кеңес өкіметі кезінде Семей қаласының маңында 450-ден астам атом бомбасын сынақтан өткізген-тұғын. Қ.Тоқаев ядролық қарусыз әлем идеясы ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Ядролық қарусыз әлем құру – еліміздің аса маңызды басымдық берген бағыты. Осы ұмтылыс қазақ халқының жалпыұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол бізге ядролық қаруды жоюға қатысты жаһандық қозғалыстың алғы шебінде болуға моральдық құқық берді. Біз ядролық қарудың игілік емес, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп екендігіне нық сенімдіміз. Өкініштісі, бірқатар елдер стратегиялық қорғаныс күштерінде ядролық арсеналға арқа сүйейді, бұл олардың қарсыластарына ассиметриялық жауап беру үшін оны иемдену мәселесін қарауға мәжбүр етеді. Бұл қарымта жауаптың өзі – жаппай қырып-жою қаруы секілді қырғынға апаратын жол», деді ол.
Осы орайда, ядролық қарудан бас тартуымен қатар Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрғанын айта кеткен жөн. Жыл сайын 29 тамызда Семей полигонының жабылуына байланысты атап өтілетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күннің тойлануына Қазақстан бастамашы болған.
«Иранға қатысты бірлескен іс-қимылдың кешенді жоспары және Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі ағымдағы мәселелер тараптардың мүдделері мен пікірлері ескеріле отырып, саяси жолмен шешілуі тиістігіне Қазақстан сенеді», деді Қ.Тоқаев.
Президент, сондай-ақ Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесін атап өтті. Ел астанасында Сирия дағдарысы жөніндегі келіссөздердің 13 раундын өткізді.
Әлемді ядролық қарудан азат етуге шақырды
БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясының пікірталас алаңы бұл жолы кедейшілікпен күрес, сапалы білім беру, климаттың өзгеруі секілді тақырыптарға арналды.
Жиынды БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының Президенті Тижжани Мухаммад-Банде ашты. Ол қазіргі таңда әлем елдері кездесіп отырған сын-қатерлермен бірлесіп күресуге шақырды. Сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау БҰҰ-ның басты мақсаттарының бірі екенін атап өтіп, әлем елдері басшыларына күш жұмылдыру қажеттігін айтты.
Жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында сөйлеген сөзінде ол әлемді ядролық қарудан азат етуге шақырды.
«Ядролық қарусыз әлем құру – еліміздің аса маңызды басымдық берген бағыты. Осы ұмтылыс қазақ халқының жалпыұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол бізге ядролық қаруды жоюға қатысты жаһандық қозғалыстың алғы шебінде болуға моральдық құқық берді. Біз ядролық қарудың игілік емес, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп екендігіне нық сенімдіміз. Өкініштісі, бірқатар елдер стратегиялық қорғаныс күштерінде ядролық арсеналға арқа сүйейді, бұл олардың қарсыластарына ассиметриялық жауап беру үшін оны иемдену мәселесін қарауға мәжбүр етеді. Бұл қарымта жауаптың өзі – жаппай қырып-жою қаруы секілді қырғынға апаратын жол», деді Қ.Тоқаев.
Украинамен әріптестікке әзір екенін айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский БҰҰ-ның штаб-пәтерінде кездесіп, екіжақты қарым-қатынас жөнінде келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бірін-бірі өз мемлекеттеріндегі ең жоғары қызметке сайлануларымен құттықтады.
Қазақстан басшысы екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинамен арадағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін, бұл бағыттағы мүмкіндіктер зор екенін айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бір-бірін өз мемлекеттеріне сапармен келуге шақырды.
Қазақстан сенімді көшбасшының қолында
Тәулігіне 1,8 миллион баррель мұнай өндіретін Қазақстан бұрынғы кеңестік елдердегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі. Биыл осы елде жаңа президент сайланғаны белгілі. Таяуда, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады. Енді, ол Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысты.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың кезінде қол жеткізген экономикалық жетістіктерден кейін жаңа қадам қажет. Н.Назарбаев «әуелі экономика – кейін саясат» ұстанымын жариялап, институционалды реформаны кейінге қалдырған-ды. Алайда таяуда елде болған наразылық акциялары өзгерістің уақыты келгенін көрсетеді. 2 қыркүйектегі Жолдауында Қ.Тоқаев азаматтардың демонстрацияға шығу құқығына Конституция кепілдік беретініне тоқталды.
Президент Тоқаев саяси реформасыз экономикалық даму мүмкін емес деп есептейді. Ол көп партиялы жүйені, азаматтардың шағымдарына «құлақ асатын мемлекеттің», соның ішінде Президент әкімшілігінде азаматтардың өтініштерін қарау бөлімін құрудың қажеттігін атап өтті.
Әйтсе де әл-ауқат деңгейі өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Соңғы бес жыл ішінде әлеуметтік қолдау алатын адамдардың саны 77 мыңнан 1,4 миллионға дейін өсті. Бұл – ел халқының 8 пайызы. Осы орайда, кейбіреулер әлеуметтік қолдау алу кезінде табысын жасырғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар көп балалы отбасылар әлеуметтік қолдаудың аздығына наразылық білдірген-ді. Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларға, церебралды сал ауруына шалдыққандарға және көп балалы аналарға қолдауды арттыруды тапсырды.
