Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл тарихи-мәдени нысандар қазір мемлекет қарауында.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шара Атырау аймағындағы киелі жерлерді дәріптеуге, суретшілердің өзара ынтымақтастығын нығайтып, тәжірибе алмасуларына жағдай жасауға бағытталған. Қылқалам шеберлерін де плэнердің тақырыбы қызықтырды, олардың арасында Жылыой жерінің кең жазира даласын, «Киелі жерлер географиясына» енген нысандарды салғандар, сондай-ақ Жем өзенінің қазіргі қиын ахуалын сурет арқылы көрсеткендер де болды, – дейді Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
Плэнер жұмысына қатысушылардың бірі – Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов. Композитор, өнер зерттеушісінің тағы бір қыры – ол тамаша суретші. Тіпті жасы 70-тен асқанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері және дизайн мамандығы бойынша білім алды. Аймақта өтетін суретшілерге байланысты шаралардың бәріне белсенді қатысатын Илья Жақанов: «Жібек жолы өткен қасиетті жердің топырағын басып, Жем өзенінің жағасында шығармашылықпен айналысу, осы киелі нысандарды қағаз бетіне түсіру ерекше әсер сыйлады», дейді.
Суретшілердің шығармашылық жұмыстарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ал плэнерде салынған суреттер облыстық музейдің сәнін келтіріп тұратын болады.
АТЫРАУ