Еліміздің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығына үлес қосу баршамыздың асыл міндетіміз болып саналады. Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде ұлттың бірлігі, қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығы маңызды орын алады. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең басты байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету борышымыз деп білемін. Президент Жолдауда елдің бірлігіне, татулығына арнайы тоқталды. «Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра білуіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында», деп атап өтті.
Жолдаудың қазыналы тұсы – елдің рухани болмысын мерейлі ететін әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ұлылық көшінің алтын тұғырындағы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы дәріптелетіндігі.
2020 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осыған орай биыл 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы Жарлық шығарған болатын. Президент бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары да басталып кетті. Президент Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз деп баса айтты.
Президент Жолдауда «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміздің даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», деп атап көрсетті.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің биік болуы оның қоғамның барлық саласында жан-жақты және қарқынды қызмет етуімен тікелей байланысты. Қазақ тілін дамытудың жаңа деңгейі – ендігі кезекте оны ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру функциясын нығайту екенін Президент Жолдауда айқын белгілеп берді.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында шамамен 125-тен астам этнос өкілдері тұрады. Елімізде барлық этностар тілінің, олардың ұлттық құндылықтарының дамуына қажетті жағдай жасалып отыр. Бұл – ұлттық құндылықтардың барлығы «қазақ» деген ұлттың мемлекетқұраушы рөлін бекемдеу үшін, біртұтас қазақстандық жүйесін қалыптастыру үшін жасалынып отырған жағдай екені белгілі. Қазақ тілін дамытудың жаңа бағыттары ендігі ретте оған жаңа дәрежелі қоғамдық функция жүктелуімен байланысты анықталады. Бұл ретте қазақ тілін жаңа бағыттарда зерттеу, қазақ тілін оқытуды, үйретуді алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелеріне сәйкестендіре ұйымдастыру сияқты келелі жұмыстар атқару көзделеді.
Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі мәртебесін дәлелдейтін тарихи фактілерді жинақтап, насихаттау керек. Бұл ата тіліміз – түркі тілінің ХІ ғасырда, Махмұд Қашқаридің «Диуани-лұғат-ат-түрік» кітабында көрсетілгендей, әлемдік тіл болғанын дәлелдеумен басталады.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін толық орындауы үшін тіл саясатында қандай бағыттар анықталуы керек деген мәселені де уақыт оздырмай шешу керек деп санаймыз. Бұл мәселе «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдануы теориялық және практикалық түрде қажет екенін дәлелдейді. Егер қазір арнайы заң қабылданатын болса, қазақтың жаңа жазуға көшуі де, мемлекеттік тіл мәртебесін тағы бір биік деңгейге өсіретін құбылыс ретінде бағаланады. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуының қабылдануын қоғамның дамуынан жеке-дара алмай, елдің тұтас инновациялық дамуының табиғи компоненті ретінде қарастыру және сол арқылы қоғамымыздың заман желінің оң арнасымен биікке өту мүмкіндіктері де көкжиектен айқын танылып отыр. Ол көкжиектер – латын графикасын қолдану төл тарихымызда болғаны және көрші түркі тілдес елдердің латын графикасын қабылдау тәжірибелері.
Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Сол жаңғырту, жаңартудың басында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ана тіліміздің мәртебесін еселей түсетін нақты қадам қажет. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын уақыт жетті. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі әлемдік тілдер қауымдастығындағы орнын, ерекшелігін, артықшылығын түсінікті тілмен, қоғамның әртүрлі топ мүшелері үшін қолжетімді құралдармен айқындап беру қажет. Әлеуметтік имиджін көтеріп, оны беделді саяси, мәдени тұлғалар арқылы насихаттауды бастауымыз керек. Қазақ тілі ең биік саяси мінберлерден, халықаралық ареналардан естілуі қажет.
Осы ретте, біріншіден, мемлекеттік тілдің нормативтік базасын күшейтетін инструменталды әдіснамаға сүйенетін құжат керек, онда мемлекеттік тілдің міндетті қолданылатын ортасы, жағдаяты нақты көрсетіліп, ал қолданылмаған жағдайда арнайы шаралар қабылдау рәсімдері нақты көрсетілу қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді білу парыз дегеннен өсіп кеттік, мемлекеттік тілді білу – міндет! Сондықтан міндеттейтін шараларды жетілдіруіміз керек. Президент заңдарымыз тым либералды деп айтты. Тілге қатысты заңдарымыз да тым жұмсақ. Соның салдарынан мемлекеттік тілге деген енжар көзқарас, салғырт қатынас тыйылмай келеді. Жауапкершілік бар жерде іс жүреді.
Сондықтан Мемлекет басшысының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған тапсырмасын орындауға ел болып жұмыла кірісуіміз керек.
Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас құралына айналуы ел үшін, тіл үшін, әрбір қазақ пен әр қазақстандық үшін игілік болып табылады. Осынау игілікті қолданудың кілтін Президенттің Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөзі айқын көрсетеді.
Ғалымжан МЕЛДЕШОВ,
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы