Руханият • 26 Қыркүйек, 2019

«Алаш алқасы» жастар клубының кезекті жиыны өтті

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және №48 мектеп-лицейімен бірлесе отырып  «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интеллектуалды жастар клубының кезекті жиынын өткізді. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алаш алқасы» жастар клубының кезекті жиыны өтті

Жиынның №48 мектеп-лицейінде өтуі себепсіз емес. Іргелі оқу ордасы атауын Алаш қайраткерінің есіміне ауыстыруды талайдан қозғап келеді. Сонымен қатар ұлт ұстазының шағын мұражайы да осы мектепте орын тепкен.

«Біз жыл сайын Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Соның бірі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесе өткізіп жүрген конференциялар, ақын шығармашылығына арналған байқаулар және осындай кездесулерді айта аламыз. Мектебімізде Ахметті тануға ұмтылып жүрген оқушылар көп. Олар жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыстан орындар алып жүр. Ендігі арманымыз мектебімізге ұлт ұстазының есімі берілсе дейміз. Бұл арқылы біз балалардың бойына елжандылық пен ұлттық рухты сіңіргіміз келеді», деді №48 мектеп-лицей директорының орынбасары Алтын Момысқызы.

Кездесуде Ербол Тілешов, Бекжан Әбдуәлі, Сағымбай Жұмағұл, Ұлан Еркінбай сынды алаштанушы ғалым-зерттеушілер мен ақынның аталас ұрпағы Азамат Нұрланұлы оқушылардың көкейтесті сұрақтарына жауап беріп, ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Өз кезегінде оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқып, Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері топтастырылған естелік сыйлықты мектеп мұражайына тарту етті. Ал жас зерттеуші Базарбай Сымбат қайраткер шығаршылығын зерттеуді қолға алып, алдағы жұмыстары үшін аға буындарынан ақыл сұрай келіпті. Балғынның жас талабына риза болған ел ағалары ғылым жолына енді келген Сымбаттың қадамына құт тілеп, баталарын берді.

1

«Осымен 3-ші рет өткізіліп отырған іс-шарамыздың негізгі мақсаты - ұлт мұраты, мемлекетті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу, дәріптеу. Жоба «Жастар жылы» аясында жүргізіледі. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» арқылы ел мұраты хақында, тұтастық пен бірлік арқылы ұлттық рухты жаңғыртуға үлес қосу. Бұған дейінгі өткен кездесулеріміздің тақырыбын Әлихан Бөкейханұлына, Абай Құнанбайұлына арнадық. Соның нәтижесінде Ә. Бөкейхан атындағы мұражай ашылды, Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында мектепке аты берілді. Бұл - біз бағындырған белестің басы ғана. Алдағы уақытта да осындай жиындарымызды көбейтпекпіз», деді «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай.  

Шара соңында ғалымдар бұл жиынның ауқымын кеңейтіп, Ахмет тұрғысындағы зерттеулерді көбейту жөнінде мәмілелесті. Сонымен қатар жастардың да талабын ұштайтын шараларды ұйымдастыруға бастама көтерді.

 

 

Соңғы жаңалықтар