Құқық реформасы да күн тәртібінде тұр. Тоқаев жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия және әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша қылмыстық қудалауды күшейтуге шақырды. Ол соттарды түбегейлі реформалауға және сотталушылардың құқығын қорғаудың қажеттігін атап көрсетті.
Қазақстан үшін ең үлкен мәселе – «орта таптың кірісін» ұлғайту. Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекеттік компаниялардың санын азайту керек деп есептейді. Бұдан бөлек, микро және шағын бизнесті үш жылға салықтан босатып, пара беруге жағдай жасайтын «тексерістердің» тоқтатылатынын айтты. Негізгі мақсат – 2050 жылға қарай жаппай жұмыспен қамтып, ішкі жалпы өнімнің үлесін 50 пайызға жеткізу.
Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар тартуды, экспортты қолдауды, туризмді дамытуды және ауыл шаруашылығын өркендетуді жоспарлап отыр. Шетелдіктерге жер сатуға тыйым салынды. Әлбетте, мұндай шешімді қазақстандықтар қолдайтыны анық.
Қазақстан қазір сенімді көшбасшысының қолында. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев мұны анық байқатты. Екі рет өз елінің Сыртқы істер министрі және Премьер-Министр қызметін атқарған тәжірибелі дипломат үшін БҰҰ-ның алаңы жақсы таныс. Еуразия жүрегінде жаңа дипломатиялық бастамалар болатынын анық байқадық.
Қазақстан ядросыз әлемді қолдауды жалғастыруда
Италияның Agenparl ақпараттық агенттігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебаттарында сөйлеген сөзіне назар аударды.
«Осыдан жетпіс жыл бұрын Қазақстан кеңес дәуірінде алғашқы атомдық сынақ алаңы болған. Семипалатинск – қазіргі Семей маңында 450-ден астам ядролық құрылғы жарылды. Тоқаев мырза ядросыз әлем құру Қазақстанның ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігі екенін мәлімдеді», делінген агенттік берген ақпаратта.
Агенттік Қ.Тоқаевтың «Біз бұдан былай ядролық қарудың актив емес, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық үшін қауіп төндіретін құрал екеніне нық сенеміз. Өкінішке қарай, кейбір елдер әлі де стратегиялық қорғаныс мақсатында ядролық қаруға сенім артады. Осылайша ол елдер қарсыластарын жаппай қырып-жою қаруларын сатып алу мүмкіндігін қарастыруға итермелейді. Қазақстан үлгі ретінде осы жағдайды өзгерту үшін табанды жұмыс істейді» деген сөзін келтірген.
Agenparl Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуынан бөлек, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрғанын сөзге тиек еткен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударатынын айта келе, елімізде Сирия дағдарысын талқылау мақсатында Астана процесінің 13 раунды өткенін атап өтті. Ал террорлық әрекетке қарсы жүргізілген іс-шара барысында Қазақстан мен серіктестері арнайы гуманитарлық операциямен Сирияның соғыс аймағынан 600-ге жуық азаматты құтқарғанына да тоқталған.
Агенттік ақпаратты Мемлекет басшысының «Біз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз және әлем елдерін осындай қадам жасауға шақырамыз» деген сөзімен қорытындылаған.
Қазақ Президенті АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен кездесті
The Times of Central Asia Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесумен басталғанын жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өткені айтылды.
«Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестеріне энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар етті. Ауыл шаруашылығы және жоғары технология салалары бойынша өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды», делінген ақпаратта.
Менің формулам – күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет Eurasia Diary БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуіне тоқталды. Президенттің «Қазақстанның саяси жүйесіне қатысты формулам – күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкіметтен тұрады. Аталған басымдықтар халқымыздың сұранысына жауап беретініне және еліміздің бейбіт болашағына апаратынына сенімім мол» деген сөзін келтірген ақпараттық портал.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының мақсаты – миллиондаған қазақстандық үшін реформалар мен инклюзивті қоғамның артықшылықтарын қамтамасыз ету екендігі айтылған. Оған қоса, портал Президенттің елдегі құқық қорғау органдарында орын алған өзгерістер туралы баяндағанын және заңның барлық салалар мен азаматтардың күнделікті өмірінде үстемдігін қолдауға уәде бергенін келтірген.
Қазақстанға сапармен келуге шақырды
БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында Қазақстан басшысы «Bloomberg» ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумбергпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен «Bloomberg» ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әлемдік экономиканың күн тәртібіндегі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін «Bloomberg» Жаһандық бизнес-форумының маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте, Президент алдағы іс-шара жұмысына Қазақстанның атынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысатынын айтты», дейді Elgezit.kz сайты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Блумбергке Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, америкалық бизнесменді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Майкл Блумберг кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, қазақстандық әріптестерімен өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Блумбергті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Шолуды әзірлеген
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